banner

Америкада банктер жаппай банкрот болуы мүмкін

3341

Саладағы күрделі ахуал криптовалютаға да зиянын тигізген. 

Америкада банктер жаппай банкрот болуы мүмкін Фото: Sophie Park/Bloomberg

АҚШ-та бір аптаның ішінде екінші ірі банк жабылып қалды. Тағы бірнешеуіне қауіп төнді.

Сарапшылар Американың банк саласын ауқымы жөнінен тарихтағы үшінші ірі банкроттық толқыны жапқанына назар аудартып, дабыл қағуда. Жергілікті тұрғындар банктердегі жинағын алып қалуға жүгіріпті. Сондықтан АҚШ Президенті Джо Байден ел алдына шығып, арнайы мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. Ол екі ірі банктің күйреуі Құрама штаттардың банк жүйесіне қатер төндірмейтінін жеткізіп басу айтуға тырысты және клиенттердің банктердегі жинақтарына кепілдік берілетінін уәде етті.  

Дегенмен, АҚШ мемлекеттік реттеуші органдары нью-йорктік Signature Bank-ті жауып тастады. Бұл банк әсіресе, криптовалюта иелері арасында танымал болатын. Олардың қаражаттары "күйіп" кетуі де ықтимал.

Reuters хабарлауынша, Депозиттерді сақтандыру федералдық корпорациясы (FDIC) қаражат қотарыла шығарып әкетілмеуі үшін Signature банкін жауып, өз бақылауына алды. Оның филиалдары Нью-Йорк, Коннектикут, Калифорния, Невада мен Солтүстік Каролинада орналасқан еді.

Қаржылық институт өз бизнесін 9 бағытта жүргізді, соның ішіндегі ірісі – коммерциялық жылжымайтын мүлік, банктік қызмет көрсету, цифрлық активтерге қызмет көрсету болды. Бұл криптовалюта қожайындарының өз тапқан, таянғанын сақтайтын сүйікті орны болатын: 2022 жылдың қыркүйегінде банктің бүкіл депозиттерінің төрттен бірге жуығын криптовалюталық сектор құраған. Банк желтоқсанда биткойн, стейблкойн және басқасымен байланысты депозиттер көлемін 8 миллиард долларға дейін қысқартқанын хабарлады. Жалпы алғанда, онда сақталған депозиттердің жалпы көлемі өткен жылдың соңында 88,59 млрд долларды құрады. Осыдан-ақ қаншама жанның сазға отыруы мүмкін екенін бағамдауға болады.

Бұл банкроттықтан АҚШ-тың болашақ ықтимал президенті де зардап шегуі мүмкін еді. 2024 жылғы 5 қарашадағы президенттік додаға түсетінін жариялаған және Республикалық партиядағы көпшіліктің қолдауына қазірден ие болған Дональд Трамп пен оның отбасы мүшелері бұрыннан дәл осы банкпен істес болып келген көрінеді. Трамптың өзінің жеке шоттарының, бизнесінің есепшоттарының бір бөлігі сонда ашылған. Трамп отбасының бірнеше компаниясын да осы банк қаржыландырып келген. Алайда бұдан біраз бұрын банк Трампқа бұдан былай қызмет көрсетуден бас тартыпты.  

FDIC "араағайын" банк-мұрагерді тағайындады: ол жабылған банктің клиенттеріне өз жинақтарын пайдалануына мүмкіндік береді. Яғни, Signature Bank салымшылары мен борышкерлері автоматты түрде сол банктің клиентіне айналады.

Signature банкінен бұрын Америкадағы аса ірі Silicon Valley банкрот болды. Бұл ауқымы жөнінен АҚШ-тағы екінші ірі банкроттық болып есептеледі. Бұдан бұрын дәл сондай алып қаржылық ұйым – Washington Mutual банкі 2008 жылғы қаржылық күйзеліс кезінде жайрап қалған еді.

Сарапшылар бейіні ұқсас тағы бірнеше америкалық банкке қауіп төніп тұрғанын қаперге салды. First Republic, PacWest Bancorp және Western Alliance Bancorp акциялары қатты құбылған көрінеді.

Калифорния штатының қаржылық реттеушісі аса ірі Silicon Valley Bank-ты тосыннан банкрот деп жариялады. Сорақысы сол, 2022 жылдың соңындағы жағдай бойынша оның бүкіл депозиттерінің 89%-ы немесе 175 млрд доллары сақтандырылмаған болып шықты. Салдарынан, қаншама адам жиған-тергенінен айырылып қалғалы тұр. Бірақ құзырлы органдар осы аптада жинағы сақтандырылмаған азаматтарға да төлем жасалатынын жариялауға асықты. Бірақ оның көлемін атамады.

SVB банкі бүгінде Салымдарды сақтандыру федералдық корпорациясының басқаруына берілді. Оның қалған капиталы қарыздарын өтеуге және өтемақы төлеуге бағытталады.

Reuters мәліметінше, Silicon Valley Bank (SVB) стартап жобаларға инвестиция салумен әуестеніп келді. Ал стартаптардың 90 пайызға дейінгісі табыс әкелетін кезеңге шыға алмай, алғашқы үш жылда банкрот болатыны белгілі. Оның үстіне бұл банкте де көптеген адам криптовалюталарын ұстаған.

SVB жабылуы USD Coin және DAI криптовалюталарының бағамын біраз құлдыратты. Себебі, USD Coin (USDC) криптовалютасын шығаратын Circle Internet Financial компаниясы SVB банкінен резервтерін шығара алмай қалғанын мойындады. Ал DAI криптовалютасының резервтерінің бір бөлігі USDC криптовалютасымен қамтамасыз етіліпті.

Есесіне эмитенті жоқ биткоин бағасы күрт қымбаттады.

Financial Times түсіндіруінше, америкалық аса ірі банктың банкрот болуына біріншіден, мемлекет, екіншіден, азаматтар ықпал еткен. Silicon Valley Bank 91 миллиард доллар депозитті бағалы қағаздарға салады. Содан Федералдық резерв жүйесі (біздің Ұлттық банкке ұқсас) базалық ставканы өсіре қойғанда, салдарынан акциялар, соның ішінде АҚШ қазынашылық облигациялары күрт құнсызданып шыға келген. Соның кесірінен банк 15 миллиард долларға ұтылып қалыпты. Мұны естіген салымшылар жаппай өз жинақтарын әкете бастады.

Файнэншл Таймс бұл банкроттық жоғары технология саласына қуатты соққы болатынын ескертті. Өйткені ол Силикон алқабының басты банкі саналатын.

"SVB банкроттығы цунамидей айналасына тарауы ықтимал. Ол америкалық технологиялық және медициналық-биологиялық компаниялардың жартысының банктік серіктесі болып табылады. Бұл банк соларды венчурлық капиталмен қолдап келген еді", — деп қаперге салды іскерлік басылым.

2008 жылы Washington Mutual банкінің банкрот болуының жаңғырығы ұзақ жылдар бойы сезіліп тұрды: бұл жайт Американың экономикалық өсімін біраз тежеді. Сондықтан реттеуші органдар жекелеген банктің күйреуі қаржылық жүйе мен тұтастай экономикаға зардабын тигізбеуі үшін қағидаларды қатайтты. Соның ішінде банктердің төл капиталына қатысты әлдеқайда қатаң талаптар күшіне енді.

Ендеше АҚШ бұл банкроттыққа біршама дайын. Дегенмен, сарапшылар дәрменсіз жағдайға жетіп, жабылып тынатын банктер саны көбейсе, жүйе де сыр беруі мүмкін деп алаңдайды.

Биржада бірқатар компаниялардың акциялары құлдырады.

Reuters есептеуінше, соңғы екі күнде ғана америкалық банктер 100 миллиард доллар қаражатын жоғалтқан. Тіпті еуропалық банктердің құны шамамен 50 миллиард долларға арзандап шыға келді.

Whalen Global Advisors төрағасы Кристофер Уэлен сияқты бірқатар аналитиктер зардап шегетіндер қатары қалың болады деп болжап отыр. Себебі, соңғы оқиғалар банк секторында жасырын тәуекелдер қордаланғанын паш етті. Олардың бәрі доллар құнының өсуіне төтеп бере алмайтынын байқатып алды.   

Доллардың құны Қазақстанда да жоғарғы қарқынмен өсіп барады. Бұл отандық банк секторына да әсер етуі мүмкін. Себебі, банктер үшін шетелден тартатын валюта мен кредит құны қымбаттайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу