Алматыда 13 миллиардқа салынған ғимарат қаңырап тұр

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
3180

IT-компаниялар даланы емес, қаланы қалайды. 

Алматыда 13 миллиардқа салынған ғимарат қаңырап тұр

Алматыда  заманауи технологияларды орталықтандыру мақсатында IT квартал ашылғанда аbctv.kz криптовалютаға қатысты мән-жайды жіліктеп жазды. Мақалада әдеттегідей асыра мақтау, көпе-көрінеу көтермелеу болған жоқ.

Басқалар мәлімет берушілердің сөзіне сүйеніп, 17 мың шаршы метр аумақты алып жатқан IT кварталды қазіргінің "ноу-хауына" балады. Тіпті жыл соңына дейін мұнда 10 IT компания мен 15 стартап-жоба болады деп сүйінші сұрады. Жағымды жаңалықты "2018 жылы жоба саны 2 еселенеді" деп тұздықтай түскендер де болды. Ал Almaty Tech Garden брендімен қызмет ететін инновациялық технологиялар паркі дербес кластерлік қорының бас директоры Санжар Кеттебеков IT кварталда озық ойлы адамдар мен өнертапқыштардың жасампаз жобаларына алаң ұсынылатынын, машина жасау ісі бойынша уәкілетті орталық ашылатынын және геологиялық кластер салынатынын айтты. Сондай-ақ ол IT кварталға трансұлттық компаниялардың орталықтары мен зертханалары орналасатынын тілге тиек етіп, стартап-жобалардың авторлары жер, мүлік және корпоративтік кіріс салығынан босатылатынын баяндады.

Санжар Кеттебековтің: "Салық түрлерінен босату сынды жеңілдіктер серіктестерді ынталандыра түседі. "Ақылды технология", "ақылды жүйе" деген ұғымдар қарапайым халықтың санасына түсінікті тәсілмен сыналап енгізілуі тиіс. Бұл "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы алға қойып отырған міндетке жедел жетудің бірден бір жолы", – деген сөзін аbctv.kz  айна-қатесіз басты. Ал бас директор IT-кварталда технократтарға басымдық берілетінін атап өтті.

Санжар Кеттебеков жаңа технологияны бір арнаға тоғыстыруды көздеп отырған IT-квартал жобасы ұлттық экономиканы цифрландыруды, блокчейн технологиясын дамытуды және елімізде криптавалюта нарығын қалыптастыруға жағдай жасауды көздейтінін айтты.  

"Қазақстанның криптовалюта нарығына енуіне толық мүмкіндігі бар. Әлемде бұл сала жүйеленіп жатыр, ал біздің елде осы мәселеге қатысты тиісті заң нормалары әзірлену үстінде. Түбінде ол түрлі бюрократиялық кедергілерді жоюға ықпал етеді. Болашақта салық блокчейннің көмегімен есепке алынатын болады. Нәтижесінде еліміздің салық жүйесі қайта жаңғырады. Уақыт өте келе криптотеңгенің пайда болуы ғажап емес. Ұлттық банк бұл мәселені де назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Бұл жоспарды жүзеге асыруға шамамен 4 жыл уақыт қажет", – деді ол.

Айтпақшы бұған дейін қазан айында инновациялық технологиялар паркінде "Startup Kazakhstan" бағдарламасы іске қосылатындығы және ол отандық стартаптарға серпін беріп, шетелдік стартаптарды Қазақстанға тартатындығы туралы айтылды. Жоба Almaty Tech Garden мен GVA Capital-GVA Alatau Fund-тың ортақ венчурлық қоры арқылы қаржыландырылады, стартаптарға 100 мың доллар қаржы құйылады деген ақпарт та таратылды.  

Алайда жоғарыда айтылғандардың барлығы кешеуілдейтін тәрізді. Себебі IT-компаниялар инновациялық технологиялар паркінің аумағына көшуден бас тартып отыр.

Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, IT-компанияларды бір жерге шоғырландыру үшін қазына қаржысынан 13 миллиард теңге жұмсалып, Алматыдан 20 шақырым жердегі Алатау ауылында 5 қабатты ғимарат салынған. Жобаның басы-қасында жүргендер Қазақстандағы IT-компаниялардың 60% Алматыда жұмыс істейтінін назарға алып, олардың барлығы ұтымды ұсынысты қолдайды деп үміттенген. Бірақ іс жүзінде бұлай болмаған. IT-компаниялар түрлі жеңілдіктерге қарамастан, қаланың сыртына көшіп бармаған. Қазір 5 қабатты ғимарат қаңырап бос тұр.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу