Америкалық инвестордың қамалуына қатысты отандық банк түсініктеме берді

4815

"Kaspi Bank" АҚ Ресейде орын алған оқиға банк қызметіне кері әсер етпейтініне сендіреді.

Америкалық инвестордың қамалуына қатысты отандық банк түсініктеме берді

Қазақстандық банк Baring Vostok инвестициялық компаниясының негізін қалаушы Майкл Калвидің Мәскеуде тұтқындалуына қатысты жағдай таяуда құқықтық өрісте шешіледі деп үміттенеді.

"Аталған оқиға қазақстандық Kaspi.kz компаниясында көрініс бермейді. Негізі, Baring Vostok – 24 жылдан бері ТМД елдері мен Ресейде инвестиция салуда кіршіксіз таза беделге ие, аса ірі халықаралық инвестициялық қор болып табылады. Бізді ұзақ жылғы бірлескен жұмыс пен достық байланыстырады, осы уақыт ішінде Майклдың кәсібилігі мен парасаттылығына күмән келтіруге себеп болатындай бір де бір жайт кездескен емес. Біз осы жағдай жақын арада құқықтық өрісте шешіледі деп үміттеніп отырмыз", – деп түсініктеме берді Kaspi.kz басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе.

Өз кезегінде Baring Vostok компаниясының баспасөз қызметі бұл оқиға Ресейдегі серіктес компаниялардың бірінің акционерімен арадағы корпоративтік даудың өрбуі аясында орын алғанын хабарлады.

Сондай-ақ Kaspi "оқиғаға қатысты ірі мемлекеттік "Ресей тікелей инвестициялық қорының" басшысы Кирилл Дмитриевтің де мәлімдеме жасағанына назар аудартады. Қор жетекшісі Мюнхен конференциясы аясында журналистерді жедел жинап, "жазасын жеңілдетіп, қамаққа алудан босату мақсатында Майкл Калви үшін кепіл болуға дайын" екенін жариялаған болатын. Өйткені оның айтуынша, "Майкл Ресейге инвестициялар тартуға, сонымен қатар көптеген ресейлік компаниялардың құрылуына мол еңбек сіңірген".

Бірақ бұл ресейлік биліктің тоң басқан көңілін жібіте алмады. Айыпталушының ісі сотқа берілген. Бұл ретте Baring Vostok қызметкерлеріне 2,5 миллиард рубльдің мүлкін ұрлады деген айып тағылып отыр.

Америкалық инвестор Майкл Калвиді қоса алғанда, іс бойынша алты адам күдікке іліккен. Атап айтқанда, сот Калвидің серіктестері – Ваган Абгарян мен Филипп Дельпалға қатысты шара қолдану мәселесін шешуді жоспарлауда. Бұлардан өзге, Baring Vostok инвестициялар жөніндегі директоры Иван Зюзин, Алексей Кордичев, Максим Владимиров те ұсталды. Іс бойынша тұтқындалғандардың барлығы 13 сәуірге дейін қамауда отырады.

Мәскеу қалалық сотының ақпарынша, инвесткомпания басшысына қатысты қылмыстық іс Ресей қылмыстық кодексінің 159-шы бабының 4-ші тармағы, яғни "аса ірі көлемде немесе ұйымдасқан топпен жасалған алаяқтық" бабы бойынша қаралуда.

Оқиғаға қатысты РФ үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Антон Силуанов та пікірін білдірді.

"Егер бұл шынымен алаяқтық болса, басқа не айтуға болады: заңды бұзбай, сақтау керек. Қазір істің байыбына барған жөн. Егер факті анықталса, заң бұзушылардың ешқайсысына жеңілдік жасалмайды. Шетелдік болсын, ресейлік болсын, маңызды емес, бәріне заң бұзуға рұқсат жоқ", – деді бірінші вице-премьер.

Тергеу дерегінше, Майкл Калви 2017 жылдың ақпанында "Первый коллекторский бюро" акцияларын "Восточный" банкіне сатқан. Бұл ретте ПКБ-ның 2,5 миллиард рубль қарызы барын тасалап қалған. "Бұл қаражаттардың іс жүзінде ұрлануына әкеліп соқты", – деген байлам жасайды тергеушілер.

Ал Майкл Калви өзіне тағылған айыптарды мойындамады және орын алған жайтты "корпоративтік дау" деп есептейді.

"Baring Vostok"-тан инвестиция алатын кәсіпорындар қатарында "Волга Газ", "Боржоми", "Ozon", "Burren Energy", "СТС Медиа", "Центр финансовых технологий", "Энфорта", "ЭР-Телеком", "1С", "Новомет", "Kaspi Bank", "Avito", "Tinkoff", "Golden Telecom", "Восточный Экспресс Банк", "Европлан" лизинг компаниясы, "Первое коллекторское Бюро" және басқалары бар. Бұлардың бірқатары қазақстандық нарықта жұмыс жасауда.

Сонымен қатар, Baring Vostok отандық Kaspi Bank-тің де ірі акционері болып табылған: 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ол қазақстандық қаржылық ұйымның 39,5% акциясына ие болған. Бірақ өз кезегінде Kaspi.kz биылғы 2019 жылы Лондон биржасында ІРО өткізу ниеті барлығын мәлімдеді.

Жалпы, орын алған оқиға Ресейдің ішкі ісі және төл жаңалығы болып қалатын еді. Алайда кейінгі жылдары отандық қаржылық сектордың шайқалуы аясында елдің жүрегі әбден шайлығып қалғаны құпия емес. Өткен жылы, мәселен, Қазақстан төрт банктен айырылды. Оның үшеуі – Qazaq Banki, Астана банкі және Эксимбанк бойынша мәжбүрлі жою туралы шешім шығарылды. Ал біреуі – Қазком болса, Халық банкінің құрамына қосылды. 

Дегенмен, сарапшылар "Каспи банкінің" қазір еңсесі тік екенін айтады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша ол "ең тиімді, ең табысты, ең  көп салым тартқан" банктердің үштігіне кірді. Рас, Қазақстандағы ең ірі банктердің үштігіне енбейді, бұл қатарда тек "Халық банкі" (активінің көлемі 8,67 триллион теңге), "Сбербанк" (1,89 трлн), "Форте банк" (1,78 трлн) бар.

Жалпы, 2018 жылы тек төрт банктің активі азайып кетті. Нақтырақ айтқанда, Цеснабанк активі 442 млрд теңгедейге құлдырап, жалпы көлемі 1,71 трлн теңгені құраған. AsiaCredit Bank-тікі 43,7 млрд теңгеге қысқарып, 118,24 млрд теңге болды. Bank RBK-да 4,2 млрд теңгеге төмендеп, 590,1 млрд теңгеге түсті. "Қазақстандағы Пәкістанның ұлттық банкінде" 280,56 млн теңгеге азайып, активі 4,76 млрд теңге болды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу