Әлемді әуеден шарлау: алғашқы авиа-круизге қалай қатысуға болатыны анықталды

1459

23 күндік жаңа элиталық туризм форматы бір-бірімен үйлеспейтіндей көрінетін бағыттарды тоғыстырады: Америка, Египет, Корея, Қытай, Занзибар және Францияның Көгілдір жағалауы.

Әлемді әуеден шарлау: алғашқы авиа-круизге қалай қатысуға болатыны анықталды Фото: euronews.com

Миллиардерлерге арналған жаһандық саяхаттың құны – 119 миллион теңге

Алып круиздік лайнерлердегі дәстүрлі демалысқа күтпеген жерден жаңа бәсекелес пайда болды. Алпауыт кеменің VIP бұрышына тығылып, оқшауланған бай-бағыланға лайнердің ығы-жығы жұрт жиналатын ойын-сауық аймақтарын және жолаушыға лық толы порттарды артқа тастайтын кез келді.

Енді қалталы саяхатшыларға дөңгеленген Жер шарын алып ұшақпен аралап, сәні мен салтанаты келіскен қонақүйлерде түнеп, қымбат яхталармен теңізде серуендеп, қарапайым туристің аяғы жете бермейтін айрықша тарихи орындарды оңаша тамашалау мүмкіндігі ұсынылды. Туризмдегі бұл жаңа бағыт "әуе круизі" деп аталуда.

Four Seasons қонақүйлер желісі айрықша демалысты қалайтындарға әлемді шарлаудың тосын үлгісін ұсынды. Бағдарлама бойынша 23 күн ішінде бірнеше құрлықтағы 12 бағытқа аялдау көзделген. Саяхат маршрутына әлемге әйгілі туристік орталықтармен қатар, көпшілік біле бермейтін көрікті мекендер де енгізілді. Ұйымдастырушылар күнделікті туристік сапарларда кездесе бермейтін ерекше әсер мен ұмытылмас сәттерді сыйлауға ниетті, деп жазды inbusiness.kz.

Coastlines & Culture деп аталатын жаңа бағдарлама жарияланды. Бұл – арнайы жабдықталған Airbus A321neo-LR ұшағымен әлемді 23 күнде айналып шығуға арналған саяхат. Ұзақ қашықтыққа тоқтаусыз ұша алатын лайнер "аспандағы сарайға" айналдырылған. Ұшақ салонындағы үйреншікті орындардың орнына небәрі 48 жолаушыға арналған кең әрі жайлы кеңістік жасалыпты.

Ғаламшарды айналатын әуе круизі 2028 жылғы 6–26 мамыр аралығына жоспарланған. Ұшақта бар болғаны 48 орын бар. Бір адамға арналған билеттің бастапқы бағасы – 238 000 еуро. Сапар таяған сайын құны да қымбаттай береді.

Саяхат АҚШ-тың Сан-Франциско қаласынан басталады. Одан әрі бағыт Оңтүстік Кореяның Сеул қаласы, Қытайдың Ханчжоу мен Шанхай қалалары, Шри-Ланка, Занзибар, Мысырдың Шарм-эш-Шейх курорты, Францияның Көгілдір жағалауы арқылы өтеді. Француз Ривьерасында Кап-Ферра түбегі мен Канн қаласына аялдау жоспарланған. Ал, жаһанды шарлаған ығай мен сығайдың сапары Англияның Гэмпшир графтығында аяқталады.

Бағдарлама Тынық және Үнді мұхиттарының, Қызыл және Жерорта теңіздерінің айдындарын қамтиды. Бірақ ұйымдастырушылар жолаушыларға әдеттегі экскурсияларға ұқсамайтын мазмұнды демалыс ұсынатынын мәлімдеді. Әр қатысушының қызығушылығы мен талғамына сай мәдени бағдарламалар, түрлі сала сарапшыларымен кездесулер, кеңес алу және көпшілікке қолжетімді емес тарихи нысандарға арнайы сапарлар ұйымдастырылады.

Сеулде саяхатшылар Оңтүстік Кореяның рухани дәстүрлерімен сусындап, Чингванса ғибадатханасына барады. Ханчжоуда Мэйцзяву шай плантациясында арнайы шай рәсімі өткізіліп, ежелгі Цзиньшань ғибадатханасына экскурсия жасалады. Шанхайға тұтас бір күн арналады: жолаушылар алып мегаполистің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін жолбасшы сарапшы Патрик Кранлимен бірге зерттейді.

Шри-Ланкада саяхатшылар Цейлон даршынының өндірілу үдерісін бастан-аяқ тамашалайды. Яғни, өнімді жинаудан бастап, даршын таяқшаларын дайындау мен хош иісті май алуға дейінгі барлық кезеңмен танысады. Бұдан кейін ұшақ жолаушыларды Занзибарға жеткізеді. Мұнда олар суахили халқының мәдениетімен және дәмдеуіштер саудасына қатысты көне дәстүрлерімен танысады.

Келесі аялдама – Шарм-эш-Шейх. Онда әуе круизі теңіз саяхатына ұласады: жолаушылар ұшақтан түсіп, бірнеше қабаттық VIP-яхтаға мінеді, Мысырдың Қызыл теңіз жағалауын аралауға аттанады.

Француз Ривьерасында қонақтарды Grand-Hôtel du Cap-Ferrat, A Four Seasons Hotel қонақүйлері күтіп тұр. Одан кейін тағы бір яхталық серуен ұйымдастырылады. Бұл жолы бағыт – әлемдік кинематография мен дәулетті өмірдің символына айналған Канн қаласы.

Саяхаттың соңғы кезеңі Англияда өтеді. Ла-Манш бұғазы арқылы қысқа әуе сапарын жасаған жолаушылар Four Seasons Hotel Hampshire қонақүйіне орналасады. Бағдарламаның шарықтау шегі – бір кездері король VIII Генрихтің резиденциясы болған Хэмптон-Корт сарайына көпшілікке жабық сапар болуға тиіс.

Сапар бойындағы жайлылық пен қауіпсіздікке жеке консьерж, бас аспаз және дәрігерлер тобы жауап береді. Олар бүкіл маршрут бойы жолаушылармен бірге жүреді. Осындай ауқымды қызмет көрсету жүйесі қарапайым әуе тасымалын клиенттің кез келген қажеттілігі алдын ала ескерілетін айрықша сервис деңгейіне көтереді.

"Coastlines & Culture бағдарламасында бір ғана сапар алғаш рет бұрын ешқашан бірікпеген туристік бағыттарды қатар қамтитын болады. Сондай-ақ қонақтарымызға өздері ойламаған ерекше әсерлерге жол ашамыз", – деді Euronews басылымына компанияның атқарушы вице-президенті Марк Спайхерт.

Аспандағы сән-салтанат – жердегі экологиялық апат: жеке әуе круиздерінің көлеңкесі

Әрине, Four Seasons әуе круизін ойлап тапқан алғашқы компания емес. Бұл нарықта компания 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде осы саяхат түріне қызығушылық қарқынды артып келеді. Өйткені ауқатты туристер енді жай ғана демалуды емес, өзгелерге бұйыра бермейтін ерекше мүмкіндіктер мен әсерді қалайды.

Four Seasons-тің бұл нарықтағы бәсекелестерінің бірі – Abercrombie & Kent компаниясы. Ол да бас аспаздар, дәрігерлер және кәсіби гидтер мен жолсеріктер ере жүретін бірнеше күндік әлемдік экспедициялар ұйымдастырады.

Алайда жаңа сән-салтанаттың жағымсыз қыры да бар. Жеке авиация соңғы жылдары экологиялық дау-жанжалдың ортасынан көрініп жүр.

Communications Earth & Environment ғылыми журналында жарияланған зерттеу нәтижелері жеке ұшақтардың бір жыл ішінде атмосфераға кемінде 15,6 миллион тонна көмірқышқыл газын (CO₂) шығарғанын көрсетті. 2019 жылдан бері бұл көрсеткіш 146 пайызға өскен. Яғни, бірер адамның ғана саяхаты қоршаған ортаға үлкен залал келтіреді.

Халықаралық таза көлік кеңесі (ICCT) де үрейлі деректерді ұсынды. Ұйымның зерттеуіне сәйкес, бір жеке ұшақ жылына орта есеппен 810 тонна парниктік газын шығарады. Бұл – жүздеген жеңіл автокөліктің атмосфераға тарататын зиянды шығарындыларымен шамалас.

2023 жылы миллионерлер мен миллиардерлердің жеке авиациясының жиынтық климаттық ластауы Лондондағы Хитроу әуежайынан ұшып шыққан барлық ұшақтың шығарындыларынан да асып түскен!

Тіпті VIP-ұшақтағы барлық орын толық сатылған күннің өзінде, жеке лайнердің табиғатқа келтіретін зияны жүздеген жолаушыны тасымалдайтын кәдімгі әуе кемесімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Оның үстіне, жолай жасалатын қаптаған аялдама, яхтамен серуендеу және қосымша әуе сапарлары экспедицияның жалпы көміртек ізін одан әрі зорайтады.

Бұған қоса, әуе круиздерінің жарнамалық буклеттерінде айтыла бермейтін тағы бір шындық бар. Ұшақтың салоны қанша жерден сәнді болғанымен, ол бәрібір – машина. Турбулентті сілкіністер, техникалық ақаулар, авариялық шұғыл қону қаупі, тіпті апаттар джеттерде жиі кездеседі.

Delta әуе компаниясының Солт-Лейк-Сити – Амстердам бағыты бойынша ұшқан рейсі Вайоминг штатының үстінде қатты турбуленттілікке тап болды. Оқиғадан кейін ұшақ Миннеаполис қаласына бағытталып, шұғыл қонуға мәжбүр болған. Салдарынан 25 адам ауруханаға жеткізілді.

Тергеу деректеріне сәйкес, қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушылар мен ұшақ салонындағы бекітілмеген жабдықтар қатты сілкініс кезінде төбеге соғылған. Ендеше ешқандай премиум-сервис ұшу физикасының заңдарын өзгерте алмайды.

Соған қарамастан, мұндай саяхаттарға деген сұраныс азаяр емес, керісінше, артып келеді. Four Seasons компаниясы 2027 жылға арналған бірнеше бағдарламасын ұсынып үлгерді. Олардың арасында International Intrigue (3–23 наурыз), New World Icons (26 наурыз – 14 сәуір), World of Adventures (10 тамыз – 2 қыркүйек), Ancient Explorer (3–25 қыркүйек) бар. Соңғы бағытқа Үлкен тосқауыл рифі, Пасха аралы және Гиза пирамидалары енгізілген.

Осылайша, әлемді аралаудың жаңа дәуірі басталды. Бұрын круиздік кемелермен теңіз үстінде саяхаттауды сән-салтанаттың шыңы санасақ, енді ауқатты өмірге шалқығандарға арналған әуе экспедициялары сол ұғымның аясын кеңейтіп жатыр. Бірақ бір адамның айрықша жайлылығы үшін табиғатқа тым салмақ салу қаншалықты орынды?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу