АҚШ барған сайын "К" тәрізді экономикаға ауысуда.
Бұл жерде әңгіме экономикалық оқулықтарда кең сипатталған құбылыс жөнінде болып отыр. Ол туындағанда, бай адамдардың экономикалық жағдайы күрт жақсара түседі, ал, төмен табысқа ие халық, керісінше, тіптен кедейлене береді.
Салдарынан, әр жаққа тартқан траектория ақыры К әрпіне ұқсас қос сызық түзеді. Оның жоғарғы ұшы бай отбасылардың ауқаты әрі қарай да тоқтаусыз жоғары өрлейтінін, төменгі пұшпағы қарапайым бұқараның тұрмысы одан сайын төмендейтінін паш етеді.
Қазіргі кезде "К" тақылеттес экономика тек Америкада ғана емес, басқа да елдерде орнауда. Дегенмен, осыған қатысты сұраққа жауап берген АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің (FRS, долларды басатын ұйым) төрағасы Джером Пауэлл америкалық экономиканың "К" сипатына қатысты тезиспен келісті.
"Қазір жиі айтылып жүрген "К тәріздес экономика" ұғымы өзекті бола түсті. Қаржылық есептілікке арналған конференцияларда спикерлерді тыңдап, тұтынушыларға бағытталған ірі компаниялардың есептерін талдағанда, экономикалық теңсіздік туралы пікірлердің көбейгенін байқадым. Экономиканың төменгі бөлігіндегі азаматтар бірінен соң бірі туындаған қиындықтардан әлі де толық айыға алмай отыр. Олар бұрынғыдай көп емес, ең қолжетімді тауарларды алуға мәжбүр. Ал табысы жоғары топтың жағдайы керісінше, жақсарып келеді – олар шығындарын азайтпай, қаржысын еркін жұмсап отыр", – деді Джером Пауэлл.
Осының алдында Moody’s Analytics агенттігі ең жоғары жалақы алатын америкалықтардың, топ-менеджерлердің жалпы шығыстардағы үлесі өсіп бара жатқанына назар аудартқан болатын.
Finam.ru мамандандырылған порталының түсіндіруінше, ауқатты америкалықтарға қор нарығындағы ең қымбат, ең тиімді құралдар қолжетімді. Олар биылғы жылы 17%-ға өсті.
Өз кезегінде Creative Planning компаниясының нарықтық бас стратегі Чарли Билелло соңғы 30 жылдан астам уақыт ішінде астатөк пайда әкелген акциялардың тізімін жариялады.
Қаржыгердің есебінше, 1993 жылы 10 мың долларға сатып алынған Monster Beverage Corp. (MNST) акциялары бүгінде 19,2 млн доллар тұрады. 1997 жылы Amazon.com Inc. (AMZN) акцияларына салынған 10 000 доллар инвестиция бүгінде 17,8 млн доллар табыс әкелер еді. 1993 жылы 10 мың долларға алынған Apple Inc. (AAPL) акциялары бүгінде 9,6 миллион долларға бағаланады.
Бұл жерде қор нарығына инвестициялау өте тәуекелді іс екенін ескерткеніміз жөн. Көптеген акция кейін құнсызданып, оған салынған қаржы босқа күйіп кетіп жатады. Биржада ойнамас бұрын сала мамандарының кеңесін тыңдап, ақылдасқан жөн.
Оның үстіне тапқаны тамағынан артылмайтын, тиынын тиынына әзер жалғап отырған адамдар 10 мың долларды бір компанияның акциясына жұмсай алмайды, әрі 30 жыл алаңсыз күтетін қауқары жоқ.
Бұл тек қоймасына сыймаған ақшасын қайда жіберерін білмейтін байлардың ғана еншісі. Өйткені табысы төмен жандарға қарағанда ауқатты адамдардың әлеуметтік кепілдіктері де көп.
"Олардың төл баспанасы, әдетте, кең сарайлары бар. Нарықтағы кейбір дағдарысты кезеңдерді қоспағанда, виллалардың құны тез өседі. Себебі, нарықта оларға қатысты ұсыныс шектеулі, ал, дүниежүзінде байлар саны көбеюде. Олардың бәрі балаларын, отбасыларын Америкаға қоныстандыруға күш салады. Онымен салыстырғанда, мейлінше аз қамтылған америкалықтардың еңбекақысы аз және жалақысының өсуі инфляция қарқынын қуып жете алмайды. Егер олар жұмысынан айрылса, тұрақсыз еңбек нарығы жаңасын тез табуға мүмкіндік бермейді", – деді Дэвид Голдман.
Таяуда жұмыссыздық жәрдемақысына зәру және оны алуға өтініш берген америкалықтардың қатары 4 жылдық максимумге дейін артып шыға келді. Бұдан бөлек, Құрама Штаттарда баспананы жалға алу құны да еселеп өскен, бұған арендаға берілетін пәтерлерге сұраныстың ұлғаюы түрткі болды. Өйткені АҚШ-та нарықтағы баспана көлемінің азайып қалғаны белгілі болды.
CNN материалында К тәрізді экономиканы қалпына келтіріп, түзету өте қиын екенін нықталды. Оның үстіне Америка экономикасындағы халықты екіге жарған бұл "жолайырықтың" басталғанына да көп болды.
Дональд Трамп сайлау науқаны кезінде: "Маған дауыс берсеңдер, әрқайсыңды байытамын, тіпті ақша санаудан саусақтарың талып, шаршайсыңдар!" деп уәде етті. Бұл уәде тағы да байларға бағытталғанға ұқсайды.
Америкалық телеарна бұл жағдайды президенттік каденциясы тұсында Джо Байден түзетуге күш салғанын сағына еске алады. Пандемиядан кейінгі жылдары Байден әкімшілігі қарапайым жұмысшыларды мемлекеттік қолдауға бірнеше триллион доллар бағыттады. Бұл ең аз табыс табатын жұмысшыларға біраз артықшылық әкелді.
Алғаш рет америкалықтардың әл-ауқат бойынша айырмасы бірер пайызға болса да қысқарды. Жалақының өсуі инфляциядан оза жүрді. Ипотека бойынша пайыздық ставкалар төмендетілді. Несиеге үй алған америкалықтар шығысын төмендету үшін бұрынғы ипотекасын белсенді түрде қайта қаржыландырды.
Мысалы, Medicaid бағдарламасына қарсы бағытталған Трамптың бір ғана заңы 19 миллион адамды медициналық сақтандырусыз қалдырды. Олар тіпті жедел жәрдем шақыра да алмайды, егер әлдеқалай шақыра қалса, бірнеше мың доллар ақы төлеуге мәжбүр болады.
Басқасы түгіл, бүгінде Америкада мемқолдаудан айрылған атақты "Food Bank"-тер жаппай жабылуда, салдарынан үйсіз-күйсіз жандар, босқындар, шетелдік релоканттар және мигранттар тегін үлестірілетін азық-түлік тауарларынан қағылғалы тұр.
Егер Трамп осы реформаларымен экономикадағы жағдайды түзетсе, жөн еді. 2025 жылғы 23 қазанда АҚШ мемлекеттік борышы тарихында тұңғыш рет 38 триллион доллардан асып түсті. Биылғы 15 тамызда ғана 37 триллион межесінде тұр еді.
Сонымен бірге, Трамптың командасы Конгресс арқылы арнайы заңды өткізіп, миллиардерлердің компанияларына салықты төмендетті және салықтық преференцияларды арттырды.
"Әлеуметке бағдарланған экономиканың аяқалысы алысқа бармады. Мемлекеттік ынталандырушы чектер сұйылды, олардың айналасындағы дүрбелең басылды. Экономика бұрынғы траекториясына оралды. Қазіргі кезде ипотека бойынша ставка көп жылғы максимумға жетті. Баспана қолжетімсіз болып барады. Халыққа көмекке келу орнына АҚШ әкімшілігі әлеуметтік қорғау бағдарламаларын кері бағытта жылжытуда. Яғни, жауып жатыр, жәрдемақыларды қиюда, қалған мемлекеттік қолдауды алуға кедергілерді көбейтті", – деп тізбеледі СNN.
Оның сарапшылары көңілсіз байламға келді. Экономика "К" түрінде дамуын жалғастырады және мұндағы әрұдай ұштардың ара-қашықтығы барған сайын тек алшақтай береді.
Айтпақшы, материалда көрсетілгендей, Chipotle бас директоры Скотт Боутрайт кедей америкалықтарға жылына 100 мың доллардан аз табыс табатындарды жатқызыпты.