Алыс көрші елдің тосын шешімі Қазақстанды қосымша табыстан айырғалы тұр

671

Беларусь Ұлттық банкі бағалы металдардан жасалған монеталарды бұдан былай өздерінде басуға шешім қабылдады.

Алыс көрші елдің тосын шешімі Қазақстанды қосымша табыстан айырғалы тұр Фото: canva

Елдің бас банкирі Роман Головченко осы мақсатта "Кристалл-холдинг" басқарушы холдингінің құрамындағы "Гомельское ПО "Кристалл" кәсіпорнына барып, оның әлеует-мүмкіндіктерін тексерді.

Бұл компания асыл тастармен және бағалы металдармен жұмыс істейді, мысалы, алмасты қырлап, гауһар-бриллианттан түрлі әшекей жасайды. Сондай-ақ компания 1, 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық өлшенген алтын құймаларын құйып сатады.

Сапарында көргеніне көңілі толса керек, Ұлттық банктің басқарма төрағасы Роман Головченко бағалы металдардан жасалған инвестициялық және естелік монеталардың жергілікті өндірісін іске қосу туралы шешім қабылданғанын жариялады.

Головченко бұған дейін бағалы металдардан жасалған монеталарды соғу ісінде Беларусьтің шетелге тәуелді болғанын, 90-шы жылдардың басынан бері, алдымен әртүрлі елдерде, соның ішінде Қазақстанда шығарылғанын еске салды.

"Енді импорталмастыру саясаты аясында біздің еліміз осы жоғары технологиялы процесті өз қуаттылықтарында, отандық кәсіпорында игеруге дайын! Қазіргі кезде "Гомельское ПО "Кристалл" өндірістік бірлестігі жоғары сапалы монеталарды шығару үшін қажетті технологияларға, жабдықтарға және білікті мамандарға ие. Төл өндіріске толығымен көшу үшін оны тек ішінара қосымша жарақтандыру талап етіледі", – деді ол.

Оның айтуынша, бұл тарихи қадамның тек экономикалық қана емес, сондай-ақ символдық мән-маңызы да бар: бағалы металдардан монеталарды өз бетінше, дербес соғу мүмкіндігі – егемен мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтады.

Елдің бас банкирі мұны жүзеге асыруға енді өздерінің күші жететініне осы жолы көз жеткізгенін хабарлады.

Сондай-ақ, Роман Головченко Беларусьтің құнды металдардан жасалған инвестициялық және естелік монеталарына деген сұраныс ішкі және шетелдік инвесторлар тарапынан өсіп бара жатқанын жеткізді.

Олар халықаралық санкция астындағы Беларусь тұрғындары үшін табыс табудың бір қайнары болып табылады.

"Мұндай монеталарға деген қызығушылық жоғары. Олар тұрақты актив болып қалуда. Биылғы жылдан қалдырмай беларусьтік тұңғыш инвестициялық монетаны отандық қуаттылықтарда басып шығарамыз деп үміттеніп отырмыз", – деді одақтастың Ұлттық банкінің басшысы.

Монеталарды жеке тұлғалар, коллекционерлер де, ірі компаниялар да сатып алатын көрінеді. Әрине, тапсырыс берушісі, яғни, аты беларусьтік болғанымен, оның бәрінің заты – "Made in Kazakhstan" өнімі.

"Кристалл" кәсіпорнының басшылығы мемлекет тарапынан лайықты қолдау болса, бұл бастамаға қатысты тиісті ұсыныстарды қарастыруға және жаңа бағытты іске қосу үшін қажетті шараларды қабылдауға әзір екендерін мәлімдеді.

Бұл мәлімдемеге қатысты Қазақстанның Ұлттық банкі ешқандай түсініктеме берген жоқ. Дегенмен, ҚРҰБ-қа қарасты "Қазақстан теңге сарайының" мәліметінше, бұл республикалық мемлекеттік кәсіпорын Беларусьтің тапсырыстарын сонау 2006 жылдан бері орындап келеді.

"Біз тек ҚР Ұлттық банкінің, жеке және заңды тұлғалардың тапсырыстарымен ғана шектелмейміз. Бұдан басқа, біз көптеген жылдар бойы шетелдік орталық банктер өткізетін монета өнімдерін дайындау мен жеткізуге арналған тендерлерге қатысып, бірнеше рет жеңіске жеттік. Мысалға, Беларусьтің Ұлттық банкінің тапсырыстары бойынша 2006 жылдан бері қызмет атқарамыз. Оларға арнап түрлі естелік және инвестициялық монеталарды шығарамыз", – делінген теңге сарайының дерегінде.

Егер беларусьтер оның өндірісін өзінде жолға қойса, Қазақстанда шығаратын тек екі ел ғана қалады. Біріншісі – Қырғыз Республикасы мен оның Ұлттық банкі. Біздің теңге сарайы 2006 жылдан бері қырғыздардың естелік монеталарын соғып берумен айналысады.

Екіншісі – Тәжікстан және оның Ұлттық банкі. Бұрын Ресейге және басқа елдерге жүгінген тәжік елі 2011 жылдан бастап бұл қызметті тек қазақтардан алатын болды.

Бір ғажабы және өзгеден айырмашылығы, Тәжікстанның естелік шақаларын ғана емес, ең бастысы – осы республиканың айналыстағы кәдімгі тиын-монеталарын да, сондай-ақ тәжіктердің Мемлекет басшысынан бастап, шенді-шекпендісіне, қатардағы қызметкері мен кәсіпкерлеріне дейін таратылатын барлық мерейтойлық медальдарын Қазақстан жасап береді.

Беларусь – ең ірі тапсырыс берушінің бірі еді. Өйткені бұл ел инвестициялық және естелік монеталарды ең көп әрі жиі шығаратын мемлекеттің бірі саналады.

Мысалы, Минск бірден 40 мыңға дейін данамен тапсырыс беруді қиынсынбайды.

ҚР Ұлттық банкі де, Қазақстан монета сарайы да оның тапсырыстарын орындаудан қанша табыс тапқанын елге жарияламады. Коммерциялық құпия көрінеді.

Қаржыға қатысты ақпаратты беларусь жағы да ұсынбады. Тек БР Ұлттық банкінің хабарлауынша, беларусьтік монеталардың шығарыла бастағанына келесі жылы 30 жыл толады.

Тұңғыш естелік монета 1996 жылғы 27 желтоқсанда БҰҰ-ның 50 жылдығына арналып шығарылыпты. Номиналы "1 рубль" болған беларусьтік алғашқы естелік шақаның 5 мыңы – алтын, 20 мыңы – күміс және 40 мың данасы – мысты-никелді болған. Оны Ұлыбританияның "Ройял Минт" корольдік монет сарайы жасап берді.

Әлгінде айтылғандай, 2006 жылдан бастап бұл елдің бағасы номиналынан жоғары монеталарын Қазақстан басады.

inbusiness.kz таяуда, 2025 жылғы 31 наурыздан бастап, Беларусте Жеңістің 80 жылдығына арналған ерекше естелік монеталар қолданысқа енгізілгенін мәлім етті. Оларды да Қазақстан теңге сарайы жасап берді.  

"Өткен онжылдықтарда біздің монеталар коллекционерлер тарапынан мойындалды, жоғары баға алды, сонымен қатар әлемдегі жетекші орындардың біріне шықты. Олар байырғы нумизматтық дәстүрлері бар елдердің монеталарымен табысты бәсекелеседі. 25 жылдан астам уақыттың ішінде шамамен 500 аталымдағы беларусьтік естелік және мерейтойлық монета шығарылды", – деп хабарлады БР Ұлттық банкі.

Тақырыптарды терең ашу, креативтілік, қайталанбас бірегей дизайн, дайындаудың жаңа технологияларын қолдану және жоғарғы сапасы арқасында беларусьтік монеталар халықаралық конкурстар мен көрмелерде беделді орындардан көрініп келеді екен және осы жылдары 42 көрнекті награда алыпты.

БРҰБ дерегінше, саны ондаған мыңмен саналатын инвестициялық монеталарды қоспағанда, 1996 жылдан бері 5 миллионнан астам естелік монета шығарылды. Оның 339 мыңнан астамы – алтын, 2,6 миллионнан астамы – күміс, қалғаны – мыс-никелді болды.

Айтқандай, оларды жасау үшін кейінгі 25 жылда Беларусь Қазақстаннан 100 тоннадай бағалы метал сатып алыпты. Оның ішінде 2,7 мың келісі – алтын, 80 мың келіден астамы – күміс, қалғаны – мыс, никель және басқасы.

Егер кейінгі ширек ғасырда шығарылған беларусьтік естелік медальдардың бәрін жинап, бірінен соң бірін қойып шықса, онда 1 590 шақырымдай шығады екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу