Алматыдағы жер сілкінісі кезінде уақытылы ақпараттың жоқтығынан адамдар үрейге бой алдырды

2827

Барлық сеймикалық қауіпті өңірде оқытуларды жиі өткізіп отырған жөн.

Алматыдағы жер сілкінісі кезінде уақытылы ақпараттың жоқтығынан адамдар үрейге бой алдырды Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Төтенше жағдайлар министрлігінен бастап әкімдіктің және басқа да мемлекеттік органдардың барлық қызметі болған жайтқа ден қойғанын көріп отырмыз. Бақытымызға орай, қаза тапқандар жоқ, айтарлықтай зардап келмеді. Алайда зардап шеккендер бар. Адамдар уақытылы ақпараттың және нақты іс-қимылдың жоқтығынан үрейге бой алдырды. Олар екінші, үшінші қабаттардан құлаған кезде ойланбаған әрекеттің салдарынан зардап шекті. Бұл хабарлау жүйесін уақытылы іске қосып, тұрғындарға хабарламаларды ертерек жіберу керек екендігін көрсетіп отыр. Мұндай жағдайларда тұрғындардың іс-әрекеттерінің реттілігі туралы нақты ақпарат беріп отыру керек. Барлық сеймикалық қауіпті өңірде оқытуларды жиі өткізіп отырған жөн. Тұрғындар іс-әрекеттер алгоритмін тәжірибе жүзінде білуі тиіс", - деді Үкімет басшысы. 

Бұдан басқа Әлихан Смайылов келесі мәселелерге назар аудару қажеттігін баса айтты.

"Біріншіден, өңірлердің әкімдіктері жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп осындай төтенше жағдайларды жою және алдын алу бойынша іс-әрекеттер жоспарына түзету енгізуі қажет. Екіншіден, жақын уақытта шұғыл ден қою үшін басқару пункттерінде азаматтық қорғаныс күштері мен басқару органдарының жауапты тұлғалары мен басшыларының кезекшілігін енгізу қажет. Бұл тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарының бәріне қатысты. Ол үшін сеймикалық қауіпті аумақтарда азаматтық қорғаныс жүйесін жоғары дайындыққа көшірген жөн", - деп жалғастырды ол.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігіне зардап шеккендерді емдеумен қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. 

"Сонымен қатар ТЖМ қызметтері жағдайды тұрақты бақылауда ұстауы қажет", - деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Айта кету керек, осыған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы аумағында жойқын жер сілкінісі күтілмейтінін айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу