Әлемдегі жағдайдың теңгеге теріс әсері – премьер-министр шешімін айтты

4282

Биыл мемлекеттен қолдау алған кәсіпорын иелері жұмысшылардың жалақысын көтереді, кооперация мен отбасы шаруашылықтарын дамытуға күш салынады және теңгемен салынған депозиттерге сыйақы беріледі. 

Әлемдегі жағдайдың теңгеге теріс әсері – премьер-министр шешімін айтты

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов әлемде болып жатқан жағдайға байланысты халықтың алаңдаушылығы орынды екенін айтады. "Сөзсіз, бұл жағдай біздің экономикамызға да әсер етпей қоймайтыны түсінікті", деді ол бүгінгі үкіметтің жалпы отырысында. 

Премьер-министр үкімет мүшелері бірнеше күннен бері кеңесіп, шығарған шешімін толығырақ айтып берді.

"Үкімет пен Ұлттық банк бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруға кірісті. Жоспар инфляцияны бақылауда ұстауға, валюта нарығында тұрақтылықты сақтауға, жұмыспен қамтуды қолдауға  бағытталып отыр. Жаңа жұмыс орындарын құру мен кәсіпкерлікті дамытуға арналған шаралардан тұрады", – дейді премьер-министр. 

Айтуына қарағанда, қаржы нарығы мен теңгемен салынған депозиттердің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін үкімет Ұлттық банкпен бірлесе отырып, "теңгелік салымдарды қорғау" бағдарламасын іске асырады. Оған сәйкес, тенге депозиттер бойынша сыйлық ақы қосу көзделген. 

Ал бағалардың өсуіне жол бермеу үшін Үкімет, Ұлттық Банк және "Атамекен" кәсіпкерлік палатасы бірлесіп, инфляцияны бақылау және төмендету бойынша жаңа шаралар кешенін қабылдаған.

Биыл "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасын қаржыландыру, оның ішінде, субсидиялау мен кредиттерге кепілдік беру ұлғайтылады. Бизнеске шамадан көп әкімшілік жүктемені жою көзделіп отыр. Мемлекеттік органдардың реттеушілік актілері  қайта қаралады. "Ауыл – ел бесігі", өңірлерді дамытудың кешенді жоспарлары және басқа да бағдарламалар аясында    республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді.

Отандық өнеркәсіпті дамыту үшін инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы импорттық тауарларды алмастырудың  маңызы ерекше.

"Бұл орайда мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын өсіруге міндеттеме алады", – деді премьер-министр.   

Ол агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін субсидиялау жүйесінің жаңа тәсілдері әзірленіп жатқанын айтады. Қосымша ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылығы кооперациялары мен отбасылық шаруашылықтарды дамытуға жағдай жасалады. Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған жобалар басым түрде қолдауға ие болады.  

"Осы және басқа да шаралар биылғы жылы қабылданады. Оларды іске асыру үшін Үкімет барлық күш-жігерін жұмсайды деп сендіремін", – деп уәде берді министрлер кабинетінің жаңа басшысы Әлихан Смайылов.    

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу