Американың тыйымы Huawei-ді 30 млрд доллар табыстан айырмақ

4288

Қытайдың телекоммуникациялық алыбы АҚШ-тың тыйымы өзін млрдтаған доллар қаржыдан қағатынын алғаш рет мойындады.

Американың тыйымы Huawei-ді 30 млрд доллар табыстан айырмақ

Қытайдың Huawei  компаниясының негізін қалаушы әрі оның президенті Рен Чжэнфэй дүйсенбі күні мәлімдеме жасап, АҚШ әкімшілігі салған тыйымның, анау айтқандай, өз фирмасына жеңіл емес, ауырлау тиетінін мойындады. Оның есебінше, Американың шектеуінен Huawei шамамен 30 млрд доллар жоғалтайын деп отыр. Бұған дейін Қытайдың телекоммуникациялық алыбының лауазымды өкілдері талай рет бұқаралық ақпарат құралдарына комментарийлер беріп, Huawei-дің ештеңеге алаңдамай жұмысын, әдетінше, жалғастырып жатқанын айтқан еді. Сондықтан, Реннің осы жолғы сөзі әлемдік медианы айтарлықтай таң қалдырды.

Америка Құрама Штаттары Huawei-ді ұлттық қауіпсіздікке зиянды деп "қара тізімге" енгізіп, оған америкалық компоненттерді сатуға тыйым салғаны белгілі. Алайда дүниежүзінің ең үлкен телекоммуникациялық жабдық жасаушысы және нөмірі екінші смартфон шығарушысы өз өнімдерінің өзге елдерге қатер төндіретінін үнемі жоққа шығарып келеді.

АҚШ-тың тыйымына байланысты Google мен Британияның чип жасаушы фирмасы - ARM қытайлық компаниямен байланысын шектеді немесе мүлде тоқтатып жатыр.

"Huawei АҚШ-тың соққысы осынша дүлей, осынша өтімді болады деп күтпеп еді. Сонымен қатар, Америка жан-жақтан шабуыл жасайды деп ойлаған жоқпыз. Қазір көптеген компоненттерді ала алмай отырмыз, халықаралық ұйымдардың ісіне қатысудан қалдық, талай университетпен тығыз жұмыс істеуге мүмкіндік болмай тұр, ал Құрама Штаттарда жасалған компоненттерді қолдануға рұқсат жоқ, тіпті сол компоненттерді пайдаланатын желілерге қосылудың өзі қиындап кетті", - деді Рен компанияның Шэньчжэндегі штаб-пәтерінде жасаған мәлімдемесінде.

Бұл сессияға АҚШ-тан екі технологиялық сарапшы - Джордж Гильдер мен Николас Негропонте де қатысты.

Дегенмен ашына сөйлей отырып, Рен өз компаниясының 2021 жылы бизнесін қайта жандандыратынына үміт білдірді.

Huawei былтыр 72,2 млрд юань немесе 104 млрд доллар пайда тапты. Ал, биыл және келесі жылы сол кіріс 100 млрд доллардың төңірегінде болмақ. Бірақ телекоммуникациялық компания осыған дейін 2019 жылғы табысы 125-130 млрд долларға жететіні туралы болжамын жариялаған еді.

Сауда соғысы

Трамп әкімшілігі Huawei-ге санкцияны АҚШ-Қытай сауда келіссөздері тығырыққа тірелгенде жариялап, ресми Бейжіңді негізгі технологиялық бизнесте өзін-өзі қамти алатын күшпіз деп мәлімдеуге мәжбүр етті.

Сонымен қатар, Huawei өзінің Hongmeng атты операциялық жүйесін іске қосатынын мәлімдеп отыр. Ол қазір сынақтан өтіп жатыр және қажет болған жағдайда, тоғыз айдың ішінде қолданысқа енгізілуі мүмкін. Өйткені Американың тыйымына байланысты Huawei гаджеттері Google-дің Android жүйесінің жаңартылған версияларынан ажыратылуға тиіс.

Дегенмен осы индустрияның ішінде жүргендер немесе инсайдерлер Қытайдың чип-жасаушылары Huawei мен өзге де ішкі технологиялық фирмалардың мұқтаждықтарын дереу өтей алатынына күмән келтіріп отыр.

Массачусетс Технологиялық Институтының Медиа зертханасының негізін қалаған Негропонтенің сөзінше, АҚШ-тың тыйымы – қателік болды.

"Біздің президент егер сауда келісімі жасалса, Huawei-ге қатысты әрекетін қайта қарайтынын көпшілік алдында айтқан еді. Сондықтан бұл жерде мәселе ұлттық қауіпсіздікте емес – басқа нәрседе", - дейді Негропонте.

Трамп әкімшілігінің сөзінше, Қытай Коммунистік партиясы Huawei-ді өзге елдерге барлау жасауға пайдаланып отыр. Сөйте тұра, Вашингтон бұл сөзіне әлі күнге дейін ешқандай дәлел келтірген жоқ. Рен болса, үкіметтен бұйрық келсе де, Huawei-дің билікпен өз қолданушылары туралы мәліметті бөліспейтінін атап өтті.

Не болса да, Huawei-дің смартфон саудасы белгісіздікке байланысты құлдырай бастады. Реннің есебінше, оның халықаралық нарыққа шығаратын телефондары 40 пайызға азайған. Ол бұл сауданың қанша уақытта кемігеніне тоқталған жоқ. Алайда оның баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, Huawei-дің бизнесі өткен айда кері кеткен.

Жексенбі күні "Блумберг" агенттігі хабарлағандай, Huawei әлемдік нарыққа смартфон шығаруды 40-60 пайызға қысқартуға әзірленіп жатыр. Компания басшысының мәлімдеуінше, Американың шектеулері қаржылық жағдайға жағымсыз әсер етсе де, Huawei зерттеулер мен даму жобаларына шығынды азайтпайды және қызметкерлерінің санын жаппай қысқартуды жоспарлап отырған жоқ.

Америка бизнесі де дабыл қаға бастады

Америка бизнесі де Трамп әкімшілігінің Қытайға қарсы агрессивтік саясатына қатысты дабыл қағып отыр. Мұнда жүздеген компания, сауда топтары және жекелеген адамдар АҚШ-тың сауда өкілдігіне Қытайдан келетін 300 млрд доллардың тауарына тарифті 25 пайызға көтеруге қарсылық білдіріп хат жолдаған. Ол өнімдерге әзірге импорттық салық өскен жоқ. Айта кетсек, Құрама Штаттарда Қытай өнімдерін саудалау саласында сан мың адам жұмыс істейді. Егер сол тауарлар тариф кесірінен өтпей жатса, бұл сектордың күйі қандай болмақ? Сондықтан, тарифтің қарсыластары әкімшілікпен тіпті соттасуға бар.

Кейбір сарапшылардың ойынша, Құрама Штаттар Huawei-ді "қара тізімге" енгізе отырып, еуропалық одақтастарын сымсыз интернеттің жаңа толқыны -5G-ді орнатарда,  Huawei-дің жабдықтарын қолданудан бас тарттыруды көздеп отыр.

Маусымның 14-інде Huawei бүктелетін смартфонын осы айда емес, қыркүйекте шығаратынын хабарлады. Mate X деп аталатын жаңа гаджетті таныстыру рәсімі биыл ақпанда өткен еді. Алайда компания өкілдері оны нарыққа кешеуілдетіп жету жоспары Вашингтонның санкцияларымен байланысты емес дейді. Samsung компаниясы да "әлі жетілдіру қажет" деген себеппен Galaxy Fold деген "кітап тәрізді" смартфонын сатуды кейінге қалдырып отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу