"Алтын доптың" 8 мәрте иегері Месси соңғы матчын өткізді

Аңыз ойыншы Аргентина ұлттық құрамадағы мансабын аяқтап отыр.  

"Алтын доптың" 8 мәрте иегері Месси соңғы матчын өткізді Фото: Contributor / FIFA / Gettyimages.ru

Қоштасу кешінде 39 жастағы Месси 11 метрлік айып соққысынан гол соғып, екі нәтижелі пас берген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Осылайша, Буэнос-Айрестегі "Монументаль" стадионында өткен жолдастық кездесуде Аргентина Бенинді 3:0 есебімен жеңді.

Жаза кетейік, "Монументаль" стадионында Месси ұлттық құрама сапындағы ең көп голын (19 гол) соққан. 

Ойынның 10-минутында кездесу бір минутқа тоқтатылып, стадиондағы жанкүйерлер Аргентина капитанына ұзақ қол соқты. Осы сәтте Бенин құрамасының футболшылары да Мессиді қолдады. 

– Мен мұнда мансабымдағы ең бақытты күндердің бірін өткіздім. Әлем чемпионатынан кейінгі алғашқы матчқа осы жерге оралған күнімді ешқашан ұмытпаймын. Сол күні көргендерім – өмірімдегі ең керемет сәттердің бірі, – деді Месси.

Кездесудің соңғы ысқырығынан соң стадион төбесінде дрондар шоуы ұйымдастырылды. Аспанда Мессидің мансабындағы айтулы сәттер бейнеленді. Соның ішінде 2022 жылғы әлем чемпионатында қолына әлем кубогын көтерген тарихи сәті де көрсетілді.

Месси Аргентина құрамасында 21 жыл доп теуіп, әлем чемпионы, екі дүркін Америка кубогының жеңімпазы және Олимпиада чемпионы атанды. Сонымен қатар, ол клубтық мансабында Испанияның 10 дүркін чемпионы, Чемпиондар лигасының төрт дүркін жеңімпазы атанып, "Алтын допты" 8 рет иеленді. 

Бенинге қарсы матч Мессидің Аргентина құрамасындағы 208-ойыны болды. Ол ұлттық құрамадағы мансабын 126 голмен аяқтап, команда тарихындағы ең көп матч өткізген әрі ең көп гол соққан футболшы мәртебесін сақтап қалды.

Бұған дейін Роналдудың Португалия ұлттық құрамасына қайта оралғанын жазған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу