Алматыда қанша базар қалды?

4498

Қала экономикасының 60%-дан астамы сауда және ойын-сауық секторына тәуелді. 

Алматыда қанша базар қалды?

Алматы әкімдігі жаңа "ALMATY BUSINESS–2025" кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын бекітетін болды. Құжат жобасы кәсіпкерлер талқылауына ұсынылған. Осы арқылы қала кәсіпкерлердің жерұйық мекенін айналуға ниетті. Жалпы, Алматының басқа амалы да жоқ: оның басты тірегі – тек бизнесмендер.

"Сауда және қызмет көрсету – біздің қала экономикасының дамуын анықтайтын секторлар. 2018 жыл қорытындысында жалпы өңірлік өнімнің 60,2%-дан астамы қызмет көрсету және сауда саласында өндірілді. Көтерме және бөлшек сауда – біздің шикізаттық емес сектордағы ірі сала болып табылады және ЖӨӨ-нің шамамен 36%-ын құрай отырып, қала экономикасына үлкен үлес қосады. Сауданың осындай елеулі үлесі Алматыда сауда орындары мен ойын-сауық орталықтарының өте көп шоғырлануымен түсіндіріледі", – дейді Алматы әкімдігі.

Басқаша айтқанда, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы да, Қапшағай да "қазақстандық Лас-Вегасқа" айнала алмағандықтан, бұл рөлді Алматы атқаруда.

Әкімдік ересек алматылықтардың басым көпшілігі – саудагерлер екенін анықтаған.

"Қызмет және сауда-саттық қаланың негізгі салалары болғандықтан, халықтың ең көп саны да дәл соларда жұмыс істейді. Саудада жұмыспен қамтылған адам саны 2018 жыл қорытындысында 222,6 мың адамды құрады. Бұл Алматы экономикасының кез келген басқа саласында жұмыспен қамтылғандар санынан 2 есе артық" – дейді әкімдік.

Білім беру секторы саудадан кейін екінші орында келеді, бірақ көрсеткіші әлдеқайда аз, онда жұмыс істейтін қызметкерлер саны 92 мың адамды құрайды. Алматыда көптеген ғылыми мекемелер, жобалау институттары мен жоғары оқу орындары шоғырланған. Еліміздегі барлық ғылыми ұйымдардың 40%-дан астамы Алматыда орналасқан.

Ел бойынша Алматы шағын және орта бизнес өнімдерін өндіру көлемі бойынша көш бастап тұр. Мұнда тіркелген шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны жыл сайын артып келеді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша бизнес нысандарының саны 274 мың 689-ға жетті. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 3,6%-ға артық.

Соның ішінде тек тіркелумен шектелмеген, нақты жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны да өсуде. 2018 жылдың қорытындысында олардың саны 174 509 болды, бұл өткен жылға қарағанда ─ 2,7%-ға көп.

Олар 7 трлн 70,1 млрд теңгенің өнім шығарды және қызмет көрсетті. Сөйтіп 2017 жылға қарағанда 16,4%-ға арттырған, алдыңғы жылы 6 трлн 69,1 млрд теңгенің затын өндіріп, қызметін көрсеткен екен.

Алатау бөктеріндегі қалада шағын және орта бизнес кәсіпорындарының қатарында жеке кәсіпкерлер қарасы басым, ал олар көбінесе сауда секторында құрылған. ШОБ ─ Алматыда жұмыс орындарын құрудың маңызды көзі. Ұлттық экономика министрлігінің cтатистика комитетінің мәліметінше, жұмыспен қамтылған алматылықтар саны 2016 жылы – 866,7 мың, 2017 жылы – 889 мың, ал 2018 жылы – 912 мың адам болған. Соның ішінде ШОБ-те жұмыспен қамтығандары тиісінше 598,1 (69%), 595 (67%) және 594 мың адам (65%). Яғни, бұл қаланың тірегі – бизнесмендер. Егер әлдеқалай жағдай болып, барлық кәсіпкерлер атаулы өз қызметін тоқтатса, не басқа өңірге үдере көшсе, Алматы байырғы сауда шаһарлары сияқты жер бетінен құруы ықтимал.

Әйтсе де, шағын және орта бизнес кәсіпорындары қала аудандары бойынша біркелкі бөлінбеген. Олардың саны бойынша Алмалы, Бостандық және Медеу аудандары көш бастап тұр. Ең төмен көрсеткіш Наурызбай және Алатау аудандарына тиесілі. 

Тағы бір қызықты дерек мәлім болды, қазіргі кезде базарда тұрған барлық қазақстандықтардың 16%-ы – алматылықтар.

"Бүгінде "Атамекен" ҰКП-мен бірге Алматыдағы кәсіпкерлік нысандарының қазіргі тізімін, олардың қызмет ету бағыттарын, жаңа өндірістік өсу нүктелерін, танымал өнімдер мен қызметтерді ашатын әлеуетті жобаларды анықтау үшін қалалық скрининг жүргізілуде. Пилоттық зерттеу қорытындысы бойынша Алматының барлық аудандарының іскерлік инвестициялық әлеуетіне кешенді талдау жүргізілетін болады. Сол талдау қорытындысында қалада шағын және орта кәсіпорындар деңгейінде де, салалық деңгейде де қызметтің басым салалары мен бизнес мүмкіндіктерінің өсу салалары белгіленеді", – деді Алматы әкімдігі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу