Almaty Museum of Arts пен Halyk Bank Қазақстандағы заманауи өнерді ұзақ мерзімді қолдау және дамытуға бағытталған стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық аясындағы негізгі жобалардың бірі әлемге танымал суретші Билл Виоланың ауқымды көрмесі болмақ. Көрме 2026 жылдың жазында Алматыда ашылады әрі Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылатын бірегей экспозиция болмақ. Бұл туралы inbusiness.kz тілшісі хабарлайды.
Музей серіктестік арқылы халықаралық көрме жобаларын белсенді тартып, мәдени бағдарламасын кеңейтуге мүмкіндік алады. Банк тарапынан бөлінетін қаражат ірі көрмелерді ұйымдастыруға, шетелдік суретшілерді шақыруға, білім беру бастамаларын дамытуға және ғылыми каталогтар шығаруға бағытталады.
"Halyk Bank бізге Қазақстанға халықаралық көрмелерді әкелуге мүмкіндік беретін қаржылай қолдау жасап отыр. Осындай алғашқы халықаралық көрме осы жылдың жазында болады. Бұл америкалық суретші Билл Виоланың көрмесі. Бұл өте қымбат көрме, себебі ол өте ауқымды әрі әлемдік деңгейдегі жоба. Бұдан бөлек, Halyk қаржысы музейіміздегі түрлі білім беру және мәдени жобаларға, сонымен қатар көрме қызметін кеңейтуге жұмсалады", – деді Almaty Museum of Arts музейінің негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.
Оның сөзінше, музей негізінен елдегі өнер мен мәдени ортаны дамытуға мүдделі адамдар мен компанияларды біріктіретін жоба ретінде қарастырылған.
"Бүгін біз үшін ерекше күн. Өйткені музейді құрған сәттен бастап бұл бір адамның немесе бір компанияның жобасы болмауы тиіс екенін айқындаған едік. Бізге Қазақстандағы заманауи өнердің дамуына бейжай қарамайтын адамдарды тарту маңызды болды. Сол себепті музейдің негізгі жобаларын қолдап отыратын басты серіктесті, ең маңызды демеушіні іздедік", – деді Нұрлан Смағұлов.
Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова әлеуметтік және мәдени жобаларды қолдау банк қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Соңғы бес жылда банк тікелей және Halyk қайырымдылық қоры арқылы білім беру, медицина, мәдениет, өнер және спорт салаларындағы түрлі әлеуметтік жобаларға 62 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсаған. Үміт Шаяхметованың сөзінше, музеймен серіктестік идеясы жобамен жеке танысқаннан кейін пайда болған.
"Нұрланның бұл музей туралы ерекше ықыласпен айтып, оған өз қаражатын салып жатқанын бірнеше рет естідім. Мұнда алғаш келгенімде қатты әсерде болдым. Бұл жобаның күш-жігер, ықылас пен сүйіспеншілік салынып жасалғанын, бір адамның Қазақстан үшін маңызды дүние жасағысы келетінін көрдім. Расында да, меніңше, бұл музей қазірдің өзінде тек Алматы қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстанның басты нышанына айналып келеді", – деді Halyk Bank басқарма төрайымы.

Банк басшысының айтуынша, осындай жобалар Halyk Bank үшін ерекше маңызға ие. Ол мұндай бастамалардың елдің мәдени ортасын қалыптастырып, қоғамның дамуына ықпал ететіндігін атап өтті.
"Бұл – бизнестің мәдениет пен өнердің дамуына қалай үлес қоса алатынының жарқын үлгісі. Мұндай жобалар коммерциялық емес әрі дәстүрлі мағынада өзін ақтамайды. Бұл – елдің дамуына үлес қосуға деген белгілі бір миссия. Осындай ауқымды жобаның бас серіктесі атану біз үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар мұнда сенім мәселесі де бар. Өйткені бөлінген әрбір теңге нақты өз мақсатына, яғни көрмелерді ұйымдастыруға, білім беру бағдарламаларына және мәдениетті дамытуға жұмсалатынын білеміз", – деді Үміт Шаяхметова.
Серіктестіктің негізгі жобаларының бірі америкалық суретші Билл Виоланың көрмесі болмақ. Ол ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы бейнеарт өнерінің ең ықпалды өкілдерінің бірі. Almaty Museum of Arts директоры Татьяна Ходжаеваның сөзінше, осындай деңгейдегі суретшіні шақыру музейдің стратегиялық миссиясына, яғни Қазақстанды халықаралық өнер үдерісіне ықпалдастыру мақсатына сәйкес келеді.
"Біздің басты міндеттіміздің бірі – жаһандық көркемдік процеске қатысып, аймақта әлемнің жетекші суретшілерінің шығармашылығын таныстыру. Билл Виоланың көрмесі Орталық Азияда бірінші рет өтейін деп отыр. Бұл тек біздің музей мен Алматы қаласы үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін үлкен мәдени оқиға болмақ", – деді ол.
Оның айтуынша, көрмеде 15-ке жуық видеоинсталляция ұсынылады. Олардың басым бөлігі көрерменге ерекше иммерсивті әсер сыйлайды.
"Виоланың жұмыстары қозғалыстағы бейнелер ғана емес. Суретші көрерменнің әсерін мұқият ойластырады: бейненің көлемі, дыбыс, кеңістіктің архитектурасы және адамның инсталляция ішінде өзін қалай сезінетініне дейін назар аударады. Оның шығармашылығы адам өмірінің негізгі тақырыптарын, атап айтқанда, өмір мен өлімді, жадыны, уақытты, руханиятты және ішкі сезімдерді зерттейді", – деп түсіндірді музей директоры.
Серіктестік аясында халықаралық жобадан бөлек қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның "Мен бәрін түсінемін" атты көрмесі де жалғасын табады. Музейде жобаның екінші бөлімі ұсынылып, экспозиция жаңа фото және видео жұмыстармен толықтырылды.
"Алмагүл Меңлібаева халықаралық деңгейде танылған суретші болғанымен, оның туындыларын Қазақстанда көру сирек кездесетін жайт. Көрменің екінші бөлімі экспозицияны айтарлықтай кеңейтіп, суретшінің жаңа жұмыстарын көрсетеді. Жоба өнертанушылар мен сарапшылар тарапынан оң бағаланып отыр", – деді Татьяна Ходжаева.
Сонымен қатар ынтымақтастық аясында баспа бағдарламасы іске асырылады. Музей Алмагүл Меңлібаева мен Билл Виоланың көрмелеріне арналған ғылыми каталогтарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығаруды жоспарлап отыр.
Музей басшылығы мұндай жобалардың өнерді кең аудиторияға таныстырумен қатар, ұзақ мерзімді ғылыми зерттеу базасын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтады. Бұл Қазақстанның халықаралық өнер кеңістігіндегі мәдени қатысуын нығайтуға өз септігін тигізеді.