Альпі туры. Давид Де Ла Крус екінші орынға ие болды

839

Давид Де Ла Крус Лиенцте өткен "Альпі турының" финалдық кезеңінде мәреге екінші болып келді. Спринтте Astana Qazaqstan Team шабандозы бесінші кезеңнің жеңімпазы атанған Тибо Пиноға жол берді.

Альпі туры. Давид Де Ла Крус екінші орынға ие болды

"Мен үшін алғашқы төрт кезең қиынға соқты. Бірақ, бүгін өзімді әлдеқайда жақсы сезіндім. Бабым жақсы сияқты. "Джиро д'Италияға" дейін дайын боламын деп ойлаймын. Мен кезеңдегі жеңіс үшін күрестім. Жарыстың нәтижесіне көптеген факторлар әсер етуі мүмкін. Дегенмен бүгін Тибо Пино мықтырақ болды. Оны жеңісімен құттықтаймын. "Джирода" жолым болады деп үміттенемін. Енді "Льеж-Бастонь-Льежге" бара жатырмын. Одан кейін Будапештке жол тартамын", - деді Давид Де Ла Крус.

"Альпі турының" соңғы бесінші кезеңіне ауа райы – суық пен жаңбыр қатты әсер етті. Жарыс жолының 30-шы шақырымында 15 адамнан тұратын топ құрылды. Олардың арасында Давид Де Ла Крус те бар болатын. Astana Qazaqstan Team өкілі ең белсенді шабандоздардың бірі болды. Мәреге 65 шақырым қалғанда Тибо Пиномен бірге шабуыл жасап, негізгі топтан алға озды. Олар басымдықты арттыру үшін бірге жұмыс істеді. Де Ла Крус пен Тибо Пино мәреге бірге жетіп, спринтте француз шабандозы мықтырақ болды.

"Давид пен Тибо арасында нағыз шайқас болды және ең мықтысы жеңіске жетті. Біз "Альпі турында" тағы бір жеңіске жетуге біртабан жақын едік. Дегенмен Давидтің осы кезеңде көрсеткен нәтижесіне ризамын. Ол өте күшті көрінді және бұл "Джиро д'Италия" алдындағы жақсы белгі. Сондықтан бұл күн біз үшін сәтті аяқталды. Жалпы Альпі тауларында жарыс аптасын  жақсы өткіздік. "Джироға" баратын шабандоздардың барлығы алдағы жарысқа өздерінің дайын екендерін көрсетті", - деді команданың спорт директоры Александр Шефер.

Енді Astana Qazaqstan Team ертең, 24 сәуірде өтетін маусымның төртінші монументалды классикалық "Льеж – Бастонь – Льеж" велододасына қатысуға дайындалуда. Жарыста елордалық команда сапынан Давид Де Ла Крус, Стефан Де Бод, Фабио Феллине, Винченцо Нибали, Александр Рябушенко, Симоне Веласко, Андрей Зейц бақ сынайды.

Ермұхамед Мәулен