Алюминий өнімдерін өндіруге талпыныс бар

8656

Еліміздегі өңделмеген алюминий мен алюминий диоксиді түгелдей Павлодар облысына тиесілі. Әйтсе де, қанатты металдың басым бөлігі өңделмей, сыртқа шикізат күйінде экспортталып отыр.

Алюминий өнімдерін өндіруге талпыныс бар Фото: zakon.kz

Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізге 200 мың тоннадан астам алюминий құралдары сырттан жеткізіледі. Нақтысын айтқанда, қолда бар шикізаттың 80 пайызы сыртқа экспортталады да, оның өңделген түрі өзге мемлекеттерден еселенген бағаға жеткізіледі. Сондықтан импорт алмастырушы отандық өнімдерді жасауға кірісетін кез келді.

Былтыр осы мақсатта "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында алюминийді қайта өңдейтін қос бірдей кәсіпорын ашылған-ды. "Giessenhaus" қоспалы алюминийді, ал "КиК Павлодар" серіктестігі сол алюминийден автомобильдерге арналған дискілерді шығарады. Екі өндіріс орны да германиялық және ресейлік инвестициялар көмегімен өз жұмысын бастады. "Giessenhaus" кәсіпорны алғашқы жартыжылдықта жалпы құны 380 млн теңге болатын қоспалы алюминийді шығарды. Ал "КиК Павлодар" компаниясы өткен алты айда 50 мыңнан астам дискіні дайындады. Әзірше алюминий дискілері бөлшек саудаға шығарылған жоқ. Дайын өнім "Азия-авто" және "Renault" автомобиль зауыттарын ғана қамтамасыз етіп отыр.

Облыс әкімі Болат Бақауовтың айтуынша, 2025 жылға дейін дәл осы "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында алюминийді өңдеу бағытында жұмыс істейтін 10-нан астам кәсіпорын ашылады. Бірақ, экономикалық аймақта инфрақұрылымды дамытуға қатысты күрмеулі мәселелер әлі де бар. Атап айтқанда, аймақты тиісті коммуникациялық жүйелермен толық қамту үшін 19 млрд теңге қаржы қажет. Қазіргі уақытта жыл сайын небары 2,5 млрд теңге бөлінуде. Облыстық индустриялдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрболат Сейітмағабетовтің сөзінше, барлық істі қысқа мерзімде атқару мүмкін емес.

"Павлодар" арнайы экономикалық аймағында инфрақұрылымды дамыту бойынша жоспар бар. Соған сәйкес, кәріз жүйесі 2021 жылға дейін тартылмақ. Себебі, жоспарлы істер қыруар қаржыны қажет етеді. Жүйелерді тарту түгілі жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға қаражат қарастырылуға тиіс. Оған қоса, аймақтың басқарушы кәсіпорнының өзін қаржылай қолдау керек. Қысқасы, инфрақұрылымды дамыту мәселесі қаржыға келіп тіреліп отыр. Қосымша қаражат бөлу үшін тиісті министрлікке хат жолданды. Десе де, бұл – бір жыл дересінде шешілетін мәселе емес", – деп кесіп айтты Нұрболат Сейітмағамбетов.

"Қазэнергокабель" акционерлік қоғамының бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Олег Круктың пайымынша, "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында инфрақұрылымды толықтай жүргізуді кейінге шегермеу керек. Әйтпегенде, инвесторлар мұнда алюминийді өңдеу, басқа да  бағытта жұмыс істейтін кәсіпорындар ашудан бас тартуы мүмкін.

Есесіне "Қазақстан электролиз зауыты" акционерлік қоғамы екінші өндіріс орнын іске қосу бойынша шараларды бастап кетті. Бүгінде жобалау жұмыстары жүргізілуде. Зауыт басшысы Андрей Батраченконың айтуынша, жаңа өндіріс орны 2022 жылы өз жұмысын бастайды. Соның нәтижесінде 1 млн 100 мың глиноземді өңдейтін мүмкіндік туады. Қазірдің өзінде Қазақстан электролиз зауыты қуаттылықты арттырып келеді. Айталық, өткен жылы 250 мың тонна өнім шығарса, биыл бұл көрсеткіш 258 мың тоннаға жетеді. Алдағы уақытта қуат күшін 335-340 кило/амперге дейін жеткізіп, өнімділікті 270 мың тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр.

Айта кетелік, бүгінгі таңда Павлодар облысында металл өндірісіне байланысты 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында "Қазақстан электролиз зауыты", "Қазақстан алюминийі", "Қазхром", "Павлодар мұнай-химия зауыты", "Кастинг", "KSP Steel" сынды ірі өндіріс орындары бар.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу