Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында Уимблдонның ширек финалына шықты

237

Жер жаһанның ең үздік жас теннисшілері бас қосқан турнирде тағы бір қазақ баласы топ жарды. 

Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында Уимблдонның ширек финалына шықты

Қазақстандық жас теннисші Әмір Омарханов Ұлыбритания жерінде ел мерейін асқақтатты. 9 шілде күні ол ресейлік серіктесі Егор Плешивцевпен бірге жасөспірімдер арасындағы Уимблдон турнирінің жұптық санатында ширек финалға жолдама алды. Бұл халықаралық деңгейдегі беделді жарыстағы зор жетістік.

Әмір мен Егор сенімді ойын өрнегін көрсетіп, турнирдің басты фавориттерінің бірі саналатын екінші нөмірлі жұп Тимофей Дерипаско (Ресей) мен Джакопо Васамиді (Италия) екі сетте ұтып кетті – 6:3, 6:2. Матч бар болғаны 1 сағат 11 минутқа созылды.

Бір қызығы, бұл жұп бұған дейін бірлесе көп ойын өткізбеген. Соған қарамастан, олар алаңда үйлесімді ойын көрсетіп, қарсыластарын қапы қалдырды. Енді Әмір мен Егор жартылай финал жолдамасын сарапқа салатын қарсыластарын күтуде.

Дегенмен, матчтардың барлығы да бірдей сәтті бола бермейтіні белгілі. Уимблдон корттарында өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық жұп – Заңғар Нұрланұлы мен Дамир Жалғаспай екінші айналымнан әрі аса алмады. Олар тартысты өткен ойында ағылшын Оливер Бондинг пен америкалық Джаггер Личке 3:6, 6:4, 6:10 есебімен есе жіберді. Соған қарамастан жас спортшылардың батыл ойыны болашақта үлкен нәтижелерге жол ашатыны анық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу