Алғашқы айқас

1000

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеуді наурыз айында Астана қаласында Словения құрамасына қарсы ойынмен бастайды. 

Алғашқы айқас

Қос ұжым өзара бұрын-соңды кездеспеген, осы ретте біздің ұлттық құрамамыз үшін бейтаныс Словения құрамасының тарихына көз жүгіртіп өткен болатынбыз. Словения құрамасының алғаш қатысқан ірі доп додасы – 2000-жылғы Бельгия және Нидерланд жерінде өткен Еуропа чемпионаты. Бұл жарыста сәтсіз өнер көрсеткен Словения құрамасы өз тобында соңғы орынды иеленген. Сондай-ақ Словения құрамасы 2002-жылы Оңтүстік Корея мен Жапония және 2010-жылы Оңтүстік Африка жерлерінде өткен Әлем біріншіліктеріне қатысып, топтық кезеңнен әрі аса алмаған. Ең қызығы Словения құрамасы қатысқан бұл үш ірі доп додасында өзіндік ерекшеліктері бар.
Атап айтсақ, 2000-жылғы Еуропа біріншілігін тарихта алғаш рет екі мемлекет бірлесе өткізген, ал 2002-жылғы Әлем чемпионаты тұңғыш рет Азия құрлығында өткен сондай-ақ Әлем чемпионаттары тарихында алғаш рет қос мемлекет тізе біріктіре отырып ұйымдастырылған жарыс болып есептелінеді. Словенияның кейінгі қатысқан 2010-жылғы Әлем чемпионаты тарихта тұңғыш рет Африка құрлығында өткен доп додасы болып тіркелген. Қазіргі таңда Матьяж Кек баптайтын Словения құрамасы өздерінің жұлдызды ойыншыларына сенім артатыны анық.

Құрама сапында ең беделді ойыншысы – қашпашы Ян Облак екені рас. Словения құрамасы 19 жасар "Ред Булл Зальцбург" командасының шабуылшысы Беньямин Шешкоға үлкен үміт артып отыр, ол жастығына қарамастан Словения құрамасы үшін 16 ойын өткізіп 5 гол соғып үлгерген. Словения құрамасы ФИФА рейтингінде 62-орынға жайғасқан десе де соңғы өткізген ресми 10 ойынын сүреңсіз өткізген. Олар небәрі 3 рет қарсыластарынан басым түсіп, 5 мәрте тең және 2 рет жеңіліс тапқан. Наурыз айының 23 күні болатын алғашқы ойында Магомед Адиев шәкірттері әзірге бізге бейтаныс команданың жұмбағын шешеді деген үміттеміз. Айта кетейік Словения құрамасы ресми түрде Қазақстан ұлттық құрамасының 72-қарсыласы болмақ.

Ұлар Айбын

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу