Алыс көрші елде "бір сағаттық күйеулер" көбейіп барады

89

Ерлердің жетіспеушілігі жаңа индустрияның өркен жаюына түрткі болды.

Алыс көрші елде "бір сағаттық күйеулер" көбейіп барады Фото: canva

Әйел затының нәзік иығына тұрмыстың ауыр жүгі түскен заманда, сарапшыларды селт еткізген тосын тренд пайда болды. Ерлер қауымының сиреуі жаңа бір индустрияның тамырына қан жүгірткен. Әйелдері басым, ерлері аз қоғамдарда үй ішіндегі үйреншікті күйбең тірліктің өзі табыс көзіне айналып барады.

Бұған жарқын мысал – Балтық жағалауындағы Латвия мемлекеті. Мұнда соңғы жылдары Қазақстанда да "бір сағаттық күйеу" ("муж на час") деген атаумен танылған кәсіп түрі бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келеді.

Сырт көзге ұсақ-түйек шаруа көрінгенімен, бұл құбылыстың астарында демографиялық дағдарыстың ащы шындығы жатыр. Тұрмыстық қызметтің кәсіпке айналуы – тек экономикалық қажеттілік емес, қоғамдағы демографиялық теңгерімнің бұзылуынан туған амалсыз шешім. Eurostat дерегінше, Латвияда әйелдер ерлерге қарағанда 15,5%-ға көп. Бұл – Еуроодақтағы орташа көрсеткіштен үш есе жоғары, жаға ұстатарлық цифр.

Әсіресе, алтын күздей егде тартқан жастағылар арасында алшақтық тіпті айқын. 65 жастан асқандар ішінде әйелдер саны ерлерден 2 есе көп. Қарттар арасындағы бұл олқылықты өткен ғасырдың сұрапыл соғыстары мен тағдырдың тауқыметімен түсіндіруге болар еді.

Бірақ зерттеушілерді 30-40 жас арасындағы жігіт ағаларының жағдайы алаңдатады. Дәл осы белсенді буын өкілдері арасында ерлердің өлім-жітімі әйелдердегіден 3 (!) есе жоғары. Демография кейде үнсіз "сөйлейді", бірақ оның айтқаны – тау басынан құлаған тастай ауыр. Статистика – қоғамның денсаулығын көрсететін барометр. Ерлер өлімінің жоғары болуы гендерлік тепе-теңдіктің іргесін сөгіп жатыр.

Көрінбейтін майдан құрбандары

Латыш социологы Байба Бела көзге көрінбейтін бір қасіретті майданды нұсқады – суицидтер. Латвияда ерлер өз өмірін қиюға әйелдерге қарағанда 4 есе бейім. Бұл – психологиялық қысымның, заманауи өмірден өз орнын таппауының және әлеуметтік күйзелістің айқын айғағы.

Сонымен қатар, өмір сүру ұзақтығы бойынша да алшақтық жер мен көктей. Латыш әйелдері ерлерге қарағанда 11 жылға ұзақ ғұмыр кешеді. Халқы аз мемлекетте бұл жағдай тек қалыңдықтар нарығы мен отбасы құрылымына ғана емес, еңбек нарығына да кері әсер етеді.

Әйелдер көбейген сайын, дәстүрлі ерлер еңбегін қажет ететін салаларда бос кеңістік пайда болуда. Осылайша, демография бірте-бірте тұрмыстың да, экономиканың да бағыт-бағдарын өзгеріп жатыр. Латвияда ерлердің 31%-ы темекі тартады. Әйелдерде бұл көрсеткіш небәрі 10%. Бұған қоса, ер адамдар арасында артық салмақ, семіздік әлдеқайда жоғары болып, олардың өмірін тым ерте қиып жатыр.

Дұрыс тамақтанбау, профилактикаға мән бермеу және кеңес кезінен қалған ішімдікті шектен тыс тұтыну әдеті ондаған жыл бойы ерлердің өмір жасын қысқартып, қоғамды "жалғызбасты әйелдер еліне" айналдыруда. Жаман әдеттер де тағдыр тәлкегі іспеттес, ол тұтас ұрпақтың өмір ұзақтығына теріс ықпал етеді.

Гендерлік теңсіздік күшейген сайын қоғам да жаңа шешімдер табуға ынтығады. Латвиядағы "бір сағаттық күйеу" қызметі – осындай практикалық шешімдердің бірі. Majandus Postimees басылымының жазуынша, әйелдер өз үйіне келіп, қордаланған тұрмыстық ұсақ-түйек шаруаны тындырып беретін шеберлердің қызметіне барған сайын көбірек жүгінуде. Олар сантехниканы жөндейді, жиһаз құрастырады, тұрмыстық техниканы орнатып береді. Қысқасы, бұрын отағасының міндеті саналатын істі сол атқарады.

Бұл – тұрмыстың өзге экономикалық деңгейге көтерілгенінің белгісі. Бұрын отбасының өз ішінде атқарыла салатын рөлдер енді біртіндеп экономиканың кәсіби қызмет көрсету секторына "аутсорсингке" көшуде. Қоғам өзгерген сайын отбасылық өмір де кәсіпке айналады.

Балтыққа "күйеулер" экспорты

Балтық жағасындағы елдердің ерсіз қалып жатқаны туралы хабар әлемге тарай салысымен, ол жаққа өзбекстандық жігіттер жөңкіле жөнелді. Бұл үрдісте олар төл мемлекетінің қолдауына сүйенеді.

Өзбекстанның Министрлер кабинеті жанындағы Көші-қон агенттігі бұл сұранысты дер кезінде аңғарып, Еуропаға жұмыс күшін экспорттауды нағыз конвейерге айналдырды: латвиялық жұмыс берушілер мен өзбекстандық жұмыс іздеушілер арасында арағайын болуда.

Бірнеше өзбек техникумы базасында былтырдан бері "Дәнекерлеу", "Сантехникалық жұмыстар шебері", "Автокөлік жүргізушісі" және басқа да Балтық жақта кең сұранысқа ие мамандықтар бойынша өзбекстандықтарды оқыту жолға қойылған. Оның студенттері бітіре сала, Еуропаға аттанады.  

"Дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп, Еуропада жұмыс істегіңіз келе ме? Ангрен филиалымызға (Ташкент облысы) қарасты Дәнекерлеу бойынша біліктілікті арттыру орталығына келіңіз! Біз даярлаған жүздеген дәнекерлеушілеріміз Латвия мен Эстонияда 2 000 еуро жалақымен жұмыс істеп жатыр! Оқыту заманауи жабдықтар көмегімен, нақты өндірістік ортада жүргізіледі", – делінген Өзбекстанның Көші-қон агенттігінің бір хабарламасында.

Оқуды аяқтаған соң түлектер халықаралық деңгейде танылған ISO 9606 сертификатын алады. Біріншіден, бұл сұранысқа ие маман мәртебесін береді. Екіншіден, Еуропадағы кәсіпорындарда, соның ішінде Балтық елдерінде жоғары жалақылы жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Курс 1 айға (144 сағат) созылады, оның 70%-ы практикалық-өндірістік сабақтарға арналған. Оқу мен тұру тегін. Мұндай шарттар еңбек миграциясын бұрынғыдан да тартымды етеді.

Сондай-ақ, бұл ведомство "Шетелдегі жұмыс" атты еңбек жәрмеңкесін тұрақты өткізеді. Ресми мәліметіне сәйкес, 2025 жылы 1 250 өзбекстандық азамат Балтық елдерінде ресми еңбек жолын бастаған. Өзбекстаннан келетін жұмыс күшіне сұраныс өте жоғары көрінеді.

Мысалы, ресми ақпарат бойынша Ташкенттегі Денов ауданының "Экобақ" аумағында өткен бір ғана еңбек жәрмеңкесінде еуропалық жеке жұмыспен қамту агенттіктері Өзбекстан азаматтарына шамамен 12 500 жұмыс орнын ұсынған. Ұсынылған жалақы 2 мың еуродан (шамамен 1,1 миллион теңге) басталған.

Бұл Ресейге тәуелділіктен құтылудың және өз азаматтары миграциясының географиясын кеңейтудің тиімді жолы. Нәтижесінде, миграциялық ағындарды реттеп, Орталық Азия мен Балтық елдері арасында жаңа экономикалық көпір орнатуда.

Табысты сұлулар және серік тапшылығы

Бұл тек бастамасы ғана сияқты. Еуропалық ақпарат құралдары да ерлердің жетіспеушілігі күтпеген құбылысқа – "жалға берілетін күйеулер" индустриясының гүлденуіне әкелгенін растайды.

"Тұрмыстық шеберлердің қызметіне деген сұраныс нағыз дүмпуді бастан өткеруде. Сервистік экономика қоғамда қалыптасқан жаңа әлеуметтік трендтерге тез бейімделіп жатыр. Латвияда көптеген әйел "бір сағаттық күйеу" деп аталатын қызметке жиі жүгінеді. Бұл елдегі гендерлік теңсіздіктің өсуіне өзіндік жауапқа айналды", – деп жазады британдық Daily Star газеті.

Postimees.ee басылымының жазуынша, Komanda24 компаниясы "қолы алтын ер адамдарды" – кез келген ұсақ тұрмыстық мәселелерді шешуге дайын шеберлерді жіберуге уәде береді. Сынған шүмекті ауыстыру, теледидарды қабырғаға ілу, шашылған күйде жеткізілген жиһазды жинап беру не істен шыққан тұрмыстық техниканы "тірілту".

Айта кету керек, мысалы, тозған құбырды ауыстыру, шатырды жаңарту және басқа салмақты тұрмыстық проблеманы "бір сағаттық күйеулер" атқармайды. Ондай жұмыстарды лицензиясы, тиісті біліктілігі мен мамандары бар компаниялардың атқаруына ғана жол беріледі.

Латвиялық Remontdarbi компаниясы өз қызметкерлерін тіпті "жалға берілетін күйеулер" деп атайды екен. Оларды алғызу рәсімі өте қарапайым, клиент қызметке онлайн немесе телефон арқылы тапсырыс береді, көп ұзамай есік алдында барлық қажетті құралдарын, асай-мүсейін көтерген ер адам пайда болады.

Үйдің іші мен сыртындағы ақауларды түзетіп, бүлінгенді жөндеп, сынғанды ауыстыруға кіріседі. Таңнан кеш қарайғанша қалуы мүмкін. Әр сағатына төлесеңіз болды. Қазіргі заман әйелі үшін ер адамның үй жөндеу шеберлігі емес, оның рухани серік ретіндегі қасиеттері маңыздырақ бола бастады, ал, техникалық жұмысты мамандарға тапсыру енді ұят емес.

Рига тұрғынының шағын хикаясы

Ригалық әйел Лиене мейрамханалар мен қонақүйлерге қызмет көрсететін HoReCa секторындағы табысты менеджер. Ол жұмыс күндері үйіне кеш оралатынын және әбден шаршап, құр сүлдері ғана қалатынын жасырмады. Содан үй ішіндегі тұрмыстық шаруаларға қолы да тимейді, күші де қалмайды екен.

"Бұрын кейде су шүмегінің сынғанын, жарықтың жағылмайтынын, шатырдан су ағып тұрғанын көргенде жылап жіберетінмін. Ұсақ-түйек жұмыстар тау басынан құлаған қар жентегіндей ұлғая береді: қабырғаны бояу керек, шкаф есігін бекіту керек, кір жуғыш машинаның неге қатты гүрілдейтіні де белгісіз", – дейді ол.

Құрбысының кеңесімен Лиене "бір сағаттық күйеу" қызметін байқап көрген. Пікірінше, бұл шынымен үлкен көмек болған.

"Мұндай шеберлер әмбебап маман: олар бірден бірнеше мәселені шешіп бере алады. Егер сан-салалы жөнсіздіктің әрқайсысын жоюға маманын жеке-жеке шақырсаң, ақшаң қалмайды. Мына сервис қолынан бәрі дерлік келетін кәсіби маманды жібереді. Бұл еңбекқор жұмысшыларға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Арасында табыс табу үшін алыстан келген еңбекқор мигранттар көп. Олар сыпайы, артық сөз айтпайды, бахила киіп жүреді, жұмысты да адал атқарады. Мұны істемеймін деп кергіп, салғыласпайды", – дейді Рига тұрғыны.

Лиене қауіпсіздігі үшін алаңдамайтынын қосты: шебер агенттік арқылы жұмыс істейді: еңбек келісімшартының қатаң талаптарына бағынады.

"Басында "күйеу" деп аталатындықтан әлдене дәметіп, көз сұғын қадап, тиісе ме деп қорыққанмын. Бірақ бұл тек аты ғана екен. Ешқандай қырындау, орынсыз әзіл не ишара жоқ. Тек нақты жұмыс. Бір шаруаны тындырған соң, сервистің анкетасындағы тізімде көрсетілген келесі жұмысқа кірісуге рұқсат сұрайды. Жатын бөлмеге өзі кіріп кетпейді. Олар өз беделін де, жұмыс орнын да бағалайды, бәрін ұқыпты, сапалы орындайды. Өз уақытын, жан тыныштығын бағалайтын заманауи әйел үшін бұл жақсы шешім", – дейді әйел.

Handyman феномені: жаһандық өзгеріс

Латвия – осындай ерекше "гиг-экономика сегментін" дамытып жатқан жалғыз ел емес. Ұқсас идея Ұлыбританияда 2022 жылы кеңінен танылды: үш баланың анасы Лора Янг "Rent My Handy Husband" (Күйеуімді бір сағатқа жалда!) жобасын іске қосып, күйеуі Джеймсті үй шаруасына көмектесу үшін тура мағынасында "жалға бере" бастады.

Сағатына 44 фунт төлесе болды, жұбайы кез келген отбасының үй шаруасын тындырады, жуыну бөлмесінде тақтатас төсейді, еденге паркет жабалы, қабырғаны бояп, әрлеу жұмыстарын жүргізеді және ұсақ жөндеулермен шұғылданады. Сұраныстың бастан асқаны, тұрақты клиенттің көбейгені сонша, көп ұзамай Джеймс жаңа клиенттерден бас тарта бастаған. Бұл оқиға күлкілі болғандықтан ғана емес, жаһандық үрдісті дәл бейнелегені үшін газет беттеріне ілікті.

Америкада мұндай шебер "handyman" аталады, бұл – тұрмыстық ұсақ жөндеуді жүзеге асыратын әмбебап маман. Ол нақты лицензия талап етілмейтін кез келген шағын жұмыстарды орындайды.

Bazar.club порталының мәліметінше, олардың кең сұранысқа ие қызметтері мынадай: жиһаз құрастыру және жөндеу – IKEA шкафтарынан бастап интернет-дүкендерден алынған гарнитурларға дейін; ұсақ тұрмыстық жөндеу – сөрелер, теледидар орнату немесе плинтусты ауыстыру; сантехникалық жұмыстар – шүмекті, раковинаны, унитазды орнату және тұрмыстық техниканы қосу; электр монтажы – розеткаларды, қосқыштарды және шамдарды ауыстыру; сондай-ақ үйді күтіп-ұстау – бақшаға күтім жасау, террасаларды жөндеу, бассейндерді тазалау, қоршаулар орнату және тағы басқасы.

"АҚШ-та тұрмыстық жұмыстар әлдеқашан отағасы парызының бір бөлшегі болудан қалып, біртіндеп кәсіби қызмет саласына көшті. Үйдегі көптеген ұсақ ақауларды "хендимэндерге" тапсыра салады. Бүгінде Батыс қоғамында қыздар үй шаруасына құнтты жігіт іздемейді. Оларға күйеуінен махаббат, эмоционалды жақындық, өзара түсіністік пен құндылықтар бірлігі керек. Өткен ғасырдағы өзі үй соғып, қасына ағаш отырғызатын "әмбебап отағасы" бейнесі біртіндеп тарих қойнауына еніп барады. Оның орнын мамандандырылған сервис пен рухани серіктестік басты", – дейді ресейлік релокант Владимир.

Тұрмыстық міндеттер мен отбасылық рөлдердің аражігі ажырап, неке мен отбасы институты материалдық қажеттіліктен рухани қажеттілікке қарай трансформациялануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу