Көрші елде арзан дүкендер дәуірі басталды

969

Бұған халықты жалпы ауқымы 40%-дан асып кеткен қымбатшылық итермелеп отыр.

Көрші елде арзан дүкендер дәуірі басталды Фото: imerica.ru

Ресейде ірі ретейлерлердің өзі өңірлердегі супер-гипермаркеттерін жабуға мәжбүр.

Жергілікті ақпарат құралдары РФ-тің азық-түлік бөлшек саудасының нарығы ауыр дағдарысты және трансформацияны бастан өткеріп жатқанына назар аудартты.

Infoline сарапшыларының байламынша, бұл кесірлі үрдіске ел экономикасы өсуінің баяулауы, рецессия және инфляцияның қарқын алуы түрткі болыпты.

"Коммерсантъ" жазуынша, оның орнына халық арасында "нищемаркет" аталатын, өте сапасыз, бірақ біршама арзан тауар сататын қатаң дискаунтерлер кең танымал бола бастады. Мұндай сауда желілері жабылып қалған супермаркеттер мен гипермаркеттердің орнын басты.

Infoline сарапшыларының дерегінше, 2025 жылғы 9 айда Ресейде 67 ірі форматты сауда желісі тоқырап, жабылып тынды және жалпы көлемі 185 мың шаршы метрден асатын коммерциялық алаңды босатты.

Салдарынан, РФ-та 2017 жылдан бері бөлшек сауда құрылымындағы супер-гипермаркеттердің үлесі екі есеге жуық – 37%-дан 21%-ға дейін құлдырады.

"Ресейлік нарықты дискаунтерлер жаппай жайлауда. Олардың үлесі керісінше, 2017 жылғы 49,9%-дан бүгінде 63,4%-ға дейін күрт артты. Бұл ретте әсіресе, "қатаң дискаунтерлер" деп аталатындар сегменті ең көп өсімге қол жеткізді. Бұлар өзіндегі тауарларға төмен бағаны ұстап тұру үшін өнімдер ассортиментін барынша шектейді, жеткізушілерді тауарын төмен бағамен тапсыруға мәжбүрлейді, сауда орнын жабдықтаудан да барынша үнемдейді. Кейінгі 8 жылда бұлардың үлесі бірден үш жарым еседей – 4,8%-дан 16,4%-ға дейін ұлғайды", – деп хабарлады The Moscow Times.

Ақпарат құралдарының сипаттауынша, супер-гипермаркеттерден айырмашылығы, дискаунтерлер сауда орнын әрлеуге және безендіруге мүлдем көңіл бөлмейді. Олар тіпті сөре-стеллаждар, тоңазытқыштар сатып алмайды.

Тауарлар қорап-қорап болып, еденде жатады. Персонал да мейлінше азайтылады. Мәселен, күзетші мен кассир қызметін бір адам атқара береді. Ассортиментте танымал, брендтік тауарлар кездеспейді. Есесіне гараж-цехта жасалған сапасыз, жалған-фальсификат өнімдерді сатудан арланбайды.

Соның кесірінен сүт дегені ерітілген қытайлық құрғақ сүт, ірімшік дегені құрамында кілегейі жоқ "ірімшік өнімі", мұздатылған тауық еті дегені пеницилин иісі шығатын көктеп кеткен бірдеңе болуы әбден мүмкін. Бұлар тіпті электр энергиясынан да үнем қылады, алып дүкен іші нашар жарықтандырылады, қуат үнемдегіш сығырайған шамның астында тұтынушылар тауарлардың бағасын әзер танып, оқиды. Дүкен іші қыста жылытылмайды.

"Infoline-Аналитика" бас директоры Михаил Бурмистровтың түсіндіруінше, азық-түлік өнімдерінің қатты қымбаттауы ресейліктерді әр тауардан ақша үнемдеу моделіне көшуге мәжбүрледі.

"Ал, халықтың үнемдеуге ұмтылуы ірі сауда форматтарының дамуына теріс ықпал етті. Орталық банктің жоғары шешуші ставканы сақтауы, тұрғындардың сатып алу қабілетінің төмендеуі Ресейде супермаркеттер мен гипермаркеттерді ашу ісін табыссыз, мәнсіз етті. Ретейлерлер РФ-та орнаған жаңа өмір шынайылығына тез бейімделуде. Олар енді панажайларын жаппай қайта жабдықтап, орнында "нищемаркет", яғни, қатаң дискаунтерлерді, онлайн жеткізуге қызмет ететін дарксторларды ашып жатыр", – деді Бурмистров.

РФ Бөлшек сауда компаниялары қауымдастығының (АКОРТ) есебінше, "нищемаркеттерді" ашу ең қарапайым супермаркет ашудан 20-40% арзанға түседі, яғни, жартысына дейінгі көлемде ғана шығын шығарады.

Бұған қоса, "Нильсен" зерттеу компаниясының мәліметінше, ресейлік ретейлерлер ассортиментті қысқартып тастау есебінен де өз объектілерінің жұмысын оңтайландырып жатыр. Нақтылағанда, 2025 жылғы шілде айында ғана РФ сауда орындарындағы азық-түлік тауарларының аталым-түрі 2,3%-ға, азық-түліктік емес тауарларда – 1,8%-ға азайып кеткен. Сарапшылар мұндай құбылыс ай сайын жалғасып жатқанын ескертеді.

АКОРТ төралқасының төрағасы Станислав Богдановтың ақпаратынша, сонымен қатар Ресейде 90-шы жылдардағы сияқты көшедегі дүңгіршектер және "үй ішіндегі дүкендер" қайтадан кең танымал бола бастады.

Небәрі күнделікті жеуге сүт, нан, май алуға ірі сауда орнының қажеті жоқ, кішкентай дүкендер де жарайды. Нәтижесінде, ауданы 100-200 шаршы метрден аз, ұсақ дүкендердің саны бірден 15%-ға өсті.

Сонымен бір мезгілде бүгінде 200 ірі сауда желісі бүкіл федерациядағы шамамен 4,7 мың супер-гипермаркеттерді басқарады. Салыстырғанда, Росстат дерегінше, соғысқа дейін, 2022 жылы РФ-та 37 388 супермаркет болған.

"Москоу таймс" жазуынша, тек ресми статистика бойынша Украинадағы қарулы қақтығыс басталғалы Ресейде жинақталған инфляция 40%-дан асып кетті.

Салдарынан, "Ромир" әлеуметтік зерттеуінде көрсетілгендей, РФ азаматтарының 58%-ы бұрын тұрақты сатып алып келген көптеген тауардан бүгінде бас тартуға мәжбүр екенін хабарлаған, деп жазады "Коммерсантъ".

Тағы 57%-ы күнделікті тұтынатын тауарларының арзан баға категорияларындағы баламасын іздейтінін жеткізді. Жалпы алғанда, Ресей халқының 49%-ы қатаң дискаунтерлерден сатып алады немесе дүкендерге өте сирек кіруге тырысады.

Өз кезегінде қатаң дискаунтерлер ұлт саулығынан сау-тамтық қалдырмайтын түрі бар.

"Мысалы, "Светофор" заң бұзушылықтан көшбасшы атанды. Тексеру барысында одан мерзімі өтіп кеткен және фальсификат тауарларды сату, өнімдерді сақтау шарттарының бұзылуы, антисанитария, көрсетілген және кассалық аппараттағы бағалардың өзара сәйкессіздігі анықталды. Алғашқы үш аймен салыстырғанда дискаунтерлердегі бұзушылықтар саны 1000%-ға дейін, он есе өскен", – деп мәлім етті "Известия" РФ бас прокуратурасының тексерістерінің қорытындысына сілтеме жасап.

Мысалға, рейд кезінде тексерушілер қорабымен сатылатын өнімдердің көктеп кеткеніне, кәмпит ішінен құрт шыққанына куә болыпты.

Олардың бар қалағаны – азық-түлік және басқа тауарлардың төмен бағамен сатылуы доғарылмаса, жалғасса болғаны.

Салдарынан, кейбір ресейлік өндірушілер өзінің бір өнім түрін беделді сауда желілеріне талап пен стандартқа сәйкес жасап жеткізсе, қатаң дискаунтерлерге сапасын да, бағасын да барынша төмен етіп, арнайы жасайтынды шығарғаны әшкере болды. Бұл жерде олар өніміне басқаша, жаңа атау береді екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу