Алматыдағы локдаун ұзартылуы мүмкін

Бір аптаға енгізілген қатаң шектеулерлердің нақты қашан аяқталатыны эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ. 

Алматыдағы локдаун ұзартылуы мүмкін

Биылғы Әз-Наурызды қазақстандықтар тағы карантинде атап өтеді. Алматыда дәл осы күндері шектеулер күшейтілді.

Эпидемилогиялық жағдай күрделене түскенін айтқан Алматының Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 20 наурызда жаңа қаулыға қол қойды. Ал мереке қарсаңында жабылуға мәжбүр болған бизнес иелеріне Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы жағдайды түсіндіруге тырысып, баспасөз мәслихатын ұйымдастырды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Басқарма басшысы Еркебұлан Оразалин сөзін "бұл мәжбүрлі шара" деп бастады. 

"Біз карантин шаралары бизнес үшін ауыр соққы екенін түсінеміз және ол табыс көп болады деп күтілген мереке күндеріне сай келіп тұр. Алайда бұл эпидемиологиялық жағдайды жақсарту үшін қабылданған шаралар. Сондықтан кәсіпкерлерді шектеу шараларына түсіністікпен қарауға шақырамын", – деді Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы.

Осылайша Еркебұлан Оразалин кәсіпкерлерді карантин талаптарына жауапкершілікпен қарап, бір аптаға созылатын шектеу шарасын қатаң сақтауға шақырды. 

"Егер бір апта ішінде карантин шектеулерін сақтасақ, бұл қалыпты өмірге және толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ал қатаң шектеулер науқастар санының азаюына алып келмесе, локдаун пролонгациялануы мүмін", – деді басқарма басшысы.

Мұндағы пролонгация деген латын сөзінің астарында шектеу шаралары ұзартылуы мүмкін деген мән жатыр. Хош, бірақ қызметін толық тоқтатып, сыртқа тапсырыс жеткізуге негізделген қоғамдық тамақтану нысандары үшін бұл орасан шығын. Қазақстан рестораторлар клубы қауымдастығының президенті Гүлнар Кәтібаеваның айтуынша олардың кейбірі аяқ астынан енгізілген шектеулерге ренжіген екен.

"Жаңадан ашылған тамақтану нысандарының иелері қаулыны жақсы қабылдаған жоқ. Бұл түсінікті жағдай. Өйткені шектеу шаралары халық демалатын мереке күндерімен тұспа-тұс келді. Ал бұрыннан жұмыс істеп жүрген мейрамхана мен асхана иелері барынша байсалдылық танытты", – деді қауымдастық президенті.

Бұл ретте Еркебұлан Оразалин кәсіпкердерді қолдау шаралары да қарастырылып жатқанын тілге тиек етті. 

"Қазір нағыз жұмыс істейтін уақыт. Біз қандай қолдау шараларын қабылдауға  болатынын белсенді түрде талқылап жатырмыз. Былтыр Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қоғамдық тамақтану нысандарына уақытша үстелдерді, жазғы алаңдарды қандай да бір рұқсат құжаттарынсыз қою мүмкіндігіне келісім берді. Біз бұл мәселені қайта қозғадық. Қала әкімі бұл бастаманы қолдады", – дейді Еркебұлан Оразалин. 

Бұған қоса Алматы рестораторларына дайын өнімді нысандарының алдына шығарып сату мүмкін. Аталған бастама да әкімдікте саралануда. Қазақстан рестораторлар клубы қауымдастығының президенті Гүлнар Кәтібаеваның пайымынша бұл мүмкіндік кәсіпкерлерге айтарлықтай қолдау болады.  

Құралай Құдайберген
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу