Алматыны бақылау үшін дрондар ұша бастауы мүмкін

1986

Халық үрейіне әкім жауап берді. 

Алматыны бақылау үшін дрондар ұша бастауы мүмкін

Аспанда кешелі бері "әскери" әуе көліктерінің ерсілі-қарсылы ұшуы алматылықтардың зәресін ұшырды.

Алматы қаласының "Думан-2" ықшамауданының тұрғындары жағдайды білу үшін өз бетінше әкімдікке жүгінді.

"Не болып кетті, өзі? Бүгін, 13 тамызда сырттағы гүрілден шошып ояндық. Үйлеріміздің төбесінен таңғы 8-ден тікұшақтар ұша бастады және біреу ғана болса жөн. Бірнешеуі жүр. Жұрт онсыз да пандемиядан қорқып, жүрегі шайлығып қалды. Оны азсынғандай, үнемі тып-тыныш жатқан, "спальный" аудандар үстінен шағын авиация ұшырғанынан қалай қорықпайсың! Мұндай ұшуларды дереу тоқтату керек. Халық арасында қауесет қайта тарап жатыр. Егер екі аптадан кейін біздің ықшамауданда адамдар жаппай індетке шалдыға бастаса, Үкімет алдына бұдан да қатаң сұрақ қоятын боламыз! Бұл "Думан-2" тұрғындарының пікірі", – дейді алматылық Альфия Шатрова.

Олар әкімдіктің алдын-ала хабарландыруы болмағанын айтады.

Тұрғындардың қобалжыған көңілін шаһар әкімі Бақытжан Сағынтаев басуға тырысты. Қалабасы жергілікті Полиция департаментінің мәліметіне сілтеме жасай отырып, қалада әуеден патрульдеу қайта жанданғанын жеткізді.

"Әуеден шолуды Төтенше жағдайлар департаментінің тікұшақтары жүзеге асыруда. Аспандағы патрулдеуге сондай-ақ Әкімшілік полиция және жергілікті полиция қызметінің басшылары қатысып жатыр. Олар құстар самғайтын биіктен қала жолдарындағы жағдайға мониторинг жүргізеді. Патрульдеу барысында қаладағы көлік қозғалысы қиындаған, кептеліс пайда болған жол телімдері туралы өзекті ақпарат тікұшақтардан жердегі патруль экипаждарына онлайн режимде беріліп отырады", – деді Б.Сағынтаев.

Бұл тек басы ғана көрінеді. Енді әуеге дрондар көтерілмек.

"Алматы қаласының Полиция департаменті хабарлағандай, мегаполисіміздің жолдарындағы ахуалды талдау және мониторингтеу үшін әуедегі тікұшақ патрульдерімен қатар дрондар да пайдаланылатын болады. Бұдан бөлек, танымал катографиялық ұялы қосымшалардың ресурстары жұмылдырылады", – деп мәлім етті Алматы әкімі өз блогында.

Өз кезегінде Алматы аспанында не істеп жатқанын полицейлер ішкі істер органының порталы Polisia.kz арқылы құлағдар етті.

"Әуедегі патрульдеудің мақсаты – қаладағы жолдардың ахуалына бақылау жүргізу және жалпы талдау жасау, барынша жүктелген көше қиылыстарын анықтап, онда қолмен реттеуді ұйымдастыру, мегаполистің негізгі магистралдерін зерттеу, жол тығынының туындау шарттарын әшкерелеп, себеп-салдарын жою. Кейінгі жылдары Алматы қаласында, көшелер мен магистралдерде көлік ағынының қарқыны айтарлықтай артты. Осыған орай полиция жол қозғалысын ұйымдастырушы жетілдіруге бағытталған шаралар қабылдауда. Автомобильдер жүрісіне нұқсан келтіретін себептерді анықтау, жол қозғалысын ұйымдастыру ісіне өзгерістер мен түзетулер енгізу бойынша жедел шешім қабылдау мақсатында қала үстінен қайтадан тікұшақтарды ұшыра бастауға ұйғарылды", – деп түсініктеме берді қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.

Оның сендіруінше, бұл шара еліміздің ең басты мегаполисінде жол жүрісі қауіпсіздігін нығайтып, жол апатының және жарақаттанудың азаюына оң ықпал етуге тиіс.   

Полицейлер ТЖ тікұшақтары кешеден бері әуеге көтеріле бастағанына назар аудартты.

Рас, кейбір сарапшылар бұдан басқа астарды байқапты.

"Бұл төңкеріс қаупі төнген "одақтас" Беларустегі күрделі ахуалмен байланысты болуы да ықтимал деген жорамал бар. Себебі, қазіргі аумалы-төкпелі заманда тұрақтылыққа қатер төндіретін кез келген сыртқы сын-тегеурінге билік дайын болуы керек. Алматы қашанда наразылық әлеуеті қомақты қала саналады. Рас, карантин шараларының әлсіреуіне, блок-бекеттердің алып тасталуына байланысты қала көшелерінде көліктің бұрынғыдай көбейгені байқалады. Бірақ әуеге тікұшақтарды жаппай көтеретіндей жолдарда төтенше жағдай туындаған жоқ қой. Тікұшақтардың ұшуы бюджетке қымбатқа түседі. Осының алдында ТЖ мамандары құтқарушы тікұшақтардың 1 сағат қана ұшуы 750 мың теңге тұратынын айтқаны есте", – дейді саясаттанушы Зейін Сабырқұлов.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу