Әлихан Әсетов: "Финляндиядағы әлем чемпионатында барлығы нәтижені жақсартқысы келеді"

1258

Елордалық хоккей клубының ойыншысы әлем чемпионатына дайындықтың қызу жүріп жатқанын айтты.

Әлихан Әсетов: "Финляндиядағы әлем чемпионатында барлығы нәтижені жақсартқысы келеді"

"Барыс" пен Қазақстан құрамасының шабуылшысы Әлихан Әсетов клубтық маусымды қорытындылап, ұлттық құраманың ОЖЖ қалай өтіп жатқанын "Барыс" хоккей клубының баспасөз қызметіне берген сұхбатында айтып берді.

- "Барыстың" ҚХЛ маусымындағы ойынын қысқаша қорытындылай кетсек.

- Маусым біз үшін "төртке" өтті десе болады. Бірақ ол түрлі оқиғаларға байланысты бірмәнді болмады. Маусымды біркелкі өту қиынға түсті. Ең бастысы, плей-оффқа шығып, негізгі тапсырманы орындадық. Иә, біз бұны қатты қалағанымызға қарамастан, түрлі себептермен бірінші раундтан өту мүмкін болмады.

- Қаңтар айындағы "Металлургке" қарсы матчтағы сен соққан шайба ҚХЛ тарихындағы ең жылдам соғылған шайбалардың бірі болды. Сол сәт есінде қалды ма?

- Сол матч есімде жақсы қалды. Біз Магнитогорск қаласына ұзақ жол жүрдік, мұз айдынына ойынға екі сағат қалғанда жетіп үлгердік. Арнайы нұсқаулар болған жоқ ол кезде, бірақ барлық жігіттер мұндай жолдан кейін ырғаққа тезірек келу керек екенін түсінді. Бұл үшін бірнеше белсенді ауысымды өткізу керек болды. Линден лақтыруды жеңіп алды, Джо Морроу болса шайбаны аймаққа тастады. Сол Линден шайбаны алып, маған бос қақпа алдына пас берді, маған тек мүлт кетпеу ғана қалды. Мұны ешкім күтпеген шығар, бәрі жылдам болды. Жылнамаға енгендей болдым деп матчтан кейін таң қалдым. Тағы бір есте қаларлық оқиға болады.

- Өкінішке орай, жарақат салдарынан плей-офф ойындарын соңына дейін ойнай алмадың. Мұндай матчтарды шынының ар жағынан көру қаншалықты қиынға түсті?

- Иә, екінші матчта жарақат алдым. Медициналық штаб қолдан келгеннің бәрін жасады, мен тым болмағанда екі кезеңді ойнай алдым. Содан кейін қолымды көтере алмадым және енді мұзға шықпадым. Келесі күні таңертең плей-офф мен үшін аяқталды, мен енді командаға көмектесе алмаймын деген оймен тұру қиынға түсті. Содан кейін мұзға шығып, қажет бірдеңе жасағым келіп тұрды. Оның үстіне Роман Старченко да ойнамады, мен оның орнына Линденмен (Вей – авт.) және Кириллмен (Савицкий – авт.) бір буында шықтым. Бірақ бұл спорт қой және мұндай жағдайлар болып тұрады.

- Қысқа үзіліс кезінде немен айналыстың және қалай қалыпқа келдің?

- Алдымен бапкермен бір-екі апта бойы қалыпқа келіп, жарақаттан айықтым. Содан кейін Рома Старченко, Кирилл Савицкий, Никита Михайлис және басқалармен бірге мұзға шықтым, сырғанадым. Содан кейін мені "Номад" матчтарына шақыртты, сөйтіп ойын формасын жинай бастадым. Қиын болды, көп уақытты жіберіп алдым, және оралған соң бірден осындай маңызды ойындарға қатысатын болдым.

- Бір апта бұрын ұлттық құраманың ОЖЖ басталды. Басқа клубтардың жігіттерімен кездесуге қуаныштысың ба?

- Әрине, бәрі көрісуге қуанышты болды. Қазір көбіміз әртүрлі клубтарда өнер көрсетуімізге қарамастан, біз әлі де байланыстамыз. Атмосфера керемет.

- Жиындар процесі туралы аздап айта кетсең. Қазір немен айналысудасыз және жалпы алғанда команда қандай күйде?

- Барлығы жақсы көңіл-күймен жаттығуда. Қазір біз айтарлықтай жүктемелер алудамыз. Латвияда екі бақылау матчын өткіземіз. Содан кейін біз Финляндияға барамыз.

- Биыл жиынға бірнеше жас ойыншылар шақырылды. Атап айтқанда, "Номадтан" Мұхаметов, Александров және Королев шақырылды. Олардың перспективаларын қалай бағалар едің?

- Жігіттер жарады, Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңінде өздерін жақсы көрсете білді. Олар ұпай жинап, гол соқты, командаға көмектесті. Менің ойымша, олар еңбегіне лайық шақырылды, олар өздерін басқа деңгейде көрсетуге лайықты мүмкіндік алды. Мен өз тарапымнан оларға тек сәттілік тілеймін!

- Әлем чемпионатындағы болашақ қарсыластарды зерттеуге мүмкіндік болды ма?

- Кейбір қарсыластармен біз бұрын ойнадық. Әзірше біз өз ойынымызға ден қоюдамыз, өз сәттерімізді пысықтап, ойын сұлбаларын көрудеміз. Алдағы уақытта жаттықтырушылар штабы бізге қарсыластар бойынша бейне көрсететін болады, олардың күшті және әлсіз жақтарын міндетті түрде талдайтын боламыз.

- Өткен маусымда Қазақстан құрамасы Ригадағы әлем чемпионатында тарихи нәтижеге қол жеткізді. Алайда команда көп нәрсеге дайын болып көрінді. Финляндиядағы өнер көрсетуден жанкүйерлерге не күтуге болады?

- Өткен жылы элитадан ешкім шыққан жоқ. Мүмкін, бұл бізді біраз босансытқан шығар. Мүмкін, қарсыластар кей кездері бізге лайықты түрде дайындалмаған шығар. Біз болсақ бір-біріміз үшін ойнап, ойыннан рақат алдық, сондықтан болар осындай нәтижеге қол жеткізе алдық. Әркім өз күшіне сенді, біз үздік құрамаларды да жеңе алатынымызды дәлелдедік. Плей-оффқа шыға алмадық, сәл-пәл жетпей қалдық. Әрине, Финляндиядағы әлем чемпионатында барлығы нәтижені жақсартқысы келеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу