Бүгін, 23 шілде Алматы қаласында "WTT Youth Contender Almaty" халықаралық турнирі басталды. Жарыс 26 шілдеге дейін жалғасады.
Аталған турнирге әлемнің 16 елінен 235 спортшы қатысуда. Қатысушылар қатарында Гонконг, Үндістан, Қатар, Қытай Тайбэі, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Сауд Арабиясы, АҚШ, Түрікменстан, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Жапониядан келген, сондай-ақ қазақстандық спортшылар бар.
Қазақстанның жасөспірімдер құрамасынан 86 теннисші түрлі жас санаттары бойынша ел намысын қорғап жатыр.
Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) мен Дүниежүзілік үстел теннисі (WTT) аясында өтіп жатқан бұл турнир жасөспірімдер сериясының ресми күнтізбесіне енгізілген және әлемдік рейтингке әсер етеді.
Жүлделі орындар келесі санаттар бойынша сарапқа салынады:
1. Ұлдар мен қыздар – жекелей сын, 11 жасқа дейін;
2. Ұлдар мен қыздар – жекелей сын, 13 жасқа дейін;
3. Жасөспірім ұлдар мен қыздар – жекелей сын, 15 жасқа дейін;
4. Жасөспірім ұлдар мен қыздар – жекелей сын, 17 жасқа дейін;
5. Жасөспірім ұлдар мен қыздар – жекелей сын, 19 жасқа дейін;
6. Аралас жұптық сын – 15 жасқа дейін;
7. Аралас жұптық сын – 19 жасқа дейін.
Жарыс Алматы қаласындағы "ADD Ustel Tennis Ortalygy" спорт кешенінде өтуде. Турнир тікелей эфирде "Qazsport" телеарнасынан көрсетіледі.