Әлемдегі мұнай компанияларын басқаратын қазақ қыздары анықталды

21626

Олар тіпті дамыған елдердегі еркек жұмысшылардан 100 есе көп айлық алатын көрінеді.

Әлемдегі мұнай компанияларын басқаратын қазақ қыздары анықталды Фото: canva.com

Қазақ жерінен қара алтынның өндіріле бастағанына биыл 125 жыл толмақ. Сонау 1899 жылғы 13-18 қарашада Оңтүстік Ембідегі Қарашұңғыл шатқалында тұңғыш мұнай фонтаны атқылай бастады. Сонда ескі технологиялармен жер астынан шамамен 25 мың тонна жеңіл мұнай шығарылды. Осылайша, Қазақстанның мұнай байлығын игеру тарихы бастау алды.

Салыстырсақ, 2023 жыл қорытындысында республика шамамен 90 миллион тонна мұнай мен газ конденсатын өндіріп, оның 70,5 млн тоннасын жаһандық нарыққа сатты.

Сонымен бірге Қазақстан әлемге білікті мамандар сыйлауда. Бүгінде майталман қазақстандық мұнайшы мамандарға бүкіл әлемде сұраныс үлкен.

Осы орайда, 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық мейрамы қарсаңында мұнай-газ саласындағы стратегиялық серіктестікті дамыту жөніндегі кеңес – PetroCouncil осы секторда, дүниежүзіндегі жетекші компанияларда басқарушы лауазымдарда жұмыс істейтін қазақстандықтарды атады.

"Тәуелсіздік жылдарында біздің отандастарымыз халықаралық мұнай-газ жобаларында және алпауыт компанияларда жоғарғы тұғырларға дейін биіктей алды. Осының бәрі Қазақстанның азаттық алуының арқасы. Соның нәтижесінде елімізге озық елдердің трансұлттық компанияларының, ірі инвесторларының келуінің және Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Доңға кен орындарының игерілуінің нәтижесі. Ұлттық кадрлар осы жобаларда орасан зор тәжірибе жинады және қазіргі кезде әлемдік мұнай-газ саласында, шетелдік ірі компанияларда жауапты лауазымдарды абыройлы атқарып жүр", – деп түсіндірді аталған кеңес сарапшылары.

Бұл ретте inbusiness.kz әлемдік мұнай секторын ауыздықтаған атқамінер қазақ айымдарына толығырақ тоқталып, оларды өз халқына таныстыра кетуді жөн көрді.

Ұлттық мұнай-газ сервисі қауымдастығы сарапшыларының мәліметінше, атағы әлемге мәшһүр алып мұнай-газ компанияларында биік лауазымдар атқаратын қазақстандықтардың жалақысы 7-10 миллион долларға дейін баруы мүмкін. Бұл Қазақстан түгіл, ауқатты Батыс елдеріндегі жұмыскерлердің орташа жалақысынан жүз еседей көп.  

Үкімет жағдайын жасаса, лайықты қызметті ұсынса, Еуропада, Америкада, Азияда және Африкада еңбек етіп, жаһандық мұнай секторының жүгін көтеріп жүрген нәзік болмыс иелері – қазақ қыздары бәлкім, болашақта елге оралып, Қазақстанның өркендеуіне үлесін қосуы да ықтимал.

Мәдина Крабб, Shell компаниясының қаржы жөніндегі вице-президенті, Доха, Қатар

Мәдина вице-президент, қаржылық директор лауазымдарының асқаралы асуына қажырлы еңбегінің арқасында көтерілді. Оның қара алтын мен көгілдір отынды барлау, өндіру және осы салада сервистік қызмет көрсету бағыттарындағы халықаралық жұмыс өтілі 23 жылдан асады.

Ол көптеген миллиард долларлық қаражатты және жобаларды басқару, инвестициялар тарту, мәмілелерді жоғары дәрежеде дәл бағалау, резервтерді, тәуекелдерді лайықты басқару сияқты таптыра бермес мол дағды-машықтарға ие тұлға. Сонысымен аса құнды кадр саналады. Алпауыт Shell өзге бәсекелестері шақырып алмауы үшін қазақ маманына бар жағдайын жасаса керек.

Компания Мәдинаға стратегияларды әзірлеу, жоспарлау, өнімділікті басқару және трансформациялар мен өзгерістер бағдарламаларын жүзеге асыру сияқты жауапкершілік жүгі зор міндеттерді сеніп тапсырды.

Ол QatarEnergy LNG NFE2, NFS1 жобаларында директорлар кеңесінің директоры болып табылады.

Қарлығаш Иманбаева, TotalEnergies компаниясының Солтүстік Америкадағы сұйытылған табиғи газ активтері жөніндегі басшысы, Хьюстон, АҚШ

Қарлығаш Оксфордтық Брукс университетінің MBA ғылыми дәрежесіне, Global Executive MBA дәрежесіне және INSEAD халықаралық директорларды даярлау бағдарламасының сертификатына ие.

Энергетикалық сектордағы халықаралық тәжірибесі 25 жылдан асады. Ол бизнес пен технологияны дамыту саласындағы көшбасшы саналады.

Қазақстан билігі 2060 жылға дейін көміртек бейтараптылығына қол жеткізуге, ауаны көп ластайтын қазба отыннан қуат өндіруден бас тартуға халықаралық міндеттеме қабылдағаны мәлім. Осы орайда Қарлығаштың ел Үкіметінің ынта-ықыласын аударарлық қасиеті бар.  Ол сұйытылған газдың және жаңғыратын қуат көздерінің көмегімен жасыл энергияға көшу идеялары мен жобаларын ілгерілетіп келеді.  

TotalEnergies компаниясының Солтүстік Америкадағы активтерін уысында ұстаған менеджер ретінде Қарлығаш газ секторындағы портфельдік жобалар тізімін кеңейту немесе оңтайландыру мәселелеріне жетекшілік етеді. Бұл тұрғыда ол газ инфрақұрылымы, электр энергиясын өндіру, ESG (экологиялық, әлеуметтік, корпоративтік басқару) салаларында бұрын жинаған тәжірибесін де қажетке жаратады.  

Бұған дейін Қарлығаш дамушы нарықтарда газ және соған негізделген жаңа объектілерді салу бойынша бірқатар жобаларға басшылық етті. Сол арқылы үкіметтер мен халықаралық компаниялар арасындағы байланыс пен стратегиялық серіктестікті қамтамасыз етті.

Жанар Дрейзиг, TotalEnergies Renewables даму жөніндегі директоры, Копенгаген, Дания

Жанардың TotalEnergies компаниясында жұмыс істегеніне 8 жылдан асты. Ол Францияны астанасы Парижде Offshore Wind компаниясының арнайы кеңесшісі, бизнесті дамыту мен тендерлер бойынша аға директоры қызметтерін атқарды.

Одан бұрын ол Maersk Oil компаниясында 14 жыл түрлі қызметтер атқарды. Оның  еңбекқорлығы сүйсінтеді. Жанар дүниені шарлап, еңбек мобильділігінің үздік үлгісін паш етіп, Қазақстанда, Гренландияда, Норвегияда, тіпті тынышсыз аймақтарға жататын Ирактағы Күрдістанда, Ливанда, Кенияда және Қатарда жобаларды жүзеге асырған топтарда жұмыс жасады. Енді мансабының бір биік шыңына көтеріліп отыр.

Жұлдыз Ғалиақпар, Qatar Shell GTL Limited Cо компаниясының әлеуметтік қызмет және әлеуметтік инвестициялар жөніндегі менеджері, Доха, Қатар

Жұлдыз – әлеуметтік мәселелерді, соның ішінде ереуіл сияқты шиеленісті жағдаяттарды шешудің шебері көрінеді. Ол Еуразия Ұлттық университетін және Роттердам университетінің Әлеуметтік зерттеулер халықаралық университетін бітірген. Соңғысында білім алу арқылы даму зерттеулері саласындағы магистр дәрежесін иеленді.  

Жұлдыз сондай-ақ қоғамдастықпен өзара іс-қимыл, мұқтаждықтарды бағалау, ықпал-қысымды басқару, әлеует-потенциалды өрістету сияқты бірегей машықтарға ие екен. Әртүрлі жылдары ол жеке секторда, Бельгияның Қазақстандағы елшілігінде, ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы орталығында және басқасынде еңбек етті.

Отандық мұнай-газ саласында ол "Шелл Қазақстан" компаниясында кеңесші болып 7 жыл жұмыс істеген.

Бибігүл Ахметова, италиялық Eni ірі мұнай-газ компаниясының коммериция және келіссөздер бөлімінің басшысы, Басра, Ирак

Бибігүл Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін, сондай-ақ Хериот-Уатт университетін бітірген.

Өз мансабын 2003 жылы Ақсайда техникалық аудармашы болып бастады. 10 жылдан астам уақыт бойы Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг (ҚПО) мұнай-газ консорциумында, маркетинг бөлімінде қызмет етті. Бұдан бөлек, Agip Karachaganak B.V. компаниясының тасымал мен маркетинг жөніндегі менеджері болды.

Бірнеше тілде еркін сөйлеуі, шешендігі арқасында Eni-дің Миландағы кеңсесіне келіссөздер жөніндегі аналитик лауазымына ауысты. Ал 2020 жылы Eni Ghana E&P Ltd-ның газ жөніндегі менеджері лауазымына дейін жоғарылады.

Раушан Баетова, North Oil Company бұрғылау жөніндегі инженерлер тобының басшысы, Доха, Қатар

Раушан Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетін және Лондонның Империялық колледжін тәмамдаған. Мұнай-газ ісінің магистрі дәрежесіне қол жеткізді.

Еңбек жолын Maerk Oil компаниясында бастап, сонда 6 жыл бойы түрлі қызметтерді атқарды. Атап айтқанда, қазақ қызы жұмысы жүйке жұқартып, тән шаршататын бұрғылау алаңының инженері, бұрғылау инженері сияқты қызметтерде қажырлылықпен, біліктілікпен жұмыс істеп, өзін керекті, білікті маман ретінде таныта алды.  

Раушан – 2017 жылдан бері Қатардағы North Oil Company компаниясында бұрғылау жүргізетін инженерлердің халықаралық тобын жоғары дәрежеде басқарып келе жатқан майталман маман.

Зарина Дүйсенғұлова, Qatar Shell GTL Limited Cо. корпоративтік басқару және логистика сатып алулары тобының басшысы, Доха, Қатар

Зарина Ұлыбританияның Манчестер университетін заңгерлік мамандығы бойынша бітірген. Карьерасын штаб-пәтері Лондонда  орналасқан Denton Wild Sapte халықаралық заңгерлік фирмада кіші  заңгер лауазымында бастады. 2010 жылғы қыркүйекте бұл компания америкалық Sonnenschein Nath&Rosenthal фирмасына қосылып, қайта құрылымданды.

Осыдан кейін халықаралық құқық пен заңға жүйрік Зарина әртүрлі жылдары Shell-дің Австралиядағы, Ресейдегі және Канададағы бөлімшелерінде жұмыс істеді, мәмілелерге, контрактілерге, логистикаға жауап беретін маман дәрежесіне жетті. Ал 2016 жылдан бастап, Qatar Shell GTL Limited Cо. инженерлері тобының тізгіні қазақ қызына сеніп табысталды.

Әрине, әлемде әрқилы салада биік лауазымдарға ие болып, адал, абыройлы еңбек етіп, табысқа жетіп жүрген Ұлы дала аруларының тізімі мұнымен бітпейді. Олардың бәрін – Атамекені ардақ тұтады, мақтан етеді. Біз оларға мансабында ары қарай жоғары көтеріліп, әр ісінде табысқа жетуін, сөйтіп, қазақ атын асқақтата беруін тілейміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу