"Аltyn Samǵaý-2021" ұлттық спорттық жүлдесінің жеңімпаздары анықталды

1476

12 желтоқсан күні Ұлттық Олимпиадалық комитет жылдың спорттық оқиғаларын қорытындылады. Елордадағы Конгресс орталықта Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Аltyn Samǵaý-2021" Ұлттық спорттық жүлдесін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

"Аltyn Samǵaý-2021" ұлттық спорттық жүлдесінің жеңімпаздары анықталды

Кеш қонақтары қатарында спортшылар, жаттықтырушылар, спорт ардагерлері, мемлекет қайраткерлері мен спорттық ұйымдардың басшылары болды. Олардың қатарында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мәмин мен Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев та бар. Бұл туралы Olympyc.kz хабарлады. Пандемияға байланысты шектеулерге орай, саланатты шара еліміздің үш қаласында бір мезгілде өтті. Шараның негізгі бөлігі Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылса, Алматы мен Түркістанда жасақталған арнайы студиядан онлайн көрсетілім жүргізілді.

"Спортшылардың табысы мен жеңісін біз мақтан етеміз. Жеңістің құрметіне тәуелсіз Қазақстанның байрағы көтеріліп, еліміздің әнұраны шырқалады. Біз сіздердің жетістіктеріңізбен мақтанамыз. Сіздерді жас ұрпақ үлгі етеді. Сіздерге денсаулық, бақыт, табыс және жаңа жеңістер тілейміз", – деді жиында сөз алған ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев. 

Көптеген аталым бойынша үздіктерді жанкүйерер таңдады. 22 қараша мен 6 желтоқсан аралығында олар өздерінің сүйікті спортшыларын Olympic.kz сайтында дауыс беру арқылы анықтады. "Үздік спортшы" және "Үздік спортшы қыз" аталымында қысқы және жазғы спорт түрлерінен төрт жеңімпаз таңдалды. Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері әрі әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, каратэден Токио-2020 Олимпиадасының және әлем чемпионатының қола жүлдегері Софья Берульцева, сондай-ақ шорт-тректен әлем кубогі кезеңдерінің жүлдегері Денис Никиша мен фристайл-могулдан әлем чемпионатының жүлдегері Юлия Галышева жүлде иегері атанды. 

Үздік жаттықтырушы атағына Мырзағали Айтжанов (бокстан Қазақстан командасының аға бапкері және Сәкен Бибосыновтың жеке жаттықтырушысы) пен Мәдіғали Қарсыбеков (шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері) жазғы және қысқы спорт түрлері бойынша лайық деп танылды. 

"Жылдың үздік командасы" атағын футзалдан Қазақстан құрамасы еншіледі. Биыл футзалшылар әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, төртінші орынға табан тіреген болатын. "Жыл жаңалығы" аталымында Токио-2020 Олимпиадасының қатысушысы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрқанат Әжіқанов топ жарды.

"Үздік аймақ" аталымында өзгерістер бар. Биыл ұйымдастырушылар олимпиадалық спорт түрлері бойынша 36 ұлттық федерацияға тізгін беріп, үздік аймақты федерация өкілдері анықтады. Дауыс беру нәтижесінде Алматы қаласы Алматы облысын бір ұпай басымдығымен ұтып, жеңіске жетті.

"Үздік ұлттық спорттық федерация" аталымында Қазақстан теннис Федерациясы топ жарды. Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік спортшы атағы пауэрлифтингтен Токио-2020 Паралимпиадалық ойындарының жеңімпазы Давид Дегтяровқа берілді. Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы атағына парадзюдодан Қазақстан командасының бас бапкері Жандос Қиянов лайық деп танылды. Оның үш шәкірті – Әнуар Сариев, Дәулет Теміржанов және Зарина Байбатина Токио-2020 Паралимпиада ойындарында үш күміс медаль жеңіп алған. 

"Спорттық медицина бойынша үздік маман" атағы дәрігер Азамат Нұрматовқа берілді. Ол Токио-2020 Олимпиада ойындарында медициналық штабтың бас дәрігері ретінде жұмыс істеді, сондай-ақ Олимпиадаға дайындық кезінде спортшылардың қауіпсіздігін сақтау жөніндегі топтың құрамында болды. Ең алдымен, КҒТ мамандары мен ҰОК арнайы Жедел штабының бірлескен жұмысының нәтижесінде Қазақстан командасы толық құраммен Олимпиадаға барып келді. 

Ұлттық Олимпиадалық комитеттің арнайы дәстүрлі жүлдесі – "Қазақстан спортының мақтанышы" отандық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосып, болашақ чемпиондарға үлгі атанған спортшылар мен қайраткерлерге табысталады. Биыл бұл жүлде грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы, 1981 жылғы әлем чемпионы, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері және Қазақ КСР-нңі еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровке берілді. Жүлдені даңқты қазақ балуанының ұлы, бүгінде әкесінің атындағы спорттық кешенді басқарып отырған Жандос Үшкемпіров алды. 

Әдеттегідей, жүлдені табыстау рәсімі танымал спортшылар мен даңқты спорт ардагерлеріне, Қазақстанның танымал мемлекет және қоғам қайраткерлеріне берілді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу