АМЗ жаңа клиенттер іздеп жатыр

2406

Ақтөбе метал құрылғы зауыты  жаңа өнім түрлерін шығармақшы.

АМЗ жаңа клиенттер іздеп жатыр

Өңірдегі металл құрылғылар шығаратын жалғыз кәсіпорын жергілікті нарықта сұранысқа ие болғанына қарамастан, өз өнімін өткізе алмай отыр. Өткен жылы АМЗ қайта акционерлеуден өтіп, 700 млн теңге инвестиция тартқан. Осының арқасында үлкен бір несиеден құтылып, өнеркәсіпке жаңғырту жүргізген.

Алайда зауыттың қазіргі жағдайы мәз емес. Зауыт басшылығының айтуынша, қазір зауыттан шығатын өнімді, яғни әртүрлі металқұрылғы, сэндвич-панелдер секілді өнімдерді өткізу қиын.

 Дағдарыстың салдары
"Металлқұрылғы зауыты – бұл кәсіби бейінді кәсіпорын, сондықтан оның жұмысы нарық жағдаятына тәуелді. Ал нарық үнемі өзгеріп отырады. Осыған орай біздің де жағдаймыз тұрақсыз болып тұр. Бұл – жалпы саланың проблемасы. Бұл кеше ғана туындаған мәселе емес, бұрыннан бар мәселе. Тек қазір мәселе тіпті ширығып, соның бір шешімін табу керек болып тұр. Мұның барлығы дағдарыстың және жүйелі мәселенің салдары. Негізі метал қондырғылары өндірісі ешқашан керемет табыс әкелген емес. ТМД елдеріндегі мұндай зауыттар тіпті банкрот болып қалған.

Қазір өнеркәсіптік құрылысқа әсер етіп отырған макроэкономикалық проблемалар бар. Бүгінде сала дамып жатқан жоқ. Сондықтан тек осы салаға бейімделген кәсіпорын болып қалғымыз келмейді. Тіпті баяу дамып жатқан күннің өзінде кез келген инвестициялық жобаның туындауы бізге, өңірлік кәсіпорын үшін үлкен мүмкіндік. Мұндай мүмкіндік туған кезде біз үлкен табысты кәсіпорын болып шыға келеміз. Ал жоба аяқталып бітісімен, баяғы таз қалпымызға қайтып келеміз. Жалпы өнеркәсіптік құрылыс нарығының беталысы мен динамикасы әзірге көңілден шығып тұрған жоқ. Бірақ та жаңғыртудан өтіп, өндірістік қуатты арттырып қойғандықтан, енді оның орын қалай толтырамыз деген мәселе тұр", – дейді АМЗ бас директоры Александр Александров.  

Мәселе осымен бітпейді, басқа кілтипандар бар. Ақтөбе металқұрылғы зауыты еліміздің батысындағы бірегей кәсіпорын. Бүгінгі күні Ақтөбеде әртүрлі металқұрылғылар мен сэндвич-панелдер қолданылатын бірнеше жоба іске асып жатыр, оның ішінде аяқталып қалғандары да бар. Бірақ та құрылыс компаниялары неге екені белгісіз қымбат болса да, импорттық материалдарды қолданғылары келеді.

Қытайлық компаниялар нысандарды салған кезде барлығын өз елінен әкеледі. "H+H" чех-словакия компаниясы МЖӘ аясында жалпы құны 8,5 млрд еуро тұратын мұз сарайын салып жатыр. Олар тек жабдықтарды ғана емес, барлық құрылыс материалын да Еуропадан тасуда. Ал құны 480 млн теңге болатын хоккей модулін салып жатқан "КТП" ЖШС болса ресейлік металқұрылғылар мен сэндвич-панелдерді қолданған. Мұндай құрылыстың арзан болмасы анық. Бұл жердегі ақшаның жартысы инвестордікі, ал қалғаны бюджеттің ақшасы.

Ал АМЗ болса өз өнімін өткізетін нарықты басқа өңірлерден қарастырып  жатыр. Тіпті Өзбекстандағы бір оңтүстік кореялық фирмамен келісімшартта жасап қойған.

Маңызды оқиға
Айта кетерлігі, АМЗ Ақтөбедегі автокөлікке жанар-жағармай құятын және газтолтырғыш станциялар салу тендерін ұтып алған.

Зауыт басшылығы "ҚазТрансГаз Өнімдері" ЖШС-мен бас мердігер ретінде қызмет көрсетуге келісімшарт жасады. Келісімнің шарты бойынша зауыт технологиялық жабдықты жеткізеді, сондай-ақ  қосалқы мердігерлік ұйымдарды тарту арқылы құрылыс жұмыстарын жүргізеді.

"Бұл тендер – Ақтөбе металқүрылғы зауытының экономикасын қалыпқа келтіру үшін жақсы мүмкіндік. Келісімшартқа қол қою екіұштылықтан құтқарады. Зауыт алдағы төрт айда қандай ақша түсетінін жоспарлай алатын болады. Тендерді ұтып алу – кәсіпорын үшін үлкен жетістік. Тендер алу өте маңызды, өйткені іске асыратын шаруамыздың барлығы осыған келіп тіреледі. Тендер осы уақытқа шейін шеше алмай отырған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді", – деді Александр Александров.

Кәсіпорын бас директорының айтуынша, зауыт өзін нысандарды салудағы кешенді міндеттерді шешетін ресурстар мен әлеуетке ие құрылыс компаниясы ретінде танытпақ.

"Біздің салайын деп отырған нысан технологиялық тұрғыдан жаңа нысан екенін айтқым келеді. Бұл станция өңірдегі алғашқы, ал Қазақстан бойынша бірегей нысан болмақ. Ол энергетика мен көлік саласында  жаңа бағытты ашуы мүмкін. Өңірдегі жаңа жобаның бастауында болу біз үшін өте маңызды", – деді АМЗ бас директоры.

Серпінді жоба
Бұл – серпінді жоба. Сұйытылған газды қолданғанның орнына сығымдалған табиғи газды қолдану автокөлікке арналған газ тапшылығын шешуі мүмкін.

Еске сала кетер болсақ, былтыр және биыл Ақтөбеде автокөліктерге арналған сұйытылған газ мәселесі үлкен қиындық тудырған болатын. Ал табиғи газға қатысты проблема жоқ.

Табиғи газ 250 атмосфераға дейін сығымдалып, автокөліктерге құюға пайдаланылады. Бұл технология сұйытылған газ алу технологиясына қарағанда мүлдем басқа. Оның бірқатар техникалық және қаржылық аспектілері бар. Сол себепті автобус паркінің жартысын сығымдалған газға көшіруге шешім қабылданды. Яғни автокөліктерге жанармай ретінде табиғи газды қолдану экономикалық жағынан тиімді. Бұл станция қазан айында іске қосылуы керек.

Бұдан әрі не болады?
Сондай-ақ зауыт қарап отырғанша деп премиум-санатты темір есіктер шығара бастаған.

"Металқұрылғылар нарығының "қайта тірілгенін" күтпей-ақ, жаңа бағыттар мен жаңалықтарды қарастырып жатырмыз. Кәсіпорынның жұмысы тек мемлекеттік деңгейдегі міндеттерді шешіп қана қоймайды. Газтолтырғыш станциясын салу жергілікті жоба екенін түсінеміз. Бұл жоба қыркүйек айында аяқталады. Оның артынша бастап кететін жобамыз жоқ. Бұл жоба тек қысқамерзімдегі проблеманы шешеді. Ол біздің міндетіміз – орташа және ұзақмерзімді тұрақтылықты шешу. Бұл үшін тұтыну нарығы өнімдерінің жиынтығын игеруіміз керек", – дейді Александр Александров.

Зауыт басшылығы жаңа өнімді шығарумен тек отандық қана емес, сондай-ақ ресейлік нарыққа шығуды көздеп отыр.

Гүлназ Ермағанбетова, Семен Данилов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу