Ел біріншілігіне Қазақстанның 16 өңірінен 200-ден астам үздік спортшы қатысып, командалық, жеке және жұптық санаттарда бақ сынады. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тартысты кездесулер мен әсерлі финалдарға толы болды.
Командалық жарыстар
Алдымен командалық есепте жүлделер сарапқа салынды. Ерлер арасындағы финалда Алматы құрамасы Қарағанды облысының командасын 3:2 есебімен жеңіп, чемпион атанды.
Жеңімпаздар сапында Айдос Кенжигулов, Дастан Кенжигулов, Санжар Жұбанов, Абдулла Мамай және Нұрдәулет Нұғай өнер көрсетті. Күміс жүлдені Қарағанды облысының спортшылары иеленді. Қола жүлделер Шымкент қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының командаларына бұйырды.
Әйелдер арасында Қарағанды облысының құрамасы финалда Алматы командасын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді. Үшінші орындарды Түркістан облысы мен Шығыс Қазақстан облысының командалары иеленді.
Жұптық ойындар
Әйелдер жұбында Анель Бақыт пен Ангелина Романовская чемпион атанды. Финалда олар Жанерке Қошқұмбаева мен Альбина Жақсылықованы жеңді. Қола жүлде Сарвиноз Миркадирова мен Зауреш Ақашеваға, сондай-ақ Дарья Гамова мен Екатерина Охмакқа бұйырды.
Аралас жұпта Кирилл Герасименко мен Зауреш Ақашева топ жарып, финалда Алан Құрманғалиев пен Дарья Фуды ұтты. Үшінші орын Ирисбек Артукметов пен Ангелина Романовскаяға, сондай-ақ Искандер Харки мен Сарвиноз Миркадироваға тиді.
Ерлер жұбында Кирилл Герасименко мен Алан Құрманғалиев чемпион атанып, финалда Айдос пен Дастан Кенжигуловтарды жеңді. Қола жүлдені Сагантай Құрмамбаев пен Денис Жолудев, сондай-ақ Искандер Харки мен Ирисбек Артукметов еншіледі.
Жекелей сайыстар
Ерлер арасындағы жекелей сында Кирилл Герасименко Санжар Жұбановты жеңіп, турнирдің абсолютті чемпионы атанды. Ол бұл жолы үш бірдей алтын медаль (жекелей, жұптық және аралас санатта) жеңіп алды.
Бұл – оның Қазақстан чемпионаттарындағы жекелей сындағы 12-ші жеңісі. Қола жүлде Искандер Харки мен Айдос Кенжигуловқа бұйырды.
Әйелдер арасында финал Қарағанды спортшылары арасында өтті. Зауреш Ақашева Жанерке Қошқұмбаеваны жеңіп, ел чемпионы атанды. Бұл – оның бесінші чемпиондық атағы. Үшінші орын Сарвиноз Миркадирова мен Анель Бақытқа бұйырды.
Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрады.
Қазақстан үстел теннисі федерациясы турнирді өткізуге қолдау көрсеткен демеушілерге – ADD Capital, ALLUR, Olimpbet, Halyk Bank, Kazakhmys, Sulpak, сондай-ақ медиа-серіктес Sport+ Qazaqstan арнасына алғыс білдірді.