banner

Алматыда мектеп формасының құны қанша?

Алғашқы қоңырауға санаулы күн қалды. Қазір алдағы оқу жылына дайындық күшейген кез.  Мектеп формасынан бастап балаларының сөмке, қағаз-қаламы мен кітабын түгендеудің өзі біраз уақыт алады.

Алматыда мектеп формасының құны қанша?

Биылғы сәуірде мектеп формасын өндірушілер форумы өткен. Жиында ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының өкілі  Әсем  Жұматаева: "2019-2020 оқу жылы мектеп формасының құны 8800 – 40 000 теңге аралығында болады",- деген еді.

Бағалар осы межеде тұрақтады ма? Ата-аналар мектеп формасын алуға қанша ақша жұмсайды? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында оқу жылына дайындықты бастаған  ата-аналар пікірін білген едік.

Алматылық Сәуле Мусина биыл 7-сыныпқа баратын қызы Аяраның тек мектеп формасына ғана 100 мың теңге жұмсағанын айтады.

"Байқағаным биыл бағалар өткен жылмен салыстырғанда  жоғары. Мысалы,  костюмнің астынан киетін жейде құны өткен жылы 6000 теңгеден басталса, биыл бұл баға жоқ. Қазір қыздарға арналған жейденің құны 15 000 теңгеден басталады. Ал белдемшелер 17 000 теңгенің көлемінде. Сондықтан мектеп формасын толық алмадым. Тек ең қажетті  15 000 теңгеден  - 2 жейде, 17 000 теңгеге - белдемше және 30 000 теңгеге - көйлегін алдым. Майда-шүйде заттарын қосқанда тек мектеп формасына 100 теңгеге жуық ақша кетті", – деді ол.

Сәуле Мусина қызын дүкеннен киіндіргенін айтады. Яғни,  дүкеннен киіндірсеңіз  орта баға 100 мың теңге.

Мұны Алматыдағы "Азия парк" ОСО-дағы киім дүкенінің директоры Эльмира Искакова да растайды.

"Дүкеннен алсаңыз, ұл-қызға қарамастан киімге шамамен 100 мың теңге жұмсайсыз",– дейді ол.

Ал Айдана Әділбекова  1-сыныпқа баратын қызы Асылға мектеп формасын базардан алған.  Ол ең қажетті деген костюм, жейде мен белдемшенің өзіне 26500  теңге жұмсағанын айтады.

"Костюм – 11 000 теңге, ауыстырып киетін 2 жейде – 10 000 теңге және белдемше 5 500 теңге. Барлығын қосқанда   - 26 500 теңге кетті. Сондықтан көйлегі мен шалбарын кейін аламыз деп шештік. Әлі аяқ киім, басқа да қажеттіліктерін алуымыз керек. Шамамен мектеп форомасының өзіне 50 мың  теңгеден астам қаржы жұмсайтын сияқтымыз", деп отыр ол.

Біз Алматыдағы дүкендер мен базарлардағы бағаларды салыстырып, дүкеннен алсаң - 100 мың, базардан алсаң 50 мың теңге боларына көз жеткіздік.

Жоғарыдағы ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының өкілі  Әсем  Жұматаеваның "мектеп формасы 8800 бен 40000 теңге болады" дегені отандық кәсіпорындардағы тауардың өзіндік құны болса керек деген ой түйдік.  

Қазір елімізде мектеп формасын тігетін 17 кәсіпорын бар. Бұл отандық жеңіл өнеркәсіп иелерінің нарықтағы үлесі бар болғаны 7%-ды құрайтындығын көрсетеді. Ал қалған 93% - Қырғызстан, Қытай, Ресей мен Түркияға тиесілі. Бағалардың тұрақты болмауы шет мемлекеттерден келетін тауар құнының доллар бағамына байланысты болуымен, мектепке дайындық маусымында сатушылардың бағаны көтеретіндігімен байланысты болса керек.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу