Алыпсатарлардың лоббиі Қазақстанның агроөнеркәсібін тұралатып тұр

4533

Бұл мәселе ұн өнеркәсібінің түбіне жеткен. Енді май өңдеу саласына да қауіп төніп тұр.

Алыпсатарлардың лоббиі Қазақстанның агроөнеркәсібін тұралатып тұр

Ақпанның басында Қазақстан бидай одағы Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүгініп, шикі және тазартылған күнбағыс майының экспортына квотаны арттырмау туралы өтініш жолдады.

Салалық бірлестік бұл әрекеттерін ішкі нарықта шикізат пен майдың жетіспеушілігі туындауы мүмкін екендігімен түсіндіреді. Ал қайта өңдеушілер профицит байқалатынын мәлімдесе, сарапшылар қайта өңделген өнімнің орнына күнбағыс дәнін экспорттауда лобби барын айтады. Осы мақалада бидайшылардың неліктен май проблемасына әуестене қалғанын анықтап көрдік.

Қазақстанда май жетіспей қалуы мүмкін бе?

Ауыл шаруашылығына Бидай одағындағылардың жүгінгені туралы хабарлама осы жылдың 7 ақпанында жарияланды. Жалпы бұл әрекет сыртқы сауда саясаты жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Қазақстан аумағынан күнбағыс майын шығару туралы шешімімен тікелей байланысты. Шешім 28 қаңтарда қабылданып, тіпті НҚА жобасы да шығып қойған. Оның талқылауы 17 ақпанға дейін жалғасты.

Бидай одағы бұдан басқа да алаңдайтын себептерді атады: одақтағылардың пайымдауынша, былтыр қабылданған, күнбағыс дәні мен күнбағыс майының экспортын реттеу "ішкі нарықтағы бидай трейдерлерінің белсенділігін шектеген". Бидай одағындағылардың айтуынша, бұл жағдай ішкі бағаларға әсер етіп, күнбағыс дақылдарын тек қайта өңдейтін кәсіпорындар ғана сатып алатын болған.

Одақтағылар келтірген мәліметке сүйенсек, қазан-қараша айларында ішкі нарықта күнбағыс дәнінің тонналық бағасы бидай трейдерлері нарыққа қатысқан кезде 240-250 теңгені құраса, желтоқсан мен қаңтар айларында нарықта тек қайта өңдеушілер қалған кезде баға тоннасына 210-215 мың теңгеге дейін құлдыраған.

“Оған қоса осы кезеңде сатып алуға қатысқан бидай трейдерлері тоннасына 220-225 мың теңгеден ұсынған. Алайда бидай трейдерлері алған, жекелеген квота мөлшерінің төмендігі сатып алу көлемі бойынша олардың ұсынысын іркіп, күнбағыс дәнінің нарықтағы бағасын объективті түрде қалыптастыруға ықпал еткен жоқ", - делінген Бидай одағының хабарламасында.

Бидайшылардың ойынша, мұндай жағдай шынайы сұранысты және ұсынысты көрсетпейді, "ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін әділетті емес". Проблеманы реттеу үшін салалық қауымдастық негізінен үш шара қабылдауды ұсынады: біріншіден, күнбағыс дәнін шығаруға арналған квотаны арттыру жөніндегі жұмысты тоқтату, екіншіден, күнбағыс дәніне деген ұсыныс пен сұраныстың балансын бағалау, үшіншіден, ішкі нарықта аграршылар үшін әділетті нарықтық бағаны қалыптастыру үшін күнбағыс майы мен күнбағыс дәнінің экспортын реттеу шараларын қайта қарау.

Қысқаша айтқанда, Бидай одағы қайта өңделген өнімнің экспортын арттырмауды, сонымен бірге күнбағыс дәнін, яғни шикізаттың экспортын реттеу тетігін алып тастауды сұрап отыр.

Қайта өңдеушілердің айтары бар

Мәселені осылай тікесінен қою ел билігінің мәлімдемесімен кереғар келетінін атап өту керек. Мәселен, 2021 жылдың қыркүйек айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге тек "қосылған құны жоғары, қайта өңделген өнім" шығарылуы керектігін мәлімдеген.

“Біз дәстүрлі түрде ұнды Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан нарығына шығарамыз. Жалпы үкімет, одан қалды сауда министрлігі тарифтік реттеу мәселесімен бұдан да жіті айналысуы керек деп есептеймін. Үкімет келешекте бидайға экспорттық баж салу мәселесін көтеріп отыр. Бірақ қазір қалыптасқан жағдайды есепке алсақ, бұл қадамға бару әзірге ертерек. Сол себепті тауар өндірушілерге, әсіресе ұн өндірушілерге көмектесу үшін субсидиялар тетігін іске қосуымыз керек. Біз дайын, қосылған құны жоғары қайта өңделген өнімді шығаруымыз керек", - деді мемлекет басшысы.

Қайта өңделген агроөнімнің экспортын арттыру қажеттігі туралы Ұлттық даму жоспарында да айтылады. Ол жоспарға сәйкес, шикізаттық емес тауарларды шетелге шығару көлемі 2025 жылға қарай екі есе өсуі тиіс. АӨК-ті дамыту бағдарламасында 2025 жылға қарай тауық етінің өндірісі 524 мың тоннаға, ал өндірістік сектордың жүктемелік деңгейі 70% дейін жетуі керек. Бұл міндет бидайды және майды қайта өңдеу саласына да жүктелгелі отыр.

Алайда нарыққа қатысушылардың бәрі де мәселені бұлай шешу керек деген пікірмен келіспейді. Майды қайта өңдеу саласында еңбек ететін әрі өз атын атамауды өтінген қазақстандық кәсіпкер редакцияға (Инбизнес.кз порталына) нарықтағы компаниялардың бір бөлігі дайын өнімнің жеткізілуіне кедергі келтіріп, экспорттан пайда түсіргісі келетінін айтады.

Оның айтуынша, бұл компаниялар бидайды қайта сату саласында жұмыс істейді әрі ірі элеваторларды бақылауда ұстап отыр. Алайда олардың өзі бидайды өсірмейді, өнімді қайта өңдеу саласында да тер төкпейді. Бидай одағының өз сайтын шолып көрсек, ол одақтың мүшелері жалпы егістіктің 17%-на ғана ие екенін көреміз. Солай дегенмен ондағылар экспорттың 70% - 5 млн тоннаға дейінгі өнімді бақылайды. Осыдан-ақ белгілі – Бидай одағы шынтуайтында, фермерлердің емес, қайта сатушылардың сойылын соғып жүр.

“Мемлекеттік аппаратта лоббиі бар бірнеше трейдердің өзі ғана бидайды шетелге сатудан аса зор пайда көріп қалғысы келіп жүр. Тыйымнан бас тарту керек деген ұстаныммен олар фермерлер ақша табуы керек дегенді негізгі аргумент ретінде пайдаланады. Бірақ шын мәнінде, сол фермерлердің өзіне де ақша жетпей қалады, өйткені бүкіл бидайды трейдерлер сатып алады да, барлық пайда солардың уысында қалады. Енді олар пайда жолында май дақылдарының нарығын да басып алуға талпынып жүр”, – деп есептейді аграршылар.

Май дақылдарын қайта өңдеушілердің өзі Бидай одағы көтеріп жүрген проблемалардың іс жүзінде жоқтығын айтады. Яғни май экспортын не өсіру керек, не мүлде алып тастау керек. Әйтпегенде мұның соңы өндіруші зауыттар үшін ғана емес, жапсарлас салаларға да, тіпті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін де едәуір проблема туғызуы мүмкін.

Біздің редакцияның қарауында Май дақылдарын қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының аналитикалық жазбасы да бар. Ол жазба үкіметке жолданып қойған. Онда Бидай одағы жолдаған өтініштегідей "күннен күнге күрделеніп бара жатқан, реттелмеген жағдай" туралы айтылады. Алайда оның себептері алдыңғыға мүлде кереғар.

“2022 жылдың 28 қаңтарында сыртқы сауда саясаты жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қабылданған, күнбағыс майына квотаны арттыру туралы шешім әлі күнге дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарауында жатыр. Қазіргі уақытта күнбағыс майын өңдеу бойынша жалпы қуаттылығы 1,9 млн тоннаны немесе республикадағы жалпы қуаттылықтың 74% құрайтын 24 май зауытының жұмысы тоқтап тұр”, - делінген жазбада.

Зауыттардың тоқтап қалуының себебі бесенеден белгілі – сыйымдылығы жағынан ішкі нарықтың ауқымы шектеулі, ал зауыттардың резервуарлары толып қалған. Майды апаратын орын жоқ. Оған қоса бұл кәсіпорындардың тоқтауы – құс және мал шаруашылығында пайдаланылатын жем, яғни жымықтың азаюына апарып соғады.

Бұл хатта фермерлерден сатып алу кезінде бағаның әділетсіздігі жайлы мәлімдемеге жауап берілген.

Қауымдастық ұсынған дерекке сүйенсек, қыркүйекте күнбағыс дәнінің бағасы орта есеппен келісіне 180-200 теңгені, ал қазанда 220-250 теңгені, қарашада 220-260 теңге, желтоқсанда – 230-260 теңге, қаңтарда – 220-240 теңге, ақпанда – 210-235 теңгені құраған.

"Оған қоса қараша-желтоқсан айларында күнбағыс дәні де, күнбағыс майы да экспортталмаған кезде дәннің бағасы қазандағы бағадан қымбат болған. Бағаның төмендемеуіне ішкі жетіспеушілік себеп болған. Ол жағдай күнбағыс дәнін қайта өңдеу қуаттылығының оның өндіріспен салыстырғандағы ара салмағымен расталады, яғни күнбағыстың жалпы түсімі май зауыттарын жүктеу үшін қажетті көлемнен үш есе аз деген сөз ", - дейді май дақылдарын қайта өңдеу қауымдастығында.

Сол себепті мамандардың есептеуінше, қайта өңделген өнімнің емес, күнбағыс дәнінің экспортын шектеу керек.

Мәселе мынада: Қазақстан Орталық Азия нарығына күнбағысты жеткізетін бірден-бір ел. Аймақтағы басқа елдер климат және жер жағдайына байланысты ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін оны жеткілікті деңгейде өсіре алмайды. Міне, сондықтан олар Қазақстаннан импортты арттыруға мәжбүр.

Мәселен, Өзбекстан импортты үш есе арттырды: 2015-2016 жылдары 90,2 мың тонна алып келсе, 2018-2019 жылдары бұл көлемді 257 мың тоннаға дейін жеткізді.

Қытай да сол. 2016-2017 жылдары импорт көлемін 101,36 мың тонна деңгейінде сақтап келсе, 2019-2020 жылдары 196,1 мың тоннаға дейін өсірді.

" COVID-19 індетінің шектеуіне байланысты ғана күнбағыс экспорты 2020 жылдың наурызында төмендеді. Десе де май нарығының қатысушылары шектеулердің бәрі алынып тасталғаннан кейін дәнекті сыртқа шығару көлемі ковидке дейінгі деңгейге жететінін түсінеді (...) Күнбағыс дәнінің нарығы ашылған жағдайда импортшылар тарапынан сұраныс көбейетіндіктен, ішкі нарықта баға 18-25% өсетіні болжанып отыр. Бұл өз кезегінде күнбағыс майы бағасының өсуіне түрткі болады. Яғни ол тұста дайын май өнімінің өзіндік құнында күнбағыс дәнінің бағасы 80% құрайтындықтан, күнбағыс майының 1 тоннасы шамамен 60-110 мың теңге аралығында өседі", - деп атап өтеді қайта өңдеушілер қауымдастығы.

Оған қоса дәнді елден шығаруды көздейтіндердің қатарында жалғыз фермерлер ғана тұрған жоқ. Күнбағыс экспортына арналған квотаға өтініш берген 59 компанияның ішіндегі 53 компания (немесе оның 90%) – трейдерлер.

"Трейдерлік компаниялардағы қызметкерлердің саны бар-жоғы 5-10 адам. Ал май зауытында орташа есеппен кемінде 100-200 адам еңбек етеді. Егер олардың салық төлемдерін салыстырар болсақ, май зауыты әрбір қызметкері үшін салық төлейді, демек, трейдерлік компанияға қарағанда оның төлейтін салығы 30 есе көп", - деп атап өткен қауымдастық "жекелеген салалық бірлестіктер" өз мүддесі үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ақпан айының соңына дейін ешқандай шара қабылдамай, содан кейін ғана экспорт үшін дән нарығын ашуды ұсынып отырғанына назар аудару керектігін хабарлайды.

Бұл жағдай айналып келгенде бір кездегі ұн саласындай, май саласын құртып тынуы мүмкін. Ал мұның соңы мыңдаған жұмыс орнының қысқарып, миллиардтаған салықтың төленбейтінін білдіреді.

Ақыры кімдікі дұрыс?

Ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшы Алмасбек Садырбаев трейдерлердің мемлекеттік аппарат ішінде, расында да, лоббиі барын растайды. Мемаппараттағы көкелер өнімді қайта өңдеуге мүмкіндік бермей, шикізаттан түсетін пайданы тең бөлісіп отыр. Алғашқыда бұл құйтырқылық бидай саласын шатқаяқтатып, ұн саласының түбіне жеткен, ал енді пайдакүнем топ майға ауыз салды.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытында дұрыс тапсырма берді. Бірақ осы тапсырмаларды орындау барысы тығырыққа тіреледі. Өйткені президент күресіп жатқан олигополия сол мемлекет басшысының айналасында, үкімет пен парламентте отыр", - дейді ол редакцияға білдірген пікірінде.

Алмасбек Садырбаев осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан ұн экспорты бойынша аймақта көшбасшы болғанын еске салады. Сол кезде мал шаруашылығына қажетті жем-шөп мәселесі де, нанның қымбаттау проблемасы да болмаған.

Қазақстанда ол тұста 2 мыңға тарта үлкен әрі шағын диірмен бар-тын. Алайда уақыт өте келе үкімет әртүрлі сылтау тауып, нарықты қыса бастады. Ақыры, бар-жоғы бес жылдың ішінде нарықта тек ірі 350 диірмен қалды. Ал шын мәнінде жұмыс істеп жатқан диірмендер саны қазір 100-ден сәл асады.

"Қалғаны не жабылды немесе құрып, Өзбекстанға көшірілді. Енді қазір сол елде біздің диірмендер бидайымызды өңдеп жатыр", - дейді сарапшы.

Мұның салдары көзге ұрып тұр: Қазақстан ішінде бидайды қайта өңдеу көлемі азайып қалғандықтан, нан өнімдерінің бағасы өсті, ал мал болса жем-шөптің – қайта өңдеуден қалатын қалдықтың аздығынан қырылып жатыр.

"Бұл дұрыс емес", - деп атап өтеді Алмасбек Садырбаев.

Проблема шикізаттың экспортына келіп тіреледі. Экспортты сонымен бірге бидайды арзандатып, оны шетелге ұтымды бағамен сатуға мүмкіндік беретін субсидиялар да ынталандырады.

"Тіпті субсидияларды бөліп, басқа да шараларды, мәселен, несиелерді есепке алғанда бидай қазақстандықтар үшін арзан болуы тиіс. Алайда осынау арзан бидайды өсіре отырып, біз оны сыртқа – Өзбекстанға, Тәжікстан, Ауғанстан, Иранға беріп келеміз. Кез келген есті елде субсидиялар ел ішінде қалуы керек қой. Бидайды шетелге шығарғың келеді екен – ендеше субсидияларды қайтара ғой", - дейді сарапшы.

Сарапшының сөзіне сенсек, бұл тұрғыда Ресей кеден бажын енгізе отырып, субсидиялар бойынша мәселелерді тиімді түрде реттеп алған.

"Осының арқасында ол елде қазынаға миллиардаған доллар түсіп жатыр. Тоннасына 50 доллардан беруден бастаған, қазір қалқымалы баж 95,8 долларды құрайды. Осы ақшаны енді ресейліктер тағы АӨК-ке бағыттап жатыр. Жыл сайын қолдау шаралары өсіп келеді. Ал біз бидайды субсидиямен өсіреміз де, оны шетелге сатамыз", - дейді Алмасбек Садырбаев.

Оның айтуына қарағанда, кеден бажының енгізілуіне парламенттегі, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен үкіметтегі лобби мүмкіндік бермей тұр. Ондағы кейбіреулер "бидайды шығаратын 5-7 ірі компанияны қолдауды қолай көреді".

"Олар оператор мен элеватор иелері атанғаннан кейін осының бәріне қол жеткізді. Олар билікті өзінің қандай да бір мүддесіне пайдаланғысы келген кезде бидай қымбаттаған жағдайда фермер де көп ақша табатынын алға тартады. Алайда олар, трейдерлер, жұртты адастырып отыр. Маусым басталған кезде фермерлер бидайының 60-70% сатады. Өйткені оны сақтайтын орын жоқ. Бидай элеваторға келіп жеткен кезде спекулянттар фермерден де, мемлекеттен де пайда көреді. Трейдерлер осылай күн көріп отыр", - деп түсіндіреді сарапшы.

Бидай нарығын "жаулап алғаннан кейін" трейдерлер май дақылдарын қолға ала бастаған.

"Бидай трейдерлері Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы күнбағыс дәнін сыртқа шығару лоббиін өткізгісі келеді. Солайша, тұтыну балансын қайта-қайта есептеуді ұсынып, майды сыртқа сату квотасының артуына кедергі келтіріп отыр. Ал зауыттардың қоймалары лық толып қалды. Резервуарлары да сол. Алайда майды экспорттаудағы лимит күшінде тұр. Ал елдің ішкі нарығы тұтыну жағынан шектеулі", - дейді Алмасбек Садырбаев.

Квота енгізілгендіктен, экспорт қысқарды, өндіріс тоқтады. Өз міндетін орындау үшін, мәселен, салық пен несиесін, айлығын төлеу үшін зауыттар дайын өнімнің, оның ішінде уызы жоғары жемнің бағасын көтеруге мәжбүр болады.

"Май зауыттары шығынға ұшырап жатыр. Шығынын жабу үшін оларға қаражат керек. Бұл шығындар өнімнің құнын белгілеуге ықпал етеді. Осыдан барып май мен жем түріндегі өндіріс қалдықтарының бағасы шарықтап шыға келеді. Ақыры, қайта өңдеу саласы шатқаяқтап, тұтынушы қиналады. Ал бұл азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді", - деп атап өтті сарапшы.

Оның пайымдауынша, ірі компаниялар тобының осы әрекеттерін монополияға қарсы комитет тексеруі тиіс. Олар аталмыш компаниялар немен айналысатынын, қанша салық төлейтінін, пайда көру үшін қулыққа барып отыр ма, жоқ па деген сұрақты қарауы керек. Ал қазір Қазақстанның ауыл шаруашылығы шикізаты сыртқа шығарылатындықтан ғана қайта өңдеу саласы тұралап тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу