Әлтаевты депутаттықтан айырудың астарында не бар?

14986

Сарапшылар оған батылдық жетпегенін айтады.

Әлтаевты депутаттықтан айырудың астарында не бар?

Орталық сайлау комиссиясы "Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Б.Әлтаевтың өкілеттігін тоқтату туралы" қаулы қабылдады.

ОСК өз қаулысына біріншіден, Конституцияның 52-бабының 5-тармағы, екіншіден, "ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңының 24-бабы 7-тармағының 1) тармақшасы, 9-тармағы, үшіншіден, "Nur Otan" партиясының 2020 жылғы 30 қарашадағы №SQ-0101-20/4253 хаты және "Nur Otan" партиясы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының Саяси кеңесі Бюросының 2020 жылғы 30 қарашадағы №1 қаулысы негіз болғанын мәлімдеді.

"ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевтың өкілеттігі оның "Nur Otan" партиясының қатарынан шығарылғаны туралы "Nur Otan" партиясы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының Саяси кеңесі Бюросының 2020 жылғы 30 қарашадағы №1 қаулысына байланысты тоқтатылсын", – деді Ортсайлауком төрағасы Берік Имашев қаулыда.

Түсіндіре кетер жайт, ОСК сілтеме жасап отырған Ата заңның 52-бабының 5-тармағы "депутат конституциялық заңға сәйкес өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған" жағдайда оны мандатынан айыруды көздейді. Н.Әлтаев 2016 жылы "Nur Otan" партиясының тізімімен сайланды, енді оның құрамынан қуылған соң мандатын да тапсыруға тиіс. Парламентке қатысты заң да соны меңзейді. Ал партия Бюросының шешімінде не делінген? Онда Нұржан Әлтаевтың билеуші партия беделіне нұқсан келтіргені айтылады.

"Nur Otan"-ның Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев әріптесінің партия жарғысын бұзғанын, сондай-ақ партия мүшесінің Әдеп кодексіне қайшы әрекет жасағанын хабарлады. Осыған байланысты комитет Әлтаев мәселесін жеке қарапты. 

"Отырыстың қорытындысы бойынша "Nur Otan" партиясының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының Саяси кеңесі Бюросына Әлтаевты партия қатарынан шығару туралы ұсыным беру туралы шешім бірауыздан қабылданды және Бюроның тиісті қаулысында: "бірқатар бұқаралық мәлімдемелер жасау, соның ішінде жаңа саяси партия құру ниеті барын жариялау арқылы "Nur Otan" партиясының беделіне кір келтіретін және оның мүдделеріне нұқсанын тигізетін іс-әрекеттер жасағаны үшін" деген тұжырымдама жазылуға тиіс", – деді Павел Казанцев.

Кілең "Nur Otan" мүшелері саналатын "Ел Тірегінің" жетекшілері биылғы қыркүйек айының басында билеуші партия ұстанымынан елеулі өзгешеленетін кең саяси реформалар бағдарламасын жариялады.

"Бұл реформалар бізге қажет. Менің әріптестерім – "Ел Тірегінің" мүшелері "Nur Otan"-ға мүше, сондықтан егер көшбасшы партия осы реформаларды жүргізуге дайын болса, онда оны қолдауға дайынбыз! Біз партияның өзгерістерге және тың бетбұрыстарға алғашқы қадамдарын жасап жатқанын көріп отырмыз. Бұл бізді қуантады. Дегенмен, мен одан да әрі ілгерілеуге тиіспіз деп есептеймін", – деді сонда журналистерге сұхбат берген Нұржан Әлтаев.

Саясаттанушы Зейін Сабырқұлов Нұржан Әлтаевтың батылдық танытпағанына назар аудартады.

"Нұржанның партия құрам дегеніне де екі-үш жыл болды. Бірақ осы уақыт бойы ол жас бала сияқты билеуші партияның етегінен жібермей, жабысып ұстаумен болды. Дұрысында, ол "Nur Otan"-ның құрамынан бір жыл бұрын шығып, партия билетін де, депутаттық мандатын да өз еркімен тапсыруы керек еді. Олай жасамады. Бәлкім, билеуші партияның жаңа партиялық тізіміне кіруден үмітті болған шығар. Алайда ондай үміт қалмағанын түсінген соң байыпты емес мәлімдемелер жасап, беталды сынай бастады. Енді міне, нашар "мінездемемен" партия қатарынан қуылып отыр", – дейді сарапшы.

Өзге сарапшылар биліктің жаңа партия құру ісін жеңілдететін жаңа заңды шұғыл қабылдағанымен, бірде бір жаңа партия құруға рұқсат етпегенін алға тартуда.

"Жасыратыны жоқ, Әділет министрлігі жаңа партия құруды көздеген бастамашы топтардың бәрін сергелдеңге салды, тіркеу ісін созды, сөйтіп, сайлауға қатысуына мүмкіндік қалдырмады. Келемеж сияқты естілер, бірақ мұның әділетті жағы да бар: төрт жыл бойы "ұйықтап" келіп, дәл сайлау басталар алдында партия құрып, додаға түсу дұрыс емес. Бұл ұзақ жылдар бойы өз электоратымен жұмыс істеген іргелі партияларға қатысты әділетсіздік жасау болар еді. Осыған жол берген Қырғызстан не болды? 2020 жылғы 4 қазандағы Парламент сайлауына 16 партия қатысты, олардың әрқайсысы бір-бірінен ащырақ айғайлауға тырысып, елдің ойын сан-саққа жүгіртті, қоғамды қырыққа жарды. Сондықтан егер жаңа партия құрамын деушілердің ниеті салмақты болса, онда "сайлауға ілікпедік" деп өкпелеп, тоқтап қалмауы қажет, партияны құру ісін ары қарай ілгерілетіп, келесі сайлауға әзірленуге тиіс", – дейді З.Сабырқұлов.

Осының алдында Нұржан Әлтаев басқарма төрағасы болып табылатын El Tiregi өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағы осы аттас жаңа саяси партия ашатындарын жария етті. Экс-депутатқа жаңа саяси құрылымның басшылық органына кіру ұсынылыпты. Әлтаев оған келісті. Бұл билеуші партияның әлгіндей шешім қабылдауына түрткі болды.

Айта кету керек, 10 қаңтарда өтетін Парламент депутаттарының сайлауына партиялық тізімдерді ұсыну 30 қараша күні аяқталды. Демек, Н.Әлтаев партия құрса да бұл сайлауға қатыса алмайды.

Әлтаев сыртында El Tiregi басқармасына бұрынғы "нұротандық" депутат Бақыт Сыздықова, кәсіпкер Әділбек Бектібаев, заңгер, әлеуметтанушы ғалым Халида Әжіғұлова, кәсіпкер, экономист Асқар Әубәкіров, елордалық кәсіпкерлер Асқар Ахметов пен Алмат Бөлеков кіреді. 

Нұржан Әлтаев Мәжіліс сайтындағы ресми блогында әріптесі, "халықтық коммунистер" атынан сайланған іс басындағы Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың да өз саптарына қосылғанын хабарлады. Бірақ ҚХП әзірге Смирнованы мандатынан айыру туралы шешім қабылдамады. Керісінше, ол ҚХП партиялық тізіміне кандидат болып енді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу