Альпі баурайындағы ақ аламан: Италияда қысқы Олимпиада басталады

204

Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күндер қалды.

Альпі баурайындағы ақ аламан: Италияда қысқы Олимпиада басталады Фото: canva

2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италия тағы да әлем назарын өзіне аударады. Алғаш рет Қысқы Олимпия ойындары екі қалада қатар өтеді – қарбаласқа толы, заманауи Милан мен Альпінің баурайындағы әйгілі курорт Кортина-д’Ампеццо.

Милан – Олимпиаданың жүрегі саналады. Барлық мұз үстіндегі спорт түрлері дәл осы қалада өтеді. Сан-Сиро стадионында салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылады. Жанкүйерлер жаңа Санта-Джулия аренасындағы хоккей матчтары, Mediolanum Forum кешеніндегі мәнерлеп сырғанау мен шорт-трек жарыстарын тамашалай алады. Жарыстар арасындағы үзілісте Милан музейлері, мейрамханалары мен сәнді кварталдары арқылы қаланың ерекше атмосферасын сезінуге мүмкіндік бар.

Ал Кортина-д’Ампеццо, "Доломиттің ханшайымы" атанған тау шаһары, тау шаңғысы, кёрлинг пен бобслейді қабылдайды. 1956 жылғы Қысқы Олимпиада да дәл осы қалада өткен еді. 2026 жылы спортшылар Tofane мен Lagazuoi сияқты аңызға айналған беткейлерде бақ сынайды.

Миланға 3 ірі әуежай қызмет көрсетеді – Мальпенса, Линате және Бергамо. Қала Италияның солтүстігіндегі теміржол желілерімен жақсы байланысқан. Кортина-д’Ампеццоға автомобильмен 4-5 сағатта жетуге болады. Сондай-ақ, арнайы олимпиадалық шаттлдар, пойыздар, метро, автобус пен трамвай желілері жұмыс істейді.

Олимпиада билеттері тек ресми серіктестер арқылы сатылады. Бағалар спорт түрі мен кезеңіне байланысты: салтанатты рәсімдер мен финалдарға – 200-1000 еуро, медаль үшін өтетін жарыстарға – 80-300 еуро, алдын ала кезеңдерге – 30 еуродан. Паралимпиада ойындарының билеттері 20 еуродан қолжетімді.

Қыста Альпі ауа райы құбылмалы: Миланда шамамен +5°C, ал Кортинада -10°C-қа дейін төмендеуі мүмкін. Сондықтан жылы киімдеріңізді ала жүргеніңіз жөн.

Билеті жоқ жанкүйерлер үшін фан-зоналар жұмыс істейді. Сондай-ақ, тікелей трансляциялар, концерттер мен жергілікті ас мәзірі ұсынылады. Ұйымдастырушылар қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлетінін мәлімдеді, Барлық нысандарға әуежайдағыдай тексеріс арқылы кіргізіледі, тауда құтқару қызметі мен медицина мамандары кезекшілік етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу