Алғашқы матчты бапкерсіз ойнайды

2323

Футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионаты бүгін басталды. Ал ендігі кезек Қазақстан құрамасында.

Алғашқы матчты бапкерсіз ойнайды

Футзалдан Қазақстан құрамасы Нидерланды елінің Гронинген қаласына жетіп, алғашқы күні екі жаттығу өткізді. Қазақстан құрамасы топтық кезеңнің барлық ойынын Мартини Плаза аренасында өткізеді. Өкінішке қарай, топтық кезеңнің ойындарын жанкүйерлер спорт кешенінен тамашалай алмайды.

Қазақстан құрамасы алғашқы ойында 20 қаңтар күні Словениямен сынға түседі. Ойынды QAZSPORT телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Нидерланды еліне сапар алдында бірнеше күн бұрын футзалдан Қазақстан құрамасының ойыншылары Игита, Дәурен Тұрсағұлов және Арнольд Кнауб, сонымен қатар, бас бапкер Рикардо Кака COVID-тің оң сынағын тапсырды. Үш күннен соң Игита мен Дәурен Тұрсағұловтың тапсырған тесттері теріс нәтиже көрсетті. Олар жақын арада Нидерландыдағы команда қатарына қосылады. 

Өкінішке қарай, Кака мен Кнауб әлі де карантинде жатыр. Олар Еуропа чемпионатында Словениямен өтетін алғашқы ойынға қатыса алмайды. Матч бейсенбі, 20 қаңтар күні, елорда уақытымен 22:30-да басталады. Команданы ойынға бас бапкердің көмекшісі Сергей Коридзе дайындайды.

Айта кетейік, футзалдан Еуро-2022 турнирінің алғашқы ойынында Португалиядан келген әлем чемпиондары тамаша жеңіске жетті. Сербиялық футболшылар кездесудің екінші минутында-ақ есеп ашып, кейін 2:0 есебімен алға шыққанымен, командалар бірінші таймды тең (2:2) аяқтады. Екінші таймда португалиялық ойыншылар тағы екі гол соғып (4:2), "А" тобын көш бастады. Сондай-ақ бұл топта Украина мен алаң қожайындары өзара кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу