Алғашқы жартыжылдықта 5,8 млн шаршы метр үй салынды

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
23460

Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 4,8 % артық.

Алғашқы жартыжылдықта 5,8 млн шаршы метр үй салынды

Статистика комитетінің мәліметінше, еліміздің бірқатар өңірінде баспана құрылысы артқан. Соның ішінде ең жоғары қарқын Алматы облысында (+57,1%) болса, Павлодар облысы (+38,3%) мен Шымкентте (+35,5%). Одан кейін Түркістан облысы (+30%), Қостанай облысы (+29,2%), Маңғыстау облысы (+28%), ШҚО (+17,3%),БҚО (+15%), Атырау облысы (+14,4%), Ақтөбе облысы (+13,9%),Жамбыл облысы (+4%), Қарағанды облысы (+3%) және Алматы қаласы (+0,8%).

Ал Қызылорда облысында  (-25,7%), Астана қаласында  (-15,4%),  Ақмола облысында (-2,9%) кері көрсеткіш тіркелген.

Бір қызығы, құрылыс қарқынының төмендегіне қарамастан Астана қаласы республика бойынша ең көп үй салған өңір ретінде бірінші орынды сақтап қалды. Елорда да алты айда 12 803 пәтер, Алматы қаласында 7 296 пәтер салынған. Ал Маңғыстау облысында 5 488 баспана пайдалануға берілген. Ең аз пәтер салған өңірлер СҚО (483 пәтер), Павлодар (783) және Қостанай облыстары (1 348).

Осылайша биыл әзірге Қазақстан бойынша әрбір мың адам басына 319 шаршы метрден баспана тұрғызылды. Мұнда да көшбасшы өңір Астана қаласы (1 231,4 шаршы метр), одан кейін Маңғыстау облысы (1045,9) мен Атырау облысы (535,6). Ал ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысы (102,9), СҚО (107) мен Павлодар облысы (107,5).

Салынған үйлердің 90%-ын жекеменшік құрылыс компаниялары тұрғызған. Тағы бір айта кетерлігі, жыл басынан бері құрылыс саласына 513, 8 млрд теңге бағытталған. Бұл өткен жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіштен 28,4% көп. Құрылысқа ақша бөлу жағынан да көш басында Астана (128,9 млрд теңге), артынша Алматы (85,1 млрд теңге) мен Маңғыстау облысы (45,4 млрд теңге). Ал ең аз ақша құйған өңірлер СҚО (7,3 млрд теңге), Павлодар (8,7 млрд теңге) мен Қостанай (11,4 млрд теңге) облыстары.

Жалпы, Қазақстанда бір шаршы метр үй соғуға орташа есеппен 101,7 мың теңге кетеді екен. Көппәтерлі үйлер үшін бұл көрсеткіш 129,2 мың теңге болса, жер үйлердің шаршы метріне 78,6 мың теңге қажет.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу