Алматы әлем алдында ұятқа қалды

1730

Елдің беделін көтеруге тиіс іс-шара керісінше, оған нұқсан келтіргенге ұқсайды. Бұл туралы қазақстандықтар әлеужеліде қызу талқылауда. 

Алматы әлем алдында ұятқа қалды Фото: Альберт Ахметов / Kazinform

Қияндағы Испания корольдігінің патшалық командасының, соның ішінде футболдан әлемдік клубтық чемпионатты 7 рет жеңіп алып, осы спорт тарихындағы ең титулды клубқа, "футбол патшасына" айналған "Реал Мадридтің" қазақ еліне келуі, оның қазақстандық ең атақты клуб – "Қайратпен" сайысқа түсуі халық үшін торқалы тойға, тамаша мерекеге айналуға тиіс еді.

Алайда оның соңы халықаралық ақпарат айдынына тарап, Қазақстанның имиджіне дақ түсірген дау-жанжалға айналды. Думанға асыққан қазақстандықтар және кейбір шетелдіктер одан әбден көңілі қалғанын айтып, шағымдануда.

Дау-шарға бірден бірнеше жайт себеп болды: біріншіден, халық көлеңкелі схемалармен матчқа билетсіз кіріп кеткендер болғанына назар аудартады. Екіншіден, соның кесірінен, қолында билеті бола тұра, стадионға кіріп, футбол додасына куә бола алмағандар жетерлік.

Үшіншіден, ығай мен сығайға тегін үлестірілген "шақырту қағаздарының" артынша саудаға шығарылуы қоғамның ашу-ызасын тудырды. Әлеуметтік желіде және ақпарат құралдары хабарлағандай, елге белгілі әртістердің балалары өздеріне тегін берілген ондаған VIP-шақыртуды 500-600 мың теңге және одан қымбатқа сатқан.

Бұған билеттерді бастапқы бағасынан бірнеше есеге қымбат сатқан алыпсатарлар, дүрбелең кесірінен билетке қол жеткізе алмаған, бірақ әлеужеліде онсыз кіруге болатыны туралы өсекті естіп келіп, кезекті бөгегендер, ішімдікке "қызған" күйде төбелес шығарғандар қосылды.

Бір проблеманы жанкүйер Айдана Абдулова Threads-те баяндады.

"Қолында билеті бола тұра, ішке кіре алмай қалған мен сияқты адамдар қаншама?! Әлдекімдер стадионға келіп алып, кезексіз ішке енбек болып, топты толқытып, төбелес шығарды. Зәрем кетті. Жүздеген адам, километрлік кезек. Ал, жақын маңда жүрген полицейлерді кезіктірмедім. Содан күзетшілер стадионның толық екенін жақауратып, енді ешкімді ішке кіргізбейтінін мәлімдеді. Тобыр арасынан бас сауғалап, жарты сағатта әзер шықтым. Оның өзінде бір жігіттер көмектесіп, қалқалады. Онсыз аяқ астында тапталатын едім", – дейді Айдана.

Ол жанындағы балалы ер адаммен сөйлесіпті. Еркек билеттерді сатып алуға 750 мың теңге шығындаған. Балаларын футбол қызығына алдын ала дайындаған, тамашалауды аңсап, асыққан. Ақыры стадионға кіре алмай, арманда қалды, өкініштен өзегі өртенді.

Айдана мұндай масқара тек Алматыда болғанына назар аудартты. Бұдан бұрын Барселона қаласында испандық тағы бір клуб "Барселона" өткізген матқа қатысыпты. 56 мыңнан астам адамды сидыратын Estadi Olímpic Lluís Companys олимпиадалық стадионына Алматыдағыдан әлдеқайда көп жанкүйер жиналған. Бірақ ығы-жығы халық ішке сығылыспай, жанжалдаспай, еркін өтті, соған барлық жағдай жасалыпты.

"Шынында, біз сияқтылар өте көп. Бәріміз "Тикетон" ресми сайты арқылы жалған емес, шын билеттерді алдық, алайда бәрібір матчты қызықтай алмай қалдық. Ұлымыз екеуіміз "Қайратқа" үнемі жанкүйер болатынбыз. Бір кездесуін өткізген емеспіз! Ұйымдастырушылар ұлымыз екеуіміздің "мерекемізді" күл-талқан етті. Билетті сатып алуға 4,5 сағатымды шығындап едім. 2,5 сағат стадионға кезекке тұрған едік. Стадион толды деп жібермеді. Өкініштісі сол, артынан видеодан мұқият қарасақ, біздің сектор адамға лық толы. Яғни, біздің орнымызға билетсіздер жайғасып алған", – деп қапаланады әлеужеліні пайдаланушы pelle_17.

Қарағандылық Сергей Долгих ұқсас жағдайға тап болыпты. "Қайрат" – "Реал-Мадрид" арпалысын көру үшін Алматыға арнайы барды.

"Бұл бірінші рет болып отырған жоқ. Қазақстан мен Норвегия кездесуінде де солай болды. Билетіміз болғанымен, біраз адам стадионға ене алмай қалдық. Соған қарамастан барлық орындар бос болмай шықты, орнымызға әлдекімдер қонжиыпты. 250 мың теңгеге 2 билет сатып алдым, баламен бірге алты жарымда келдік. Кезекті әзер күтіп, тоғыз жарымда бірінші турникетке жетсек, "енді ешкімді жібермеңдер деген бұйрық берілді" деп, волонтер бас шайқады. Амалсыз сол жерде смартфоннан онлайн көруге тура келді. Біздің 6-шы сектордағы орнымызда адамдар мәз-майрам отырды", – дейді ол.

Пікір білдірушілердің бір бөлігі ұйымдастырушылар сыртында жанкүйерлерді де сынады. Бір-біріне деген құрмет пен мәдениеттің жоқтығына налыды.

"Ең сорақысы сол, билеті жоқ адамдардың неге қаптап келгені түсініксіз? Қолыңда билетің жоқ, онда неге келесің? Қандай қисын бар? Жалпы, ұйымдастырушыларды және билет сатушы ұйымды ұжымдасқан түрде сотқа беру керек деп ойлаймын. Тек билет құнын қайтарып қана қоймай, күйзеліске түсіргені үшін моральдық залалды өтесін", – дейді Рүстем Жансейітов.

Пікір білдірушілер Алматының әлемдік поп-жұлдыз Дженифер Лопестің, "Бэкстрит Бойздың" концерттерін де, "Қайрат" – "Реал-Мадрид" матчын де абыроймен өткізе алмағанын жазуда.

"Кеше ТикТокта адамдар Орталық стадионға қалай билетсіз кіруге болатынын түсіндіріп, схемаларын жария етті. Мен мұны жазылушы тартуға бағытталған жалған тәсіл деп ойлағам. Шын болғанын енді білдім. Бір адам билетсіз кіргенін ТикТоктан ашықтан ашық трансляциялады. QR-код, бірнеше сатылы тексеру дегеннің бәрі жайына қалды. Ол адам тіпті өзімен бірге адамды тегін алып өтті", – дейді brilliantovayauralsk.

Ғаламторда тараған көптеген видеолар растағандай, матчтың басталуынан бірнеше сағат бұрын Орталық стадион алдында мыңдаған адамнан тұратын қалыңнөпір халық жиналған. Адамдар түсінікті бағыттағыш-навигацияның жоқтығына, волонтерлердің жетіспеушілігіне, өтпе жолдардың тым тарлығына, ұйымдастырудың нашар деңгейіне шағымданды.

Әлемдегі ең атақты футбол клубының сапары дүрлігіс туғызатыны алдын ала белгілі болса да, қала мен ұйымдастырушылар дүрбелеңге дайын болмай шықты. Бұдан бөлек, билетсіздердің көп көлемде келуі, топтасып аренаға күшпен кіріп кетуге тырысуы жағдайды тіптен ушықтырды.

Билет үшін жүздеген мың теңге жинағын жұмсаған, тіпті осы үшін несие рәсімдеген жанкүйерлер өз орындарына бөгде біреулердің жайғасып алып жатқанын көріп, тіпті ашынды.

Ұйымдастырушылар не дейді?

Inbusiness.kz редакциясы түсініктеме сұрап, Freedom Ticketon компаниясына жүгінді. Матчқа билет сатумен сол айналысқан болатын.

Freedom Ticketon компаниясының коммуникациялар жөніндегі директоры Азамат Атагелді "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчына кіре алмай қалған жанкүйерлерге қатысты ахуал әлеужеліде белсенді талқыға салынып жатқанынан хабардар екенін жеткізді.

"Кешегі ойын алыпсатарлар мен қолдан жасалған билеттер проблемасы әлі күнге өзекті екенін көрнекті түрде паш етті. Адал көрермендер қарау ниетті тұлғалардың құрбанына айналмауға тиіс. Атап өтетін жайт, билеті жоқ адамдардың үлкен саны стадион аумағына түрлі сылтаумен кіріп кетуге тырысты, қауіпсіздікке қатер төндірді. Бұқаралық іс-шараларға бару мәдениетінің дамымауы да проблема болып қалуда", – деді Атагелді.

Ticketon өкілі сервистің тек "билеттердің мөлдір таратылуына ғана жауап беретінін" нықтады.

"Біздің жүйе арқылы сатылған барлық билеттер толық бақылауда болды. Билеттердің қалай үшінші тұлғалардың қолына түскені туралы ресми дерек әзірге жоқ. Біз алыпсатарлыққа қатысты мәселелерді зерттеуге және қажет болса, бақылау шараларын болашақта күшейтуге әзірміз", – деді компания өкілі.

Атагелді жүйені оңтайландыру, айқындылықты арттыру, жанжалды жайттардың қайталану тәуекелін төмендету бағытында компания мамандарының шаралар даярлап жатқанына сендірді. Ол әрбір оқиға жеке тәртіппен қаралатынына уәде берді.

"Біз жанкүйерлердің шағымдарын мұқият зерделеп жатырмыз және нақты жағдайдың барлық егжей-тегжейін ескере отырып, шешім қабылдауға дайынбыз. Зардап шеккен көрермендер біздің қолдау қызметіне жүгіне алады, керек болса, менімен байланысқа шықсын. Біз конструктивті және ашық диалогқа ашықпыз", – деді Азамат Атагелді.

Компания арыз-шағым үшін байланыс нөмірлерін ұсынды. Қолдау қызметі: 8 (771) 936-53-53 (қоңырау шалу және WhatsApp хабарламалар үшін).

Компанияның мәлімдемесіне қарағанда, әрбір шағым жеке қаралады және келтірілген шығынды өтеуге деген үміт бар.

Өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов өздеріне бұл дау-жанжалға қатысты шағымдар түспегенін, дегенмен, матчқа билеттердің заңсыз сатылғанына қатысты барлық өтініштер тексерілетінін және әрбір факті бойынша қажетті іс-шаралар өткізілетінін мәлім етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу