Аналарға төленетін төлем күрт төмендетіліп жатыр

433

Еңбек министрлігі бұған бармаса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры банкрот болуы мүмкін екенін ашық мәлім етті.

Аналарға төленетін төлем күрт төмендетіліп жатыр Фото: canva

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда демографиялық күйзеліс басталды. Бала туу саны республикада жыл сайын құлдырауда.

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, қазақстандық отбасыларда 2021 жылы 445 875 сәби дүние есігін ашса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 403 893, 2023 жылы – 388 428, 2024 жыл қорытындысында 365 923 балаға дейін азайып кеткен.

Салдарынан Қазақстан 2010 жылғы деңгейіне бір-ақ құлады: 2010 жылы елде 367 785 бала өмірге келген болатын.

Статистикашылар биыл да құлдырау жалғасатынын білдірді. Өйткені бала туу бойынша салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіш соңғы рет 2024 жылғы шілдеде тіркеліпті: 33 304 бала дүние келді. Содан бері көрсеткіш әрі қарай құлдырауда және кейінгі айлардың бірде бірі былтырғы шілденің аласа биігіне де жете алмады.

Биылғы кейінгі екі тоқсанның қорытындысына қарасақ, 2025 жылғы сәуірде – 28 766, мамырда – 27 451, маусымда – 27 675, шілдеде – 30 729, тамызда – 27 975, қыркүйекте – 29 371 бөбек туылыпты. Ендеше 33 мың түгіл, тіпті 30 мыңдық меже де қол бұлғап, алыстап бара жатқанға ұқсайды.

Әлеуметтік желі мен аналар форумындағы пікірлерден байқалғандай, қазақстандық әйелдердің бала туудан бас тартуына немесе мұны кейінге қалдыруына негізгі себептер қатарында жалақының, табыстың азаюы, ипотека берудің тоқтатылуы немесе қолжетімсіз болуы салдарынан баспаналы болу арманының алыстауы, сондай-ақ декреттік төлемнің қатты азайтылуы аталды.

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың басынан бері мемлекеттік жәрдемақылармен, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) бала тууына және баланың 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты жалпы сомасы 692 миллиард теңгені құрайтын төлемдермен 508 мың адамның қамтылғанын жариялады.

Салыстырсақ, Еңбекминінің мәліметінше, 2024 жылы 504,4 мың адамға жалпы сомасы 895,3 млрд теңге төленген еді.

Бір қарағанда, 692 млрд деген де үлкен сома. Алайда осы миллиардтарды 508 мың адамға бөлгенде жыл басынан бері әр адамға 1 362 000 теңгеден, айына – небәрі 136,2 мың теңгеден келеді. Мұның ішінде бала туғанда берілетін жәрдемақы да, сондай-ақ 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақы да бар.

Аналарды қатты алаңдатып отырғаны – ұзақ уақыт бойы әрі ай сайын МӘСҚ-ке әлеуметтік төлем төлеп келген жұмыс істейтін және кәсіпкер әйелдерге бала тууына байланысты осы қордан төленетін біржолғы төлем көлемінің бұрынғыдан бірнеше есе азайтылып тастауы болды.

"Жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. Аталған біржолғы төлемді жыл басынан бері жалпы сомасы 245,3 млрд теңгеге 175,1 мың адам алды. Соның ішінде қазан айында 17,4 млрд теңге сомасына 17,8 мың адам алды", – деп мәлімдеді Еңбекмині.

Яғни, өткен қазан айында аналар бір жолғы төлем ретінде орта есеппен 977,5 мың теңгеден ғана алыпты. Бұрынғы жылдардағыдай аналар 4 миллион, тіпті 2-1,5 миллион теңге төлем алған бай-бақуатты заман артта қалғандай.

Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары жасырмайды. Оның үстіне төлемдер әрі қарай азая беруі, тіпті мүлдем тоқталуы ғажап емес екенін меңзеді. Бұл туралы министрліктің реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында жазылған.

Себебі, әлеуметтік сақтандыру жүйесі "теңгерімсіздікке" ұшырапты. Ведомство бұл дағдарыстың бірнеше себебін атады.

"Осы теңгерімсіздікке соқтырған негізгі себептерге мыналар жатады: біріншіден, жұмыс берушілердің еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені азайту мақсатында, 2018-2024 жылдар кезеңінде жұмыс істейтін қазақстандықтардың табысынан ұсталатын әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесі 3,5%-ға дейін төмендетілді. Екіншіден, 2020 жылы COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдайдың қолданылу кезеңіне арнайы төлем төлеуге бюджеттен емес, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының инвестициялық портфелінен 497 млрд теңге алып қойылды", – деп түсіндірді Еңбек министрлігі.

Үшіншіден, ведомство Үкімет қабылдаған шешім мен Парламент құптаған заңға сәйкес, бала күтіміне берілетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау ұзақтығы 1 жастан енді 1,5 жасқа дейін ұлғайтылғанын, сонымен бірге МӘСҚ-ке бұдан келетін шығынның орнын толтырудың тетігі еш қарастырылмағанын жеткізді.

"Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығына қатысты әлеуметтік әділеттілік қағидаты бұзылды. Бұл таяу арада жүйенің өз қатысушыларына сақтандыру төлемдерін төлеуді қамтамасыз ете алмауына соқтырады. Сонда оларды мемлекеттік бюджет қаражатынан қаржыландыру қажет болады, ол үшін ағымдағы және болашақ төлемдер бойынша міндеттемелерді мемлекет пен бюджет мойнына жүктеу талап етіледі", – делінген меморганның әлгі аталған құжатында.

Еңбекминінің актуарлық бағалаулары көрсеткендей, жүйенің қаржылық тұрақтылығының бұзылуы 2025 жылы күш алды.

"Бұл міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары алдында міндеттемелерді орындаудың мүмкін еместігіне әкеледі, әсіресе еңбек қабілетін жоғалту және асыраушысын жоғалту бойынша ұзақ мерзімді міндеттемелерге нұқсан келеді. Мұндай азаматтардың саны 2050 жылға қарай 700 мың адамға дейін артады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 170 мың адамды құраған", – деп мәлім етті министрлік.

Осыған байланысты министрлік 2 жылдан бері сәби сүйген аналарға МӘСҚ-тен төленетін төлемді есептеу кезінде назарға алынатын табыс көлемін 7 ең төменгі жалақымен (1 ЕТЖ 2025 және 2026 жылдары 85 мың теңгеге тең) – жалпы көлемі 595 000 теңгемен шектеп тастады. Салдарынан, әйел болмысты қазақстандықтар қанша жерден миллиондаған теңге табыс тауып, астатөк жалақы алып келсе де, соның ішінен тек 595 000 теңгесі ғана есепке алынады.

Қаржыгер Дана Жарлығапова жұмыс істейтін және кәсіпкер әйелдердің құқығының бұлайша шектелуін біраздан мәселе етіп көтеріп келеді.

"ЖБӘТ (жүктілік пен босануға арналған әлеуметтік төлем) есептелуі мүмкін ең жоғары жалақы 7 ЕТЖ-дан аспауға тиіс деген шектеу әйелдерге қатысты әділетсіздікті орнатты. Қазіргі қиын-қыстау заманда әйел азаматтар отбасын асырау үшін 2–3 жерде дамылсыз жұмыс істеуге мәжбүр. Соның бәрінен әлеуметтік аударымдар ұсталып, МӘСҚ-ке аударылады. Мұнда аударылатын аударымдардың жалпы көлемі 7 ЕТЖ-дан асып кетеді. Егер қор 7 ЕТЖ-дан артық табысын есепке алмаса, онда аударым ұсталатын жиынтықты табысын да сол 7 ЕТЖ-мен шектесін. Әйтпесе бұл әділетсіздік қой!", – дейді қаржыгер.

Алайда Еңбекмині де, қор да "алаған қолым береген" деген ізгі даналық өзіне жат екенін аңғартты. Олар әділеттілік дегенді басқаша түсінеді.

"ЖБӘТ-тің ең жоғарғы мөлшерін 7 ЕТЖ-нің 40%-ынан аспайтын мөлшермен шектеу бірінші кезекте бұл төлемнің әлеуметтік бағдарлануымен байланысты. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылғы ІІІ-тоқсанда Қазақстандағы орташа жалақы 429 368 теңгені құрады. Әйелдердің орташа жалақысы 344,5 мың теңгедей. Бұл әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің ең жоғарғы мөлшерінен (595 мың теңгеден) екі есе аз. Осылайша, аталған шектеу әйелдердің басым көпшілігіне кесірін тигізбейді", – делінген Еңбек министрлігінің қаржыгер Жарлығаповаға қайтарған жауабында.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанда жоғары жалақы алатын әйелдердің үлесі әлеуметтік төлем алушылардың небәрі 4-5%-ын құрайды. Олардың құқығын бұзу әділетсіздік болмағаны ма?

Қаржыгер Дана Жарлығапова босанған аналарды қолдауға бағытталған жүйенің тағы бір кінәратына назар аудартты. Қолданыстағы заңнама бойынша егер декретте отырған ана тосыннан табыс тапса, онда оған жәрдемақы төлеу дереу тоқтатылады.

Мемлекет мұндай жағдайда бала күтімімен отырған ананы "жұмысқа шықты" деп есептейді. Яғни, шенеуніктер "бала күтімі бойынша жәрдемақы сәби 1,5 жасқа толғанға дейін төленеді" деп көлгірсігенімен, өмірде олай бола бермейді, кез келген мезетте доғарылуы мүмкін.

Қаржыгер бір мысал келтірді, әйел бала туғанға дейін ЖШС (ТОО) мен АҚ-ына (АО) қатар жұмыс істеген. Бұдан бөлек, оның жеке кәсіпкерлігі (ИП) болған. Бала туғаннан кейін әлгі әйел солардан алып келген миллиондаған табысын жоғалтқанына қарамастан, мемлекет біржолғы төлем тағайындау кезінде тек 7 ЕТЖ (595 мың теңге) табысын ғана есепке алды.

Әйел амалсыз соған келісті. Сондай-ақ тиісті құжаттар пакетін жинап ұсынып, ай сайын баланың 1,5 жасқа дейінгі күтіміне азды-кем жәрдемақы ала бастады. Басқа ешқандай табысы жоқ. Тосыннан дара кәсіпкер ретінде бұрын көрсеткен қызметі үшін уақытында төленбеген 200 мың теңге ақысы шотына түседі. Осыдан кейін балаға жәрдемақы төлеу тоқтатып тасталған.

"Бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын төленетін жәрдемақы бойынша табыстың туындауына, сондай-ақ сақтандыру жағдайының болуына немесе жойылуына қатысты мәселені мемлекет жүйелі түрде шешсе деймін. Бұл жағдайда аналарға қатысты асыра сілтеуді, қаталдықты доғарып, сайма-сай шешім қабылданғаны жөн. Өйткені МӘСҚ қызметкерлері салықшылар сияқты қатал әрекет етіп, тырнақ астынан кір іздей бастады. Әлеуметтік аударым бойынша 50 теңге берешегі үшін жұмысшы әйелдің барлық шотын бұғаттап тастаған жағдай болды", – дейді Жарлығапова.

Бұрынғы қазақстандық дәрігер Салтанат жұмыс тапқан ерімен бірге Өзбекстанға көшіп кетіп, сол елдің азаматтығын алды, шамалы жұмыс істеді. Қазіргі кезде декретте үйінде отыр.

"Өзбекстанда декреттік төлем Қазақстандағыдай 1,5 жыл емес, 3 жыл бойы төленеді. Бұл әйелдерді бала тууға және бала күтімімен отыруға ынталандыру үшін жасалған. Әрі қарай елдегі әрбір баланы қорғау үшін ол 18 жасқа толғанша басқа бір жәрдемақы беріледі. Менің 5 балам бар. Бәріне аламын. Жәрдемақылар өмір сүруге, азық-түлікке, киім-кешекке, тіпті саяхаттауға жетеді. Қазақстанға қарағанда бізде баға көп арзан екенін ескерерсің", – деп сендірді Салтанат.

Сонымен, Өзбекстанда балаларға 2025 жылы келесідей жәрдемақы төленеді екен:

егер тұңғыш баласын туса, ол үш жасқа толғанға дейін ай сайын – 360 000 сум (бұл шамамен 18 000 теңге) төленеді;

егер екінші баланы туса, ай сайын – осы 360 мың сумға қоса 165 000 сум (шамамен 26 мың теңгедей) үстемеленеді;

үшінші және одан кейінгі балаларға 360 мың сумға қосымша 110 000 сумнан төленеді;

3 жастан 18 жасқа дейін әрбір балаға – ай сайын 275 000 сумнан аударылады;

Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек ретінде ай сайын 420 000 сумнан беріледі.

Салтанаттың отбасында тек күйеуі ғана жұмыс істейтіндіктен, ол осы көмекті де алады екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу