Алматыда спорттық резервті ғылыми қолдау бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба аясында спортшылардың жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйелерінің жұмысы, төзімділік деңгейі, жүктемеден кейінгі қалпына келу процесі және шамадан тыс шаршау қаупі жан-жақты бағалануда.
Диагностика барысында дене құрамын талдау, электроэнцефалография (ЭЭГ) және нақты уақыт режиміндегі ЭКГ мониторингімен қатар эргоспирометриялық тестілеу сияқты заманауи технологиялар қолданылуда.
Бағдарламаның алғашқы қатысушылары – спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың 133 тәрбиеленушісі. Жыл соңына дейін Алматының спорттық резервіне кіретін 200-ден астам жас спортшы тексеруден өтпек.
Жиналған деректер жаттықтырушыларға жаттығу үдерісін тиімді жоспарлауға, жүктемені дұрыс бөлуге және жарыс алдындағы жарақат қаупін азайтуға мүмкіндік береді.