"Алиби" агрохолдингіне тиесілі жерлер инвесторларға беріледі

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3035

Проблемалық ірі агрохолдингтің үлескерлері осы күзде өз дивиденттерін алады.

"Алиби" агрохолдингіне тиесілі жерлер инвесторларға беріледі

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше, елімізде проблемалық үш ірі агрохолдинг бар. Олар – "ҚазЭкспортАстық", "Атамекен-Агро" және "Алиби" компаниялары.

"ҚазЭкспортАстық" және "Атамекен-Агро" агрохолдингтеріне  пролонгация берілді. Олар үш жылдық каникул алды. Сондықтан бұларға қатысты ешқандай мәселе болмайды. Инвесторлар табылды. Олар жалақы, салық проблемаларынан бөлек, әлеуметтік мәселені де өз жауапкершіктеріне алып отыр. Сондай-ақ инвесторлар үлескерлерге тиесілі дивиденттерді төлеуге де міндетті", – деді Айдарбек Сапаров Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бірінші вице-министр "Алиби" компаниясының жағдайына да тоқталды.

"Бұл агрохолдингке қатысты күрделі мәселелер болды. Оған да инвесторлар келді. Олар жалақыға, салық пен жылдар бойы төленбеген зейнетақы жарнасына қатысты міндтемелерді, бұған қоса әлеуметтік блокты өз мойындарына алды. "Алибиге" қатысты да проблема болмауға тиіс", – деді Айдарбек Сапаров.

Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, биыл проблемалық үш ірі агрохолдингтің жерлеріне тиісті дақылдар егілді. Бұл ретте "Алиби" компаниясына шамамен 1 млн гектар жер, "ҚазЭкспортАстыққа" 600 мыңға жуық гектар аумақ және "Атамекен-Агроға" шамамен 300 мың гектар жер тиесілі екенін атап өткен жөн.

"ҚазЭкспортАстық" пен "Атамекен-Агроның" жері әзірше өздерінде қалады. Ал "Алиби" компаниясының жері инвесторларға беріледі. Қазір жерді инвесторларға рәсімдеу шарасы жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жер ресурстарын басқару жөніндегі комитет аталған мәселені бақылауда ұстап отыр", – деді бірінші вице-министр.

Белгілі болғандай, биыл проблемалық агрохолдингтердің 1,6 млн гектар көлеміндегі егіс алқабына түрлі дақылдар егілген.

"Холдингтерде жалақы және салық төлемдеріне қатысты мәселелер бар еді. Бұлардың бәрі күн тәртібінен алынды. Биыл күзде үлескерлер өздерінің дивидендтерін алады", – деді Айдарбек Сапаров.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу