Альпі туры. "Астана" шабандозы Гроссглокнерде жеңіске жетті

1428

Astana Qazaqstan Team командасының көшбасшысы Мигель Анхель Лопес "Альпі туры" көпкүндігінің төртінші кезеңінде Калс-ам-Гроссглокнер шыңында жеңіске жетті. 

Альпі туры. "Астана" шабандозы Гроссглокнерде жеңіске жетті

Лопес мәреге төрт шақырымдай қалғанда пелотоннан шабуылға шықты. Ол алдымен көш бастаған жалғыз шабандоз Тибо Пиноны қуып жетті. Содан кейін қарсы шабуылға шығып маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

"Мен үшін де, команда үшін де тамаша күн болды. Бұл таулы аймақта аяқталған жарыстың жалғыз кезеңі. Сондықтан бүгін бағымды сынап көргім келді. Кезеңді негізгі топта бірқалыпты жүріп өттім. Себебі Фабио мен Себастьян көшбасшы топта болды. Олардың мәреге жете алмайтыны белгілі болған соң, шабуылға шығуды жөн көрдім. Жойқын шабуылға шығып, тез арада пелотоннан алға оздым. Белгілі бір уақытқа дейін Тибо Пиноны қуып жете алатыныма сенімді емес едім. Ол әлі алда болатын. Дегенмен, мәреге 2,5 шақырым қалғанда оны көрдім. Тибоны қуып жетуге тырысып, қайта шабуылдадым. Мәре сызығына жеткенде тамаша сезімде болдым. Бұл жеңісті биыл өзім қайта оралған Astana Qazaqstan Team командасына арнағым келді", - деді Мигель Анхель Лопес.

"Біз бұл жарысқа "Джиро д'Италияға" дайындықтың соңғы кезеңінен өтуге, жарыс ырғағын сезінуге, әртүрлі тактикалық нұсқаларды сынап көруге және кезеңдегі жеңіс үшін күресуге келдік. Менің ойымша, біз "Альпі турында" жарыс аптасын ойдағыдай өткізіп жатырмыз. Бабымның жақсарғанын білемін және "Джиро" алдында дұрыс жолда келе жатырмын деп ойлаймын", - деп қоса кетті Лопес.

Astana Qazaqstan Team кезең бастала салысымен белсенділік танытты. Алдымен Давид Де Ла Крус шабуыл жасап, он бір адамнан тұратын топқа барып қосылды. Бұл топты пелотон қуып жеткен кезде, Фабио Феллине мен Себастьян Энао шабуылға шықты. Олар айтарлықтай басымдылыққа ие болды. Кезең барысында Феллине құлап, кейіннен пелотонға қайта оралды. Онда Мигель Анхель Лопеске қолдау көрсетті. Ал Себастьян Энао соңғы алты шақырымға дейін кезеңде жеңіске жету үшін күресті. Алда әлі бір шабандоз - Тибо Пино бар еді. Бірақ, ол да төртінші кезеңнің жеңімпазы атанған Мигель Анхель Лопестің шабуылына тойтарыс бере алмады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу