Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Қазақстанға келеді

187

Рыбакина жас спортшылармен кездесіп, жанкүйерлерімен жолығады. 

Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Қазақстанға келеді Фото: ҚТФ

Әлемнің бірінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Астана мен Алматы қалаларына келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның Қазақстанға сапары АҚШ ашық чемпионатындағы тарихи жеңісі мен WTA әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілуінен кейін жүзеге аспақ.

Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, бір апталық сапары аясында Рыбакина балаларға шеберлік сабақтарын өткізіп, өз тәжірибесімен бөліседі және жанкүйерлерімен кездеседі.

Сонымен қатар, спортшы Цинциннатиде өткен WTA 1000 санатындағы турнирде алған Ахилл сіңірінің жарақатына байланысты медициналық тексеруден өтеді. Дәл осы жарақаттың салдарынан Елена аталған турнирдің ширек финалдық кездесуіне қатысудан бас тартуға мәжбүр болған еді. Аяғындағы жарақат US Open-2026 турнирі кезінде де қазақстандық теннисшіні мазалауын жалғастырды. Алайда Елена жарақатына қарамастан, турнирдің шешуші матчтарын ауырсынуды басатын дәрілердің көмегімен өткізіп, чемпиондық титулды жеңіп алды.

Бұған дейін Рыбакина Wimbledon-2022 және Australian Open-2026турнирлерінің чемпионы титулдарын жеңіп алған. АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісі арқылы ол Қазақстан қоржынына жекелей сында үшінші "Үлкен дулыға"жүлдесін әкеліп, еліміздің атын әлемдік теннис тарихына жазды.

Жаттықтырушылар штабының мәліметінше, Рыбакинаның емделуі мен толық қалпына келуіне кемінде екі апта қажет. Осыған байланысты спортшы Қытайда өтетін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне қатыса алмайды. Алдағы уақытта Еленаның басты мақсаты – денсаулығын қалпына келтіріп, толыққанды жаттығу процесіне оралу.

Елена халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғауды мақтан тұтатынын талай рет атап өткен. Оның жетістіктері отандық теннис үшін ерекше маңызға ие. Ал US Open турниріндегі жеңісі мен әлемдік рейтингтің көш басына шығуы Қазақстан спорты тарихындағы маңызды белеске айналды.

Айта кетейік, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина US Open турнирінің чемпионы атанды. Финалда Рыбакина кейінгі екі жылдың жеңімпазы Арина Соболенконы үш сетте – 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу