Алмас Чукин: КҚК-ны тоқтату – экологиялық арнайы операция

3711

Отандық экономист тығырықтан шығар жолды атады.

Алмас Чукин: КҚК-ны тоқтату – экологиялық арнайы операция

Экономист Алмас Чукин ресейлік тараптың Каспий құбыр консорциумына қатысты әрекетін "экологиялық арнайы операция" деп атады.   

"Маған осының бәрі объективті кездейсоқтық сияқты болып көрінді. Алдымен осы жылдың наурыз-сәуір айында құбыр шлангілеріне қатысты мәселе шықты. Кейін миллиардтаған рубльге экологиялық айыппұл салынды. Бұдан соң екінші дүниежүзілік соғыстан қалған миналарды іздеп тауып, залалсыздандыру қажет болды. Енді Ресей Федерациясының вице-премьері Виктория Абрамченко Новороссийск портындағы экологиялық жағдайға алаңдай қалыпты. Сөйтіп комиссия мұнай төгілген жағдайға арналған жоспардан бірнеше құжаттық бұзушылықты анықтады. Әлі ештеңе төгілген жоқ. Соған қарамастан бұзушылықты анықтап отыр. Демек олардың ойға алған жоспары әлі толық орындалмады деген сөз. Комиссия 30-шы қарашаға дейін кемшіліктерді түзетуге уақыт берді. Бірақ Ространснадзор сотқа жүгінді және отырыс барысында Каспий құбыр консорциумы жұмысын 90 күнге тоқтатуды талап етті. Сот жаза ретінде құбырдың барлық қызметін 30 күнге тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл Қазақстан мен экспорттаушылар 300-500 млн долларға шығынға ұшырады деген сөз", – деп жазды Алмас Чукин өзінің Facebook-тегі парақшасына.

Оның пікірінше, біздің одақтасымыз Қара теңіздің бір жағында соғыс жүргізіп отыр. Тиісінше, теңізді миналайтыны анық. Сөйте тұра теңіздегі жанармай құюшылар тарапынан мұнайдың төгілуі ықтимал екенін және оны жоюдың ықтимал шараларын мұқият қадағалап отыр.

"Әрине, экспорттан түсетін бір айлық табысты жоғалту аса қауіпті. Мұнай жер астынан өздігінен шықпайды, оны жерден сорып алу керек. Егер сорып алмаса, мұнай үлкен тереңдікте тоқтап қалады. Мұның бәрі оңай процесс емес. Ал Каспийде тереңдікті, температураны, күкірт пен басқа да химияны есептеу қиын. Тек "Шевронда" және басқа да компанияларда жаңа технологиялар мен заманауи жабдықтар бар. Оларға сәуір айында өндірісті төмендету қиынға түсті. Дегенмен олар тығырықтан шықты. Осы жолы олардың бетпе-бет келіп отырған мәселені қалай шешері белгісіз. Бәлкім, бір апта қоймаларда жұмыс істейтін шығар. Ал содан кейін ше? Бұл негізінен "ҚазМұнайГаз"-дағы ескі кен орындары үшін зиянды болмақ. Өйткені ондағы мұнай сапасыз әрі жаңа жабдықтар да жоқ. Егер мұндағы мұнай тұрып қалса, оны қайтадан жоғарыға көтеру қиынға түседі", – дейді экономист.

Иә, оқиғаның Қазақстан үшін қаншалықты зиян екені түсінікті. Ал тығырықтан шығар жол бар ма? Алмас Чукиннің айтуынша, екі шешім бар.

"Біріншісі – Атасу-Алашанкөл құбыры. Қазір ол жылына 12 млн тонна мұнай айдайды. Оның 10 млн тоннасы Ресейге тиесілі. Кезінде біз Ресей Федерациясы арқылы жүретін арзан маршрутты таңдадық және Қытай арқылы тасымалдайтын мұнай болмады. Ресей Федерациясы өте арзан тариф ұсынды. Енді елдің экономикалық қауіпсіздігіне төнетін қауіпке байланысты Ресеймен келісімшартты тоқтата тұрып, елдегі мұнайдың кем дегенде 10 млн тоннасын Қытайға бұру керек. Қосымша компрессорлар есебінен бұл құбырдың қуатын 20 млн тоннаға дейін жеткізуге болады. Осы жерде бізге құбыр салып берген қытайлықтарға және аталған құбырдың 50 пайыздық акциясын иеленген "ҚазТрансОйл"-ға рақмет айту керек.

Екіншісі – біздің темір жолдар арқылы Ресейден Қытай бағытындағы тасымалды шектеу. Темір жол арқылы мұнайды шығысқа, Өзбекстанның, Қырғызстанның мұнай өңдеу зауыттарына тасымалдауға болады", – дейді А.Чукин.

Экономистің пікірінше, екеуі де анау айтқандай оңай шешім емес. Десе де, бізде үш порт барын ұмытпау керек – Ақтау, Құрық және CatRo.

"Оларды іске қосып, Бакуге мұнай тасымалдауға мүмкіндік бар. Түркияға дейінгі құбыр 50 пайыз жұмыс істейді және 20 млн тоннаға дейін тағы қабылдай алады. Бірақ Бакуде қабылдау қуатын кеңейту керек. АҚШ-қа шығып, Қазақстан-Түрікменстан-Иран құбырын Парсы шығанағына немесе Иран арқылы құрлықпен Түркияға, теңізге дейін салу үшін Иранды санкциялардан босатуды сұрауға болады. Қалай десек те, Каспий құбыр консорциумының дәл осындай күйге түскені өкінішті. Жоба енді ғана өзін ақтап, акционерлер үшін (оның ішінде Ресей үшін де) жақсы дивидендтер әкеле бастап еді. Новороссийскінің де дәл осындай жағдайға душар болғаны өкінішті, әрине. Енді ол "құрғақ" портқа айналатын шығар. Бұдан Қазақстанның да маңдайы шылқи қоймас: салықтан қағылады, инвесторлар оптимизмін жоғалтады. Бірақ біз бұл тығырықтан да өтеміз. Ресурсымыз жеткілікті. Бұйыртса, екі-үш жылда шығысқа, оңтүстік-батысқа және оңтүстікке үш жаңа бағыт ашылады. Ал оған дейін Иранға тағылған санкциялар да алынар. Біз Парсы шығанағына дейін теміржол саламыз. Сонда Ресей Федерациясы Хабаровск арқылы үлкен одақтасқа жүгінуге мәжбүр болады", – дейді экономист Алмас Чукин.

Ғалия Әділ

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться