Алматыда тағы жер сілкінісі болуы мүмкін бе? Сейсмолог жауап берді

Қазақстанда жер сілкінісі тақырыбын зерттеп жүрген санаулы ғалымдардың бірі, геофизика ғылымдарының докторы, геофизик-сейсмолог Әлқуат Нұрмағамбетовпен Алматыдағы жер сілкінісі туралы сөйлестік.

Алматыда тағы жер сілкінісі болуы мүмкін бе? Сейсмолог жауап берді Фото: inbusiness.kz

Саналы ғұмырын сейсмология саласына арнаған, сексеннен асқан ғалым ғылыми ортада "Қазақстандағы сейсмология ғылымдарының атасы" атанып кеткен.

1993 жылы "Қазақстанның сейсмикалық қауіпті аймағы" тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған. 

Қазақстанның сейсмикалық картасының авторына алматылықтарды алаңдатып отырған өзекті сұрақты қойдық.

– Сейсмолог ғалымдар кез келген табиғи апат міндетті түрде қайталанатынын айтады. Бірақ қанша уақыттан кейін қайталанады? Осыны нақты анықтау мүмкін бе? Мәселен, Алматыда кеше жер сілкінді. Тұрғындар жер сілкінісі қайталанып, эпицентр Алматыға ауысып кетуі мүмкін деп үрейленіп отыр. 

– Жер сілкіністері апат аймағында міндетті түрде қайталанады. Өкінішке қарай, ғылыми тұғыдан нақты қашан қайталанатынын анықтау әзірше мүмкін емес. Белгілі заңдылықтарға сүйеніп, тек әлсіз немесе күші орташа жер сілкінісі қашан болатынын біліп отыруға болады. Ал күшті жер сілкіністері өте сирек болғандықтан, заңдылық әзірше белгісіз. Дегенмен көпшілікке белгілі статистикалық әдісті қолдануға болады. Ол үшін сол аймақты болған жер сілкіністері жайлы нақты деректер статистикасына қарап, болжам жасай аламыз. Осы деректерді талдай келе, мынандай қорытындыға келуге болады.  Магнитудасы 7-ден жоғары (эпицентрдегі күші 9 балдан жоғары) ірі немесе жойқын сілкіністер сол аймақта 80-200 жыл арасында қайталану ықтималдығы өте жоғары. Табиғатта кездейсоқ құбылыстар болмайды. Олар бір-бірімен тығыз байланысты. Жүздеген жылдар бойы жиналған энергия немесе кернеу жердің бетіне шығып, соның әсерінен сілкініс болады. Мұндай өзгеріс алдымен сол жер сілкінісі болған жерге жақын аумақта болады. Екінші дүмпу сол алғашқы апатты сілкіністің әсерінен болуы ықтимал. Басқа сөзбен айтқанда, жиналған кернеудің қайталанып таралуы кезінде осал блоктың "сынуы" ықтимал.

Алматы – сейсмикалық тұрғыда ерекше қала. Ерекшелігі – территориясында 10 баллдық жер сілкінісі болуы мүмкін деп болжанған әлемдегі жалғыз  қала. Екінші ерекшелігі – Алматы шұңқырда орналасқан. Шөгінді тау жыныстарына толтырылған. Кіші Алматы, Үлкен Алматы деген өзендер бар. Сол өзен ағысымен келген уақ шөгінді тастар шұңқырға үйіле берген. Шұңқырдың кейбір жеріндегі қалыңдығы 3 км-ге дейін барады. Үшінші – қала аймағында тиктоникалық жарылымдар бар. 1983 жылы біз алғаш рет қаланың микроаудандау картасын жасадық. Қаланың астында төрт жарылым бар деп көрсеттік. Осы қазіргі картаны жасау барысында бір талдауға қатысып, тектоникалық жарылымдарды нақтылау жұмыстары "май шаммен қаралу" керегін айттым. Бірақ қазір сол жарылымдардың үстіне үйлер салынып тастаған. Сілкініс кезінде осы жарылымдарда орналасқан тұрғын үйде тұратындарға аса қауіпті. Өйткені жарылым деген – жер асты блоктардың шекарасы, ең жоғары амплитудалық өзгерістер осында болады, яғни сол жарылымдарда тұрған үйлердің ең бірінші қирау ықтималдығы жоғары. 

Алматыда екі көпқабатты үйлердің арасы тым жақын, бір-бірімен иін тіресіп тұрған үйлер бар. 9 баллдық жер сілкінісі бола қалса (болмай-ақ қойсын!), олардың арасы алшақ болуы керек. Өйткені жедел жәрдем, құтқарушылар, ауыр техникалар келеді. Олар үйінділердің арасына кіре алуы керек. Жобалаушыларға осыны есептеу соншалықты қиын болғаны ма деп ойлаймын. Арасы 10-15 м-ге дейін жақындатып жіберген. Бір-біріне құшақтасып тұр. Бұл өте қауіпті құбылыс. Қазақта "май шаммен қарау" керек деген сөз бар. Дәл осы сөз осы жерге арналған.

– Зерттеу институттары жер сілкінісі болуы мүмкін деген қорытындыға қалай келеді? Ірі жер сілкінісі болып, білмей қалуымыз мүмкін бе?

– Жалпы күшті немесе апатты жер сілкінісін болжау саласы екі сатыдан тұрады: бірінші – ғылыми ізденістер, екінші саты – іс жүзінде болжам айту. Ғылыми ізденістер бірнеше ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Өйткені проблема өте күрделі. Неге күрделі? Күрделілігі екі түрлі мәселеге байланысты.

Бірінші мәселе – жер сілкіну ошағы көзден тыс жер қойнауында орналасқан, оның тереңдігі – 10-15 км-ден 700 км-ге дейін барады. Біз ол жерде не болып жатқанын білмейміз. Сол ошағы орналасқан аумақта жер сілкінісі алдында қандай физикалық, химиялық процестер жүріп жатыр? Оны біз білмейміз. Біз тек қана жердің бетіне арнайы аспаптар қойып, болуы мүмкін алғышарттарды жазып, соны талдаймыз.

Оның ішінде бар ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. 1970 жылдары сейсмология ғылым саласында алғышарт деген ұғым пайда болды. Сол алғышарттарды зерттеумен айналыстық. Станция санын көбейттік. Қосымша датчиктер қойылды. Қазірде 100-ден астам алғышарттар анықталған. Дегенмен, ешбіреуі барлық жер сілкінісі алдында міндетті түрде қайталанбайды. Алғышарт бар, бірақ жер сілкінісі жоқ. Жер сілкінісі бар, алғышарт жоқ. Мұндай жағдайлар болуы мүмкін. Нақты айту мүмкін емес. Алғышарттың түрлері көп: сейсмикалық, электрлік, магниттік, гравитациялық, гидрогеологиялық өрістердің параметрлері. Ол алғышарттар күнде өзгеріп жатыр, ол жердің бетіне жақын процесстерге де байланысты.

Мәселен, жер сілікінісі болады деп алғышартқа жасап, болжам жасайсың. Ал ол әлсіз сілкініс болып, жердің бетіне жетпей қалуы, сезілмеуі мүмкін. Жердің бетінде әртүрлі қозғалыстар жүріп жатыр: транспорт, өнеркәсіп орындары, завод, фабрика, қозғалыс осының бәрі датчикке әсер етеді.

Екіншіден, нақты болжам жасау үшін жердің ішкі құрылысы зерттеу керек. Біз бұл сатыға әлі жеткен жоқпыз. Жетеміз деп те айта алмаймыз. Жердің ішкі құрылысын біз жалпылама ғана білеміз. Нақты білмейміз. Міне осы мәселелер анықталмай, жер сілкінісін алдын ала нақты болжау, екінші саты – нақты ғылыми негіздемемен болжауға көшу мүмкін емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу