Америка долларына "ақырзаман" туып келеді

166

Әлде олай емес пе? Осыған қатысты қаржыгерлер таласып жатыр.

Америка долларына "ақырзаман" туып келеді Фото: ЖИ

Биылғы қаңтар айында, әсіресе, соңғы аптасында америкалық валютаның сұрапыл құлдырауы сұрақ тудырды: бұл оның жаһандық гегемониясының ақырына таяғаны ма, әлде бұл тек ыдыс-аяқ дүкеніне кіріп кеткен пілге тән "ептілікпен" жүргізіп жатқан Трамп әкімшілігінің кезекті коррекциясы ма?

Осы аптада доллар дәп бір америкалық сырғанаққа отырғандай, соңғы жылдардағы ең күрт төмендеуді бастан өткерді. Негізгі 6 әлемдік валютаға қатысты оның қуатын көрсететін DXY индексі 96 пунктке дейін құлап, соңғы 4 жылдағы ең төменгі деңгейге түсті. Bloomberg дерегінше, трейдерлер америкалық валютаның әрі қарай әлсіреуіне рекордтық көлемде бәс тіккен, ставка жасаған. Яғни олар доллардың болашағына сенбейді.

Жаһандық деңгейде доллар небары 2 апта ішінде ғаламат 3,65%-ға құнсызданды. Салыстырсақ, бүкіл 2025 жыл бойы оның әлсіреуі 9%-ды құраған еді.

Дональд Трамп долларға дем беру орнына, биржадағы "өртке" май құя түсті. Соңғы мәлімдемелері арқылы ол Ақ үйдің бағдары өзгергенін әлемге мәлім етті: енді әлсіз доллар Америка үшін проблема емес, керісінше – мүмкіндік: америкалық экспорттаушыларды әлем деңгейінде ілгерілетіп, қолдаудың құралы ретінде қарастырылады.

Президент Трамп осы аптада тосын мәлімдеме жасады: ол долларды "йо-йо ойыншығы сияқты жоғары-төмен лақтыра алатынын" ашық жариялап, доллардың қазіргі құнсыздануын "керемет", жақсы құбылыс деп бағалады. Нарық әзілді түсінбейді, АҚШ лидерінің бұл сөзін ойын-оспақ ретінде емес, іс-қимылға арналған нұсқаулық ретінде қабылдады.

Егер мемлекет басшысының өзі валютаны құлатамын деп тұрса, оған не сенім бар? Содан биржадағы саудаға қатысушылар доллардан жаппай арыла бастады. Нәтижесінде, доллар есінен тана құлап, соңғы жылдардағы ең терең құрдымынан бір-ақ шықты.

Америкалық валюта жағдайының "нашарлауына" ықпал еткен маңызды факторлардың бірі – АҚШ-тың ішкі экономикалық мәселелері. Бірнеше штатта мигранттарды ұстап, елден қуу науқаны аясында тәртіп сақшылары бірнеше адамды жазықсыз атып тастады. Кейбір сарапшы АҚШ-тың азаматтық соғыс қарсаңында тұрғанын айта бастады. Оның үстіне Президенттің оптимистік риторикасына қарамастан, америкалық экономиканың жағдайы шын мәнінде мәз емес.

Долларға қосымша қыспақты "жаһандық резервтерді әртараптандыру" үдерісі көрсетуде. АҚШ-тың мемлекеттік борышының өсуінен, жаңа сауда соғыстарын бастауынан, Трамптың долларды басатын тәуелсіз ұйым – Федералдық резерв жүйесінің ішкі ісіне қол сұғып, саясиландыруынан, қатаң санкциялық саясаттан және жалпы геосаяси тұрақсыздықтан қауіптенген көптеген мемлекеттер төл халықаралық қорындағы доллардың үлесін жедел түрде қысқартып жатыр.

Бұл алаңдаушылық кейде тіпті экзотикалық сипатқа ие: Трамптың Венесуэланың лидері лауазымын қоса атқару, Гренландияны сатып алу, Канаданы АҚШ-қа қосу сияқты әпербақан қиял-идеялары сияқты эпизодтар да осы жалпы мазасыздықты өршітті. Содан жаһандық ірі держава әрі басты бір одақтасы Германияда депутаттар елдің Америка банкінде сақтаулы алтын құймаларын елге алып кетуді талап етіп жатыр.

"БКС Мир инвестиций" компаниясының қор нарығы бойынша сарапшысы Александр Шепелевтің айтуынша, қаңтар айында долларға қысым бірден бірнеше фактордың әсерінен қалыптасты. Ішінде геосаяси белгісіздіктің ушығуы, халықаралық қоғамдастықтың АҚШ-тың сауда және салық-бюджет саясатына деген сенімінің төмендеуі, Трамптың FRS басшылығына қысымы және бұл реттеушінің ісінің саясилану қаупі, базалық пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі, сондай-ақ Қытайдың америкалық қазынашылық облигацияларға салатын инвестицияларын 2009 жылдан бергі ең төменгі деңгейге дейін қысқартуы бар.

Құлдырау емес, қалтырау

1950-шы жылдардан бері әлемнің негізгі валютасы саналып келген доллардың сырттай мызғымас көрінген гегемониясы күйрей бастады ма? Осыны меңзейтін оқиғалардың драматизміне қарамастан, доллар әлі де болса аяғында нық тұр, дейді сарапшылар. Әлемнің доллардан толық бас тартуы байқалмайды, бірақ дедолларизация белгілері барған сайын айқынырақ көрінуде.

"Риком-Траст" инвесткомпаниясының аналитика бөлімінің басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Олег Абелев дедолларизация процесі баяғыда-ақ басталып кеткенін, енді ешкімнің еркіне қарамай дами беретінін қаперге салды. Егер он жыл бұрын әлемдік орталық банктердің төл резервтеріндегі доллардың үлесі шамамен 70% болса, бүгінде ол 50%-ға түсті. Бұл үдеріс алда жалғаса беретін сыңайлы.

"Доллардан толық бас тарту деген, әрине, болмайды. Бірақ қолданыстағы Ямайкалық әлемдік валюталық-қаржылық жүйеге балама тетіктердің қалыптасуы – уақыттың еншісіндегі заңды құбылыс. Америкалық қарыздың ірі ұстаушылары өз үлесін біртіндеп қысқарта береді. Бұған қазір куә болудамыз. Сондай-ақ мемлекеттер бір-бірімен доллармен емес, ұлттық валюталарымен есеп айырысудың бірыңғай жүйелеріне көше береді. Бұл ұзақ, ондаған жылдарға созылатын процесс, бірақ қозғалыс бағыты айқын. Яғни, әлем америкалық валютаны мүлде қоқысқа тастамайды, бірақ өз есеп айырысуларындағы оның үлесін қысқартады", – дейді Абелев.

"Финам" аналитигі Александр Потавин дүниежүзінде долларды есеп айырысу валютасы ретінде қолдануға деген сұраныс әлі де жоғары екенін мойындады. Мұны SWIFT жүйесінің деректері растайды: 2025 жылғы желтоқсанда халықаралық төлемдердегі доллардың үлесі 50,5%-ға жетіп, 2023 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішті бағындырған.

Сенімді әрі өтімді валюта ретінде әлемнің еуро немесе юаньға емес, долларға басымдық беретінін Халықаралық есеп айырысу банкі (BIS) де растады. Оның соңғы есебінде жазылғандай, соңғы 25 жылда доллардан жүйелі түрде бас тарту белгілері табылмады. Керісінше, динамика тек толқын тәрізді: дағдарыс кезеңдерінде ғана доллардың үлесі уақытша төмендейді, содан кейін ол қайта қалпына келіп қана қоймай, көбіне өз позициясын ары қарай күшейтеді. Мұндай "мәңгілік" өміршеңдікке Голливудтың экшн кейіпкерлері де қызыға, қызғана қарар еді.

Қазақстан үшін қорытынды қандай?

Қолындағы долларын қалдыру, не одан дереу арылу шешімін әрбір адам жеке қабылдағаны жөн. Қазақстандық қаржыгерлер америкалық валюта биыл 546–600 долларға дейін баруы мүмкін деп жорамалдауда. Бірақ 500-ден арзандап кетеді деген де болжамдар жоқ емес.

Қазіргі жағдайда доллардың қайта алыптануы үшін екі шарттың бірі орындалуы қажет, дейді Шепелев: биылғы мамырда басшысы ауысатын FRS пайыздық мөлшерлемелер бойынша қатаң саясатқа көшуге тиіс, не әлем кенеттен қауіпсіз әрі болжамды мекенге айналып, соғыстар жаппай тоқтауы керек. Әзірге бұл екеуі де көкжиектен көрінбейді.

Қазақстанда девальвация тақырыбы әдетте қарапайым түсіндіріледі: теңге мықты болса – жақсы, теңге әлсіресе – жаман. Алайда республика экономикасының экспортқа бағытталған сипатын ескерсек, ұлттық валютаның белгілі бір деңгейде әлсіреуі де оған объективті түрде қажет.

Егер Қазақстан тек импортқа тәуелді ел болса, қисын-логика басқаша құрылар еді: мықты ұлттық валюта барлық импорттық тауарлардың жаппай арзандауына әкеледі. Бірақ қазіргі жағдайда тым күшейген теңге мұнай, астық, металл және өзгесінің экспортынан түсетін валюталық табысты (теңгеге шаққанда) азайтып, республикалық және жергілікті бюджеттердің кіріс жоспарларын орындауға қауіп төндіреді.

Салдарынан, бұл жайт валюта нарығы үшін тәуекелдер туғызып, ел ішіндегі шетел валютасына деген сұранысты күшейтеді. Теориялық тұрғыдан алғанда, берік теңге тұтынушыларға көбірек тауар сатып алуға мүмкіндік берер еді. Бірақ практикада олай болмай тұр: Қазақстандағы тауарлар мен қызметтердің бағалары тек доллар бағамымен байланысты емес.

Бүгінде қымбатшылыққа бірінші кезекте инфляция, сондай-ақ жаңа Салық кодексі кесірінен бизнестің салықтық жүктемесінің бірнеше есе өсуі серпін беріп жатыр. Сондықтан "мықты теңгені" – Қазақстан бюджеті ұзақ уақыт көтере алмайтын шоқпар деуге болады. Мықты теңге – отбасы бюджеті үшін береке, мемлекеттің бюджеті үшін – бәлекет.

Пессимистер қалғымайды

2008 жылғы қаржы дағдарысын дәл болжауымен атағы шыққан америкалық экономист әрі инвестор Питер Шифф "доллардың сөзсіз күйрейтінін" және АҚШ-та жаңа дағдарыс басталатынын осы аптада тағы да ескертті. Fox Business басылымының жазуынша, ол ауқымды экономикалық сілкіністің жақындап келе жатқанын, оның эпицентрі АҚШ болатынын мәлімдеді.

"Доллар құриды, оның орнын алтын басады. Бүгінде әлемдік нарықты теңселтіп тұрған теңгерімсіздіктің көзі – дәл осы америкалық валюта. Трамп АҚШ-тың аяғының шалуда, қазіргі болып жатқан процестерді кезекті жаһандық тұрақсыздық деп қарастыруға болмайды. Бұл – америкалық қаржы дағдарысы. Бірақ бұл басқа экономикалар үшін тиімді болуы мүмкін", – дейді Шифф.

Commerzbank-тің валюталық нарық жөніндегі сарапшысы Тху Лан Нгуен де өз есебінде штаттардың "шыға алмас шыңырауға" құлау қаупіне назар аудартты.

"АҚШ әкімшілігінің болжауға келмейтін, қысқа күнде қырық құбылатын саясатын ескерсек, валюта нарығы тұрғысынан шығу мүмкін болмайтын шыңыраудың туындау қаупі бар. Егер сондай жағдайдың пайда болғанын байқаса, нарық долларды бақылаусыз түрде құнсыздандыра бастайды. Американың қаржыға жауапты тұлғалары жағдайды кері оралтқысы келгеннің өзінде ахуалды тез арада тұрақтандыра алмайды. Соның кесірінен америкалық валютаның ұзақ мерзімді әрі аса қатты әлсіреуі орын алады", – деп жазды сарапшы.

Дегенмен мұндай қара аспанды төндірген сценарийлер әзірге бір маңызды себепке байланысты өмір шындығына айнала алмауы мүмкін. Ол себепті Société Générale инвестициялық банкінің бас экономисі Вэй Яо қысқа әрі нұсқа тұжырымдады: "Дүниежүзінде долларға және долларлық активтерге лайықты балама сол бойы пайда болған жоқ". Егер балама жоқ болса, адамзат одан қалай бас тартады?

Дәл осы фактор ескі әлемдік қаржы жүйесін әзірге "шаңырағының" опырылып, ортаға түсуінен сақтап тұр. АҚШ әлемдегі ең ірі инвестициялық нарық болып қала береді: шетел байларының барлық инвестицияларының шамамен жартысы әлі де америкалық қаржы алаңдарына бағытталады және долларда сақталады. Мұндай ауқымды капиталды қабылдай алатын басқа бірде бір нарық әзірге жоқ.

Бұдан шығар байлам: нарықтардағы көптеген нышан инвесторлардың доллар аймағынан абайлар алыстай беретінін көрсетеді. Бірақ бұл доллардың жетекші әлемдік валюта ретіндегі мәртебесінен түпкілікті айрылатынын, оның дәуірі аяқталғанын білдірмейді.

Керісінше, әлем енді күрделірек әрі көпполярлы қаржылық архитектураға бет алып барады. Доллармен қоштасқан қосымша капитал ағындары алтынға, табысы жоғары дамушы нарықтарға, тұрақты валюталарға бағытталуы мүмкін. АҚШ-пен шектелмей, осы балама құралдарға ставка жасаған инвесторлар ұтады.

Жаңа жүйеде де доллар орталық рөлдің бірін ойнауы ықтимал. Алайда егер Дональд Трамп долларды йо-йо сияқты жұлқылап ойнай берсе, америкалық валюталық нарықты дағдарыс тығырығына тіреп тынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу