25 мамырда "Алтын Дала" мемлекеттік табиғи резерватының аумағында керқұландардың (кертағының) бір тобы табиғатқа жіберілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Айғыр Галван Қазақстанға Прага қаласынан, ал төрт бие Венгриядағы Хортобадь ұлттық паркінен жеткізілген болатын. Бір жыл бойы жануарлар мамандар мен ветеринарлардың тұрақты бақылауымен реинтродукция орталығының кең қашаларында бейімделу кезеңінен өтті.
Осы уақыт ішінде керқұландар жаңа табиғи-климаттық жағдайларға сәтті бейімделіп, қысты аман өткізіп, даладағы дербес тіршілікке дайындалды. Табиғатқа жіберер алдында Галван айғырына GPS-қарғыбауы тағылды. Ол үйірдің қозғалысын бақылауға және жануарлардың табиғи ортадағы мінез-құлқы туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Табиғатқа жіберілгеннен кейін Галван бастаған төрт биеден тұратын үйір "Алтын Дала" мемлекеттік табиғи резерватының аумағын игере бастады. Мамандардың бақылауы бойынша жануарлардың жағдайы жақсы, олар жаңа жайылымдар мен суаттарды белсенді түрде зерттеуде. Керқұландар табиғатқа жіберілгеннен кейін де резерваттың мемлекеттік инспекторларының тұрақты бақылауы мен қорғауында болады. Мамандар олардың қозғалысын және жабайы табиғатқа бейімделуін одан әрі қадағалайды.
Керқұландарды табиғатқа жіберу осы сирек түрді тарихи мекендеу ортасына қайтару бағдарламасын іске асырудағы маңызды кезең және Қазақстандағы табиғи популяциясын қалпына келтіру жолындағы кезекті қадам болды. Қазақстандағы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жабайы жануарлар түрлерін сақтау мен қалпына келтіру жобасын іске асыруға қатысып жатқан барлық серіктестерімізге алғысымызды білдіреміз.