Америка дипломатиясының жетекшісі неліктен біздің аймаққа келді

1476

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Байден әкімшілігінен бірінші болып Орталық Азия республикаларына сапар шекті. 

Америка дипломатиясының жетекшісі неліктен біздің аймаққа келді Фото: yandex.kz

Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен бүгін Мәскеу өзінің ықпал ету кеңістігінің жүрегіндей көретін Орталық Азияға келді. "Нью-Йорк Таймс" газеті хабарлағандай, Американың бас дипломаты аймақ мемлекеттерін Ресей мен Қытайдан тәуелсіздіктерін сақтауға үндемек.

Блинкен Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен, одан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ, ол аймақтың басқа да елдерінің сыртқы істер министрлерімен жүздесті.

Американың бас дипломаты бұл келіссөздерде Вашингтонның Орталық Азия республикаларының "тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына" адалдығын атап өтті.

Тоқаев өз кезегінде "Америка Құрама Штаттарына тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымыз бен егемендігімізді үздіксіз және табанды қолдағаны үшін ризашылығын" білдірді.

Блинкен мырза - Байденнің министрлер кабинетінен Орталық Азияға сапар шеккен алғашқы жоғары лауазымды шенеунік. Ал Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин – біздің аймаққа Мәскеу мен Бейжіңнің ықпалын кеңейту мақсатында бәсекелесіп – қыркүйекте келіп қайтты.

Орталық Азияның бес республикасының — Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның сыртқы істер министрлері Блинкен мырзамен жеке-жеке кездесіп, онымен және АҚШ-тың басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен ресми топтық талқылаулар өткізді. Америка Құрама Штаттары Мәскеумен әлі де тығыз байланыстағы бұл елдердің Ресеймен қарым-қатынастарды нашарлатуы екіталай екенін жақсы біледі.

Блинкеннің Орталық Азияға аттануы - Америка Құрама Штаттарының Украинаны нығайтуға бағытталған бірлескен күш-жігерінің бір бөлігі. Өткен аптада президент Байден Киевке ойламаған жерден барса, дүйсенбі күні қаржы министрі Джанет Л. Йеллен Украина астанасына жетіп, бұл мемлекетке көмекке тағы 1,25 млрд доллар аударылғанын жариялады. Ол қаржы Украина үкіметінің жұмысын жалғастыруға бағытталып, экономикалық және бюджеттік көмек ретінде жұмсалуы керек.

Қазақстаннан кейін6 Блинкен сәрсенбі күні Өзбекстан астанасына барып, Ташкентте кездесулер өткізіп, одан кейін 20 елдің сыртқы істер министрлерінің конференциясына қатысу үшін Үндістанға жол тартуды жоспарлап отыр.

Америка Құрама Штаттарының үміті неде?

"Біздің басты мақсатымыз – Америка Құрама Штаттарының сенімді серіктес екенін көрсету. Орта Азия экономикалардың қиындықтарын көріп отырмыз: азық-түлік пен жанармайдың бағасы шарықтап, жұмыссыздық деңгейі өсіп, тауар экспорттау қиынлап, ковидтен кейінгі қалпына келу процесі баяулап, Ресейден мигранттар легі көбейіп келеді". - дейді АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік Азия және Орталық Азия бойынша көмекшісі Дональд Лу жұма күні өткен брифингте.

Бірақ америкалық лауазымдылардың айтуынша, олардың мақсаттары айқын. Вашингтон соғыста бейтарап қалуға тырысқан Орталық Азия елдерінің көпшілігі Ресейге қарсы батыл мәлімдемелер жасайтынына сенбейді. Өйткені бұл мемлекеттер Мәскеумен ондаған жылдар бойы тығыз байланыста болып, әскери қарым-қатынас орнатты. Алайда АҚШ Орталық Азия Ресейге санкциялардан жалтаруға жәрдемдеспейді немесе БҰҰ сияқты алаңдарда соғыс бойынша Кремльге дипломатиялық қолдау көрсетпейді деп үміттеніп отыр.

Ресейдің Қазақстанмен, Өзбекстанмен қарым-қатынастары қандай?

Қазақстан мен Өзбекстан көршілес жатқан ең ірі ойыншылар - Ресей мен Қытай арасындағы қауіпті геосаяси жолмен жүріп келеді. Ресей қауіпсіздік мәселесінде Астана мен Ташкенттің ең маңызды серіктесі саналады. Дегенмен, Қытай өзін барған сайын қуатты сезініп, біздің аймақпен экономикалық байланыстарын тіпті нығайтуға күш салып жатыр. Мәскеу болса, қазір Украинамен әлек.

Қазақстан да, Өзбекстан да Украинадағы қарулы қақтығысты қолдаған жоқ. Екі постсоветтік республика Путиннің Украинаның төрт аймағын аннексиялау әрекетін құптамай, былтыр күзде мобилизациядан қашқан ондаған мың ресейлікті қабылдады.

Өткен жазда президент Тоқаев Санкт-Петербургте өткен экономикалық конференцияда Путинмен бір сахнада отырып, Қазақстанның РФ жартылай басып алған "квазимемлекеттік аумақтарды" мойындамайтынын жариялады. Ал, 16 ақпанда Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, екі ел арасындағы "гуманитарлық байланыстарды" талқылады.

Бұған дейінгі мәлімдемелерінде Орталық Азия елдері өздерінің тәуелсіздігі мен егемендігінің жалғасуын қалайтынын ашық ескертіп келгені белгілі.

Ресей Блинкеннің сапарын қалай қабылдауы мүмкін?

Ресей әзірше үнсіз. Бірақ Блинкеннің бұл сапарын Мәскеудегі кейбіреулер арандатушылық деп атауы ықтимал. Бір жағынан6 Кремль Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы тұрақсыз болып тұрғанда, тым қарсылық білдірмеуге де тырысуы мүмкін.

Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының сарапшысы Темур Умаровтың айтуынша, Путин 2022 жылы Орталық Азия елдерінің басшыларымен 50-ден астам (онлайн және бетпе-бет) кездесу өткізген. Сондай-ақ, РФ лидері былтыр Орталық Азияда өткен бес кездесуге де барған. Бұл – сирек жағдай.

"Мәскеу ортаазиялықтардан мызғымас адалдықты талап етпейді, әйтпесе қысым әлдеқайда күштірек болар еді. Қалай болғанда да, Ресейдің жанында қалған аз ғана одақтастарынан айырылып қалуына Кремль жол бере алмас". – дейді Умаров.

АҚШ-тың Орталық Азиядағы экономикалық мүдделері қандай?

Қазақстанда Таяу Шығыстан тыс әлемдегі ең ірі "қара алтын" кеніші бар. Кеңес Одағы ыдырағаннан бері халықаралық мұнай компаниялары, соның ішінде Chevron мен ExxonMobil салған ондаған миллиард доллар инвестиция, елімізді ірі энергетикалық шикізат өндірушіге айналдыруға көмектесті.

Америкалық компаниялардың бұл шаруаға қатысуы мен олардың Қазақстан экономикасын құруға жәрдемдесу рөлі Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты сақтауға септігін тигізіп келеді.

Бірақ Ресей Қазақстан экономикасында да рөл атқарады. Еліміздің мұнай экспортының басым бөлігі РФ-ның Қара теңіздегі Новороссийск портына дейін тартылған ұзын құбырмен дүниежүзілік нарыққа жетеді.

Осы құбырды Мәскеу АҚШ-тың санкцияларына қарсы күреске пайдалануы мүмкін деген болжам бар. Дегенмен, онымен ресейлік мұнай да тасымалданады, Сондықтан, бұл құбырда Ресейдің де қаржылық мүддесі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу