Алқабилер Айдын Алпысбаевты ақтай алмады

2498

Тергеушілер мен судьялардың дегені болды.

Алқабилер Айдын Алпысбаевты ақтай алмады

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Айдын Алпысбаевқа қатысты сот процесінде заңсыздыққа жол берілді. Судьялар осыған дейін қабылданған шешімді бұзып, ойларына келгенді істеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Естеріңізге салайық, Айдын Алпысбаевқа шұғыл түрде 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазаның 7 жылын өтеді. 

Тергеу сапасының сын көтермегені, жәбірленушінің айғағы дәйексіз болғаны және сөйлеген сөзі сандыраққа ұқсағаны бұған дейін бірнеше рет айтылды. 

2015 жылғы шегініс жасаған алқаби Қымбат Жолымбет: "Алғашқы сәттен, алғашқы күннен бастап "бұл істе шикілік бар" деген пікір қалыптасты. Себебі ойдан құрастырылған дүниеге сену мүмкін емес еді", – деді.

Нақтылайық, процеске қатысушылардың айғағына біз емес, осы істің ақ-қарасын анықтауға атсалысқан адамдар күмәнданып отыр. 

"Жәбірленуші Кудиннің айтуынша, оны атқан, оған 3 оқ тиген, ол өзі-өзі таңған, содан соң көлікке отырып, медициналық пунктке барған. Осының барлығы алқабилердің күдігін туғызды. Біз барлығы жалған екенін сездік. Алайда бір-бірімізбен сөйлескен жоқпыз. Қорытындысына 6 жақтаушы, 6 адам даттаушы болып шықты", – деді Қымбат Жолымбет.

Тәжірибе көрсеткендей, алқабилер тәуелсіз адамдар емес. Олар заңды түрде шешім қабылдау құқына ие болғанымен, олар үшін түпкілікті шешімді судьялар қабылдайды. 

"Кеңесу бөлмесінде Асқар Қайыров бюллетень таратып, сұрақтарға жауап алды. Шамамен 60 сұраққа жауап беріп, үйге кеттік. Кенет бізге қоңырау шалып, қайтып келуімізді сұрады. Өйткені ол алқабилердің барлығы күдіктілерді қолдап дауыс бергенін көрді. Бұл байлам оған ұнаған жоқ. Ол бізге қандай шешім шығару қажеттігін үйрете бастады. Мен оған адамдардың тағдырымен ойнауға болмайтынын айттым. Ол маған қарады да "Сіз үндемеңіз!" деді. Ол менің қасымдағы адамға да өктем сөйледі. Сол кезде қасымдағы адам жүрегіне әмір жүрмейтінін айтты", – деді Қымбат Жолымбет.

Міне, алқабилерге осындай көзқарас танытылған. Олардың басым бөлігі, мүмкін барлығы қарапайым адамдар. Дегенмен оларға ерекше міндет жүктелген. Олар адамның тағдырына жауапты болды. Ал судья мұны ескерген жоқ. 

Әдетте біз погоны мен мантиясы бар адамдарды ерекше жан санаймыз. Ал олар адамдарға қысым жасап, олардың тағдырын қақпақылға салады және өздеріне қолайлы шешім шығарады. 

"Ол барлық бюллетеньді жыртып тастады. Біз оны қайта толтырдық. Дауыс беру құқы болмаса да, Асқар Қайыров өз дауысын қосты. Ол әкіреңдеуін жалғастырып, ол не айтса, сол болатынын мәлімдеді", – деді Қымбат Жолымбет.

Жыл басында Айдын Алпысбаевқа қатысты үкімнің күші Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың "әскери сот судьясы Асқар Қайыров алқабилерге қысым жасады" деген байламы бойынша жойылды. Іс қайта қарауға жіберіліп, судья Тамара Королеваға жүктелді. Ол барлық судьялар қатаң шараға жүгінбейтінін көрсетіп, алқабилермен жақын араласты. Тіпті сырласып, шай ішті. 

Бұл туралы алқаби Гүлнар Бейсембаева: "Біз шамамен 2 ай судьямен байланыста болдық, шай іштік. Соңында бізге онымен байланысқа түсуге болмайтыны айтылды. Ақыр аяғында бізді істі қарау құқығынан айырды. Негізі алқабилердің дені "Айдын  Алпысбаев ақталуға тиіс" деген ұстанымда болды", – деді. 

Бұл жерде судья Тамара Королеваның әрекеті түсініксіз. Ол алқабилермен сырласады, шай ішеді, кейін өздерін айыптап, істі қараудан аластатады. 

"Біз қорғаушыларды тыңдағымыз келетін. Судья олардың емін-еркін сөйлеуіне мүмкіндік бермейтін және олардың сөйлеген сәтін бізге көрсетпейтін", – деді Гүлнар Бейсембаева.

Алқаби Қымбат Жолымбеттің сөзінше, олар заңға қайшы әрекет жасалып жатқанын білген, алайда қылар қайрандары болмаған. 

"Мен, амалым таусылған соң Айдын Алпысбаевты ақтау үшін апелляциялық сотқа шағым жаздым", – деді Қымбат Жолымбет

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Айдын Алпысбаевтың жазықсыз жапа шегіп отырғанына тергеушілер мен судьялардан басқалардың барлығы күмәнсіз сенеді. Алайда Айдын Алпысбаевқа қатысты ақиқаттың бетін тұман тұмшалап тұр.  

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу