Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) өз жұмысын қайта жүктейтінін жариялады. Осы мақсатта қордың құрамы жаңартылған Қоғамдық-консультативтік кеңесінің алғашқы отырысында ӘМСҚ-ты кезең-кезеңімен өзгерту жоспары ұсынылды.
Сарапшылардың айтуынша, ӘМСҚ-тың басты проблемасы – денсаулық сақтау проблемаларына бей-жай қарайтынында болып тұр. 2020 жылы медсақтандыру жүйесі іске қосылғалы салада бұрын ешқашан болмаған қиыншылықтар басталды.
eGov порталының дерегінше, 2019 жылы, МӘМС енгізілгенге дейін, тегін медициналық көмекке шамамен 1 триллион теңге жұмсалған. Ал, МӘМС енгізілгелі бері денсаулық сақтау саласының шығындары 2,5 еседен астамға артып шыға келді.
2024 жылы медициналық көмекті қаржыландыруға 2,8 триллион теңгеден астам, оның ішінде ТМККК бойынша – 1,6 трлн, МӘМС бойынша – 1,2 трлн теңгеден аса қаражат шығын етіліпті. Осының арқасында Қазақстан "сап-сау ұлтқа" айналса сүйсінуге болар еді. Керісінше, тегін медицина халыққа мүлдем қолжетімсіз болып қалды.
Қордың медсақтандыру аясында қызмет көрсеткен емхана-аурухана алдындағы қарызы 2024 жылы ел тарихында ешқашан болмаған ауқымға жетіп, 200 миллиард теңгеден асып кетті.
Айналдырған бір алып мегаполистің тұрғындарындай ғана халқы бар елімізде 3 миллионнан астам адам МӘМС жүйесінен, тиісінше, медициналық көмектен тыс қалды. Елде өлім-жітім көбейді.
Мысалы, Ұлттық статбюро дерегінше, 2024 жылы 132,9 мың қазақстандық өлген. Бұл 2023 жылғыдан 1,7% көп. Алдыңғы жылы 130,7 мың Қазақстан тұрғыны көз жұмды.
Халықты құтқару үшін Парламентке шұғыл заңдар қабылдап, біріншіден, медицинаны қаржыландыруды ұлғайтуға, екінші жағынан, көмектің кейбір өмірлік маңызды түрлерін МӘМС-тен алып кетуге тура келуде.
Арыға бармай-ақ, мысалға, 2025 жылғы 25 сәуірде Мемлекет басшысы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды.
Оған сәйкес, онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтік зерттеулер кезінде амбулаториялық жағдайда берілетін мамандандырылған медкөмек аясындағы зерттеулер бұл істі жарға жыққан медсақтандыру жүйесінен алып қойылды. Ол енді халыққа тегін көрсетілетін медкөмектің көлеміне (ТМККК) енгізіліп отыр.
Таяуда қорға жаңа басшылық келгені мәлім. ӘМСҚ-ты 2023 жылғы қыркүйектен бері тапжылмай басқарған Павлодар облысының экс-әкімі Әбілқайыр Сқақов көпшілік күткен реформаларды жүзеге асыра алмай, сырқаттардың сенімін ақтамай, ақпанда өз еркімен жұмысынан кетті.
Оның креслосына қонжиған ӘМСҚ жаңа басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов қордың қызметін "жаңғыртуға" ("перезагрузка") бағытталған жаңа бастамалары барын мәлім етті.
"Қаржылық оператор ретіндегі қордың қызметі 4 негізгі блоктан тұрады: бұлар – жоспарлау, сатып алу, мониторинг және төлем. Соңғы екеуі жиі сынға ұшырайды. Сондықтан алғашқы кезеңде, яғни, биылғы 1 шілдеге дейін мониторинг пен төлем төлеу процестеріне қатысты жағдайды түзетуді жоспарлап отырмыз. Бұл процестер айқын бола түседі, автоматтандырылады. Жоспарлау мен сатып алуда түбегейлі реформа жүргізіледі, бұл көп уақытты қажет етеді. Біз оларды жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарладық", – деп уәде етті Құлсейітов.
Бұған дейінгі тәжірибе бойынша ӘМСҚ филиалы қандай да бір жергілікті медұйымның қызметінен "кінәрат" тапса, оның медсақтандыру аясында халыққа көрсеткен қызметіне төлем төлемей қоятын.
Кейбір арыз иелерінің болжамынша, филиал басшылығы өзімен "ым-жымы бір", тіпті төл медұйымдарын ілгерілетеді. Ал, өзгелерден ақау тауып, шөміштен қағады, қаржысын бермейді. Осы арқылы өз бәсекелестерінің дамымай, жабылып тынуына ықпал етеді.
Айдын Құлсейітовті тағайындағанда, Денсаумині осы проблемаға назарын аудартқан. Жаңа басшы бұл бағытта да реформа жасауға кірісіпті. Мониторинг аясында ӘМСҚ сарапшыларын медициналық профильдер бойынша ажыратып, бөліп тастау жоспарланған.
Сонымен бірге, өңірлердегі жемқорлық көріністерімен күресу үшін енді әлеуетті бұзушылықтарды қарау ісі "экстерриториалдық принципке" көшіріледі.
"Басқаша айтқанда, қордың ақпараттық жүйесі ықтимал кемшіліктерді анықтаса, медұйымдар қарсылық білдіріп, оның ақау еместігін дәлелдей алады. Екіншіден, медұйымдардың қарсы дәйектемелерін қордың сол өңірдегі емес, басқа аймақтардағы филиалдарының сарапшылары қарайтын болады. Үшіншіден, егер ұйым сарапшының байламымен келіспесе, қайтара негіз-дәлелдер ұсына алады. Оларды басқа бір өңірдің сарапшысы зерделейді", – деді қор басшысы.
Егер қордың әр сарапшысы бір-біріне қайшы байламдар жасаса, соңғы шешім орталық аппаратта қабылданады. Осылайша, өзіндік үш деңгейлі "апелляциялық инстанция" енгізіледі.
Айдын Құлсейітов осындай ашық, бірақ күрделі рәсімді енгізу төлем мерзімдерінің кешігуіне соқтырмауы үшін "Алдымен төлем – содан кейін мониторинг" моделін енгізуді жоспарлап отыр. Егер қандай да бір емхана немесе клиника көрсетпеген қызметін көрсеттім деп қосып жазса, немесе сапасыз қызмет көрсетсе, ол үшін төленген қаражат келесі есептік кезеңде шегеріліп, ұстап қалынады.
Бұған дейінгі тәжірибеде қор қызмет сапасына мониторинг жүргізіп, оның нәтижелерін талдап, қорытындысын шығарғанша медұйымдар зарыға күтіп отыратын. Салдарынан, көптеген жеке емхана қазақстандықтарға МӘМС аясында көмек көрсетуден бас тартты. Енді, қор басшысы уәде еткендей, олар мониторинг қорытындысын күтпей, ай сайын көрсеткен қызметі үшін медсақтандыру төлемін алады.
Бұдан бөлек, медұйымдар тарапынан қорға айтылатын сын мен шағымдар легінің ең үлкен бір бөлігі ӘМСҚ-тың "сызықтық шкала-линейная шкала" саясатын қолданылуына байланысты болатын.
Бұл кесірлі тәжірибенің мәнісі мынада: қор әрбір емхана, ауруханаға арналған жылдық келісімнің жалпы сомасын қызмет түрлері бойынша ай сайынғы көлемдерге бөліп тастайды. Медұйым сол лимит-көлем аясында ғана әрекет етуге тиіс. Егер көрсеткен қызметі қандай да бір айда көлемнен асып кетсе, қор ол үшін ақы төлемейді.
Бұл да сырқаттарға соққы болды. Өйткені дәрігерлердің айтуынша, Қазақстанда ауру-сырқау ауқымы бір айда көп, бір айда аз болады. Мысалы, халық көбіне, қыста жиі ауырады. Алайда қыстың айлары мен жаздың айларына бірдей лимит бөлінген.
Соның кесірінен қалалық емханалар кейбір айларда бөлінген қаржы көлемін айдың бірінші аптасында тауысып қояды. Кейінгі апталарда келген науқастарға не анализ-талдау тимейді, не оларды КТ, МРТ, УДЗ, рентген және басқа тексерулерге жібере алмайды.
Амалсыз, ақ халаттылар сырқаттың денесінің әр жерін бір қарап, ойына келген рецептті жаза салады. Бұл да айдың-күннің аманында Қазақстанда өлім-жітімнің артуына соқтырды. Сондықтан медұйым басшылары қордан келісімшарттық қаражат сомасын бір жылға беруді сұрайды. Сонда емхана, ауруханалардың өздері халықтың келу легіне қарай қаражатты әр айға өздері бөледі.
Қордың жаңа басшысының айтуынша, сызықтық шкала бір жағынан, қаржылық тәртіпті сақтауға мүмкіндік береді: егер емхана бір жылға бөлінген бүкіл қаржыны бірінші жартыжылдықта жұмсап қойса не болады? Онда екінші жартыжылдықта ұйым жұмысын тоқтатуға тура келеді және пациенттер еш көмек ала алмайды. Екінші жағынан, бұл шкала медкөмекті дағдарысқа ұшыратты, шағымды көбейтті.
"Сол себепті, біз медұйымдардың сұрауына ден қойып, осы құралдың қолданылуындағы икемділікті арттыруға шештік: енді "сызықтық шкала" бір емес, үш айдың қорытындысы бойынша есепке алынады. Яғни, бір айда пациенттер көп жүгініп, шығын жоспардан асып кетсе, ал, екінші айда орындалмаса, екеуі бірін-бірі толтырып, қорытынды сома теңестіріледі. Алайда бұл жұмыстың нәтижесі бәрібір ең алдымен, медициналық ұйымдардың жоспарлау тиімділігіне байланысты болады", – деді ӘМСҚ басшысы Құлсейітов.
Дегенмен, қор жұмысы сыртында ӘМСҚ жүйесінің өзінің проблемалары да сол бойы қордалануда. Мысалы, ШҚО Кәсіпкерлер палатасына арызданған кәсіпкерлер медсақтандыру үшін екі, үш есе басыартық төлем төлейтініне, алайда медсақтандыру аясында емханаларда тиісті медкөмек алмайтындарына шағымданды.
Бүгінде елде жалақының төмендігі салдарынан азаматтарға бірнеше жерде қатар жұмыс істеуге тура келеді. Мұндай жағдайда олар бір жұмыс орнында штат құрамында болса, екіншісіне азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (АҚС шарты) бойынша қызмет көрсетеді, немесе ол үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қызметін, жұмысын ұсынады.
Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі түсіндіргендей, жеке кәсіпкерлер МӘМС қорын қалыптастыруға екі рет – бизнес субъектісі ретінде және жалдамалы жұмыскер ретінде қатысады. Бірақ қор қаржысын олар жалпы негізде ғана пайдаланады.
Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдарының және креативті индустрияның өкілдері кейбір айда бизнес нысаны ретінде ешқандай табыс таппауы мүмкін, соған қарамастан тұрақты жарна төлеуге міндетті.
ӘМСҚ бұл әділетсіздікті түзету үшін ештеңе істемейді және тек Парламент қабылдаған "МӘМС туралы" заңына сілтейді, онда азаматтардың барлық табыс түрінен қорға сақтандыру жарналары мен аударымдары аударылуға тиістігі жазылған.
"Қарапайым азамат бірнеше жұмыста қатар істеу үшін амалсыз жеке кәсіпкерлігін тіркетеді, сол барлық табысынан, бірнеше жұмыс орнынан жарна төлейді. Негізгі жұмыс орнынан ай сайын анықтама әкеліп тұрмаса, әрбір жұмыс орны ай сайын 17 мың теңгеден жарна ұстайды. Жеке кәсіпкерлер бұған қарсы: "Әлеуметтік медсақтандыруда әлеуметтік әділеттілік жоқ. Жүйе әлеуметтік екен, онда жүйеде барлық адам тең болуға тиіс. Біреуі бір рет, біреуі бірнеше рет жарна төлемеуі керек" деп санайды", – деді ӘМСҚ өкілі Ирина Степанова.
Бұл әділетсіздікті қор емес, тек Үкімет пен Парламент қана жоя алады. Ол үшін заңнаманы өзгерту керек. Олар оған бармай отыр.
"Депутаттар заңды өзгертіп, тек арнайы салық режимінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерді – таксист, курьерлерді ғана босатты. Жалдамалы жұмысшы болып істейтін барлық жеке кәсіпкер екінші, үшінші жарнаны төлеуден босатылуға тиіс деп санаймыз! Оның үстіне келесі жылдан бастап, жеке кәсіпкерлерге де салықтық ауыртпалық артқалы тұр", – деді ШҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Алыстан Маратов.