Алматыда мемлекеттік тілді мойындамайтын емхана анықталды

3855

МСАК неге халықтың көңілін қалдыруда?  

Алматыда мемлекеттік тілді мойындамайтын емхана анықталды

Қазақстандықтар өз емханаларынан талай құқай көріп жүр. Шағым да қарша борауда. Бірақ бұдан сапа жақсарар емес.

Себебі, Денсаулық сақтау министрлігі сөзінде тұрмады: бюджет қаржысы әр сырқаттың соңынан еріп жүретінін, кез келген азамат өзі қалаған емханаға ерікті тіркеле алатынын жариялағанымен, іс жүзінде тұрғындарды тұрғылықты жері бойынша емханалар арасында бөліске салып, қатаң бекітіп берді.

Мұны "медициналық құлдық" деп атауға болатындай. Сырқаттардың өздерінен ұзап ешқайда кете алмайтынын ұғынған емханалардың қызметкерлері еркінсіп, дөрекі қылық танытатын кезі аз емес.

Алматы тұрғыны Әдебиет Есдәулетов жақсырақ түсіну үшін мемлекеттік тілде ақпарат сұратамын деп, ақыры 1986 жылға тап болғандай сезініпті: сол жылы, Колбин тұсында қазақ тіліне қатысты кез келген мәселе "ұлтшылдық көрінісі" деп танылып, адамдарға жала жабылғаны мәлім.

"Қаламыздағы №4 емханама барып, таңғы 9-да вакцина салғыздым. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдары екпе салғызатын азаматтарға жан-жақты түсініктеме береді деп еді. Содан мемлекеттік тілде вакцинаға қатысты жадынама-памятканы, анкетаны беруді сұрадым. Маған тек орыс тілінде ғана ұсынды. "Қазақшасы қайда, соны берсеңіздерші" деп айтып едім, мұным емхана қызметкерлеріне ұнамады", – дейді ол.

Емханадағылар өздерінде мемлекеттік тілде вакцинаға қатысты ештеңе жоқтығын мәлімдейді.

"Содан 3000-103 нөмірі бойынша бірыңғай медициналық байланыс орталығына қоңырау шалып, мемлекеттік тілде жадынама алу үшін қайда жүгінуге болатынын сұрадым. Ондағылар жадынама беру орнына, Қазақстанда мемлекеттік тіл екеу екенін маған түсіндіруге күш салды және мені "ұлтшылсыз, ұлтшылдық мәселені көтеріп отырсыз!" деп айыптады. Мен сабырлы қалыппен қазақ тілінде жадынама алуға құқығым барын ескертіп едім, ондай құқығыңыз жоқ деп шорт кесті. "Жалуйтесь куда хотите!" деп тілдесуді үзе салды", – деп қапаланады Ә.Есдәулетов.

Расында, қазіргі кезде қазақстандықтар Қазақстанда қазақ тілінде ақпарат сұрата қалса, орыстілділер "ұлтшыл" деп айыптап шыға келетінді шығарғаны жасырын емес. Елдегі этносаралық татулықты сақтау үшін билік мұндай айыптауларды тыю шараларын қабылдап, мемлекеттік тілде ақпарат сұратудың заңды екені жөнінде кең ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізгені жөн болар.

Шағымданушы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға тиісті өтініш жолдаған көрінеді. Министр әзірге жауап бермепті.

Жалпы, емханаларға қатысты шағымдар бір мезетке толастайтын емес. Елорда тұрғыны Алтынбек Ахметбек өзі тіркелген медұйымда талдау-анализдердің көбі жүзеге асырылмайтынына назаланады. Мұндай мәселе МСАК деңгейіндегі барлық ұйымға тән.

"Мен осы аптада Нұр-Сұлтан қаласындағы №10 қалалық емханаға "IGM және IGG коронавирусқа қарсы антидене аралас тест" тапсыру үшін бардым. Алдын ала қоңырау шалғанмын. Содан алдымен 203-ші кабинетке бас сұқтым. Ол жердегі медбике мені 201-ші кабинетке жіберді. Ол жақтағы дәрігер 279-ші кабинеттегі бөлім меңгерушісіне жолдады. Осылай әрлі-берлі сенделіп, кабинет жағалағаныммен ешқайсысы да маған анализды тапсыруға жолдама бере алмады. Себебі, оларда мұндай анализдің түрі жоқ! Және оларда тек осы ғана емес, басқа да мыңдаған анализдің түрі жоқ", – дейді ол.

ДСМ уәде еткендей, егер бір емхана сырқатқа тиісті қызмет көрсете алмаса, ол адам басқасына, тіпті жеке клиникаға жүгіне алады. Өйткені медициналық сақтандыру жүйесіне сәйкес, тиісті қаражат оның соңынан еріп, жекеменшік секторға да жетеді. Сөз жүзінде бәрі жақсы, шын мәнінде олай емес. Егер емхана бағыттама қағаз бермесе, жеке клиникалар сақтандыру аясында да қызмет көрсетпейді.

"Емханада өзінде анализ жоқ болса да, басқа емхана не лабораторияға жолдама жазып бере алмайды екен. Біз ол талдауды ақылы түрде жекеменшік лабораторияда өз ақшамыз есебінен тапсыруымыз керек көрінеді. Енді сұрақ туады: біз бәрібір ақылы түрде емделеді екенбіз, онда несіне міндетті медициналық сақтандырудың шығынын төлеп жүрміз?! Мысалы мен айына 8500 тенге, жылына 102 мың теңге ақшамды медициналық сақтандыру қорына аударамын. Тура осындай соманы әлгі қорға мен үшін жұмыс істейтін компаниям да аударып жатыр. Яғни сақтандыру қоры тек менің үстімнен ғана жылына 204 мың теңге алады. Бірақ мен жылына осы соманың 10%-ына да медициналық көмек ала алмаймын. Сонда біздің сақтандыру қорына аударатын ақшамыз кімнің қалтасына түсіп жатыр?!" – деп ашынады А.Ахметбек.

Ербол Досниязов та министр Цойдың ресми блогына қаншама рет шағымданғанын жеткізді.

"Шұғыл жауап беріңізші деп жедел шешілуге тиіс мәселемді жазамын. Екі ай өткен соң жауап келеді, ол кезде мәселе өзекті болмай қалады. Бұл салада проблеманың көптігі сонша, азаматтар тұйыққа тірелген жағдайға жетеді. Мысалы, МӘМС қорын құрғанда, билік енді сырқаттар қай жерде емделетінін өзі таңдайды деп мәлімдеді. Содан елордадағы №9 емхана менің талаптарыма сәйкес келетінін біліп, осы емхананы таңдап қойғанмын. Алайда екі ай өткенде мені алдымен "Аманат" атты жеке клиникаға, содан кейін "Шипагер" ЖШС-іне тіркеп қойғанын білдім. Ұлы дала даңғылында орналасқан, өзім тіркелген осы емханаға барғанда, төбе шашым тік тұрды. Жүрегім ауырған, қысымым 160-тан асып кеткен күйде жарты күн күтіп, ешқандай ем ала алмастан, үйге қайтуыма тура келді", – дейді ол.

Айтуынша, тіпті "фильтр кабинет" те қабылдаудан және қысымын өлшеуден бас тартыпты: "Бұл біздің міндетімізге жатпайды" деген.

"Дәрігерлер-мамандардан ешкім болмады. Екі учаскелік дәрігер ғана отырды. Бар бітіргені – компьютерде теріп, сырқаттарды әртүрлі емханаларға бағыттаумен айналысты. Яғни, олардың міндеті – емдеу емес, бағыттама беру екен. Мұндай дәрігердің қажеті не, оны хатшы қыз да жасай берер еді. Неге менің келісімімсіз және құлақтандырмастан билік мені кез келген емхана тіркей салады? Неге өзім таңдаған емханаға тіркелуіме рұқсат етпейді?" – дейді Е.Досниязов.

Әкімдіктердің денсаулық сақтауға жауапты басқармалары мұны "емхананың сырқаттарға жаяу жүріп баруға болатындай жақында орналасуы қажеттілігімен" (принцип шаговой доступности) түсіндіреді. Әйткенмен, егер тұрғын өз қаласындағы, тек басқа бөлігіндегі емхананы таңдаса, сонда емделуіне рұқсат еткен жөн. Оған жаяу бара ма, көлікпен жете ме, ол медицина шенеуніктері бас қатыратын мәселе емес. Немесе мемлекет барлық емханаларға бірдей талап қойып, бірдей жағдай жасап, бәрінде бірдей сапалы қызмет көрсетілуіне қол жеткізуі керек. Сонда азаматтар бөтен емханаға көзін сүзбейтін болады.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу