Әлеуметтік желілерді бұғаттау қанша тұрады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2949

Қазақстанда кейбір мессенджерлер мен әлеуметтік желілер жұмыс істемей тұр.

Әлеуметтік желілерді бұғаттау қанша тұрады

Соңғы күндері Қазақстанда әлеуметтік желілерге кіру мұң боп тұр. Кейбір мессенджерлер мен әлеуметтік желілер дұрыс жұмыс істемейді. Мәселен, дәл қазіргі уақытта қолданушылар WhatsApр мессенджеріне кіру мүмкін емес екенін айтып, дабыл қағуда.

Өздеріңіз байқағандай, әлеуметтік желілердің бұғатталуы соңғы екі-үш күнде ерекше белең алды. Айталық, сейсенбі, яғни кеше кешкісін әлеуметтік желілер бұғатталды. Бұл жағдай бүгін, яғни сәрсенбінің таңына дейін жалғасты. Атап айтқанда, Facebook әлеуметтік желісіне, Telеgram және WhatsApр мессенджерлеріне, Instagram мен Youtube хостингіне кіру мүмкін болмай қалды.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа да өңірлердің тұрғындары әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысына қатысты шағымдануда.

Еске сала кетейік, 9 маусым сайлау күні ұялы байланыс жұмысында да кедергілер болды. Сондай-ақ бұл күні әлеуметтік желілер бұғатталды. Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының ғимаратында, Нұр-Сұлтан қаласының оң жағалауында ұялы байланыс пен әлеуметтік желілер дұрыс жұмыс істемеді. Сайлау учаскелерінде болған журналистер де Facebook пен Telеgram-ға қатысты проблемалардың туындағанын айтты. Сол секілді Алматының орталығында да байланыс бұғатталды.

Бір қызығы, сайлаудан кейін баспасөз мәслихатын ұйымдастырған Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желілердің бұғатталатыны туралы алғаш рет естіп отырғанын айтты. Сондай-ақ бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдарына тиісті тапсырма беретінін мәлімдеген еді. Ал ішкі істер министрлігінің өкілдері байланыс пен әлеуметтік желілердің бұғатталуы ведомстваға қатысты емес екенін хабарлаған еді.

Сонымен қатар дүкендердегі банк карталарын қабылдайтын терминалдардың дұрыс жұмыс істемей тұрғанын да атап өткен жөн.

Әлеуметтік желілер мен ұялы байланыс Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы рұқсат етілмеген митингілерге байланысты бұғатталуы мүмкін.

Айтпақшы, COST ұйымның дерегіне сүйенсек, Facebook, Twitter, Instagram, WhatsApр, Youtube желілерін бір сағатқа бұғаттау 2 млрд 670 млн теңге тұрады екен. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу