"Алтын сапа" жеңімпаздары анықталды

3750

ҚР Президентінің "Алтын сапа" сыйлығының жеңімпаздары анықталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премия иегерлерін онлайн құттықтады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

"Алтын сапа" жеңімпаздары анықталды

Өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласынан асты

"Біз сапалы өнім өндіріп, табысты жұмыс істеп жатқан бизнес өкілдерін жыл сайын марапаттаймыз. Әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға барынша атсалысып жүрген іскер азаматтарға құрмет көрсетеміз. Осылайша, еткен еңбек пен шынайы табысты дәріптейміз. "Алтын сапа" байқауы 15 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Бүгінге дейін 150-ден астам компания Президент сыйлығының иегері атанды", – деді Президент.

"Мұның зор символдық мәні бар. Егемендік кезеңінде Қазақстанда бизнестің дамуына жан-жақты жағдай жасалды. Соның нәтижесінде жаңа заманға сай кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты. Олар ұлттық экономиканың басты қозғаушы күшіне айналды. Бүгінде отандық бизнес еліміздегі индустрияландыру үдерісіне зор үлес қосып жатыр. Кейінгі 10 жылда өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласының көрсеткішінен асып, 33 пайызға жетті. Бүкіл еліміз бойынша 1 500 жаңа өндіріс іске қосылды. Бұл мақсатқа тоғыз трлн теңгеден астам инвестиция жұмсалды. 820 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты үш есе өсіп, 15,4 млрд долларға жетті. Қазақстанда өңделген өнімдер бүгінде 131 мемлекетке экспортталады", – деді Президент.

"Елдегі ең үлкен сыйлық"

"Алтын сапа" арнайы сыйлығын Премьер-Министр Асқар Маминнің қолынан екі қазақстандық кәсіпорын алды: "YDD Corporation" ЖШС (Қарағанды облысы) "Үздік индустриялық жоба" номинациясы бойынша және "Агрофирма TNK" ЖШС (Ақмола облысы) "Үздік инновациялық жоба" номинациясы бойынша.

"Агрофирма TNK" ЖШС бас директоры Батырбек Уәлиевтің айтуынша, компания екінші рет беделді марапатқа ие болып отыр. Алғаш рет "Алтын Сапа" статуэткасы және 2016 жылы "Ең үздік кәсіпорын" атағын "Агрофирма" жеңіп алған.

"Бұл көрші нарықтарға шығу үшін байланыс орнатуға көмектесетін мәртебе. Өйткені біздің өнімге қызығушылық танытатын елдер өніміміздің сапасы туралы сұрағанда Қазақстандағы ең үлкен марапатты алғанымызды айтамыз. Содан кейін олардың бізбен жұмыс істеуге құлшыныстары артады. Бүгінде компаниямыздағы өнімнің 70% экспортқа бағдарланған. Орта Азия елдеріне ұн, кебек, ет, сүт сынды әртүрлі өнімдерді шығарамыз", – деді Батырбек Уәлиев.

Әрқайсысы өз деңгейін сынап көреді

"Алтын сапа" арқылы әр кәсіпорын өзінің қаншалықты халықаралық стандарт бойынша жұмыс істейтінін сынап көреді. 

"Біріншіден, компаниялар өзін-өзі бағалайды. Тоғыз критерий бойынша есеп береді. Сосын өңірлік деңгейдегі сарапшылар, кейін "Атамекен" ҰКП деңгейінде баға беріледі. Осыдан өткен финалист кәсіпорындарға сарапшылар барады. Олар компания берген ақпараттың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін зерттейді. Бұл қазақстандық нарықтағы ең үздіктерді анықтауға көмектеседі", – деді "Атамекен" ҰКП жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова.

15 жыл ішінде конкурсты ұйымдастырушылар 2,5 мыңға жуық өтінім қабылдады. 140-тан астам кәсіпорын өз саласында үздік атаққа ие болды. 

Биылғы қорытынды бойынша, Қарағанды облысы "Maker (Мэйкер)" ЖШС, Батыс Қазақстан облысы "БатысМунайГазЖабдыктары" ЖШС және Алматы қаласы "DOC Co.LTD" ЖШС "Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын" номинациясының лауреаттары атанды.

Ал "Қызмет көрсететін үздік кәсіпорындар" аталымына Алматы қаласы "ИНВИТРО-Қазақстан" ЖШС, Қарағанды облысы "ТехноГруппСервис" ЖШС, Нұр-Сұлтан қаласы "THE CHEF delicatessen" ЖК лайық деп танылды.

"Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын" номинациясында Алматы облысының "Первый пивзавод" ЖШС, Қызылорда облысының "Абай Дәулет" ЖШС және Жамбыл облысының "Kaz-Ir Agro" ЖШС жеңімпаз атанды.

"Халық үшін тауарлар шығаратын үздік кәсіпорындар" санатында Батыс Қазақстан облысы "Кублей" ЖШС, Шымкент қаласы "ЭкоФарм Интернейшнл" ЖШС, сондай-ақ Қызылорда облысынан "Алтын Орда" ЖШС үздік шықты.

Айта кету керек, іс-шараны 2016 жылдан бері "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырады.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу