Алматыда 24-27 шілде аралығында үстел теннисінен WTT Youth Contender Almaty халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дүбірлі дода Туризм және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Биылғы жарысқа 17 ел мен аумақтан 230 жас спортшы қатысады. Турнирде Қазақстаннан бөлек Аустралия, Әзербайжан, Гонконг, Израиль, Үндістан, Индонезия, Ирак, Иран, Қатар, Қытайлық Тайбэй, Корея Республикасы, Малайзия, Моңғолия, Түрікменстан, Өзбекстан және Жапонияның спортшылары бақ сынайды.
Қазақстан құрамасы сапында түрлі жас санаттарында 82 теннисші ел намысын қорғайды.
Халықаралық жарыс Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) мен World Table Tennis (WTT) ұйымдарының қолдауымен өтеді. Турнир халықаралық жасөспірімдер сериясының ресми күнтізбесіне енгізілгендіктен, қатысушылардың нәтижелері әлемдік рейтингті қалыптастыру кезінде есепке алынады.
Спортшылар 11 және 13 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар, 15, 17 және 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы жекелей сында, сондай-ақ 15 және 19 жасқа дейінгі аралас жұптар бәсекесінде жүлделерді сарапқа салады.
Жарыс Нұркент шағынауданындағы ADD Ustel Tennis Ortalygy спорт кешенінде өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін. Турнирдің матчтары SportPlus Qazaqstan телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.