Ананы көру: Қазақстанда нәрестелерге күрделі офтальмологиялық оталар жасала бастады

1530

Ана баласының көзін алғаш рет көрген кез – бұл ғажайып сәт. 

Ананы көру: Қазақстанда нәрестелерге күрделі офтальмологиялық оталар жасала бастады Фото: AYALA

Әсіресе, егер дәрігерлер баланың көретініне мүлдем сенімді болмаса. Алматыда осындай ғажайып шындыққа айналды: мұнда ең кішкентай әрі осал – шала туған балаларға көру мүмкіндігін беретін бірегей оталар жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сәт сайын өрбитін ауру

31 наурыз бен 3 сәуір аралығында Алматы қаласының Балалар шұғыл медициналық көмек орталығында ерте витрэктомия бойынша халықаралық шеберлік сыныбы өтті. Алматыда алғаш рет мұндай араласуларды әлемге танымал үндістандық офтальмохирург – профессор Нихил Палдың басшылығымен отандық офтальмологтар жүргізді. Оның келуін "Мейірімділік" ерікті қоғамы" қоры ұйымдастырды.

Төрт күн ішінде Астана, Алматы және Шымкенттен келген бес офтальмолог 75 баланы қарап шығып, еліміздің 12 өңірінен келген 14 балаға 20 ота жасады. Ең кішкентай науқас 3 айлық жаста. Барлығында – ата-анасының жүрегін ауыртатын диагноздар: шала туған нәрестелердің ретинопатиясы, Коатса ретиниті және көр торының басқа да күрделі патологиялары. Бұл шұғыл медициналық көмексіз толық және қайтымсыз соқырлыққа әкелуі мүмкін көз торының ауыр сырқаттары.

"Шала туған нәрестелердің ретинопатиясы – бұл күн сайын емес, сағат сайын өрбитін ауру. Кешіктірсеңіз, бала толығымен соқыр болып қалуы мүмкін. Сондықтан профессор Нихил Палдың шеберлік сыныбы тек жаңа нәрсеге үйрету ғана емес. Осы күндердің бәрінде біздің офтальмологтар одан анасының жүзін көру үшін, балалық шағы жарқын, қозғалысқа, кітаптарға, арманға, жеңіске толы болуы үшін үздік тәжірибе алды", – дейді медицина ғылымдарының кандидаты, неонаталдық офтальмохирург және "Әлемді көремін" жобасының авторы Әсел Шарипова.

Алматыдағы озық офтальмологиялық технологиялар

Соңғы 10 жылда Қазақстанда неонаталдық офтальмологияда елеулі прогреске қол жеткізілді: ерте диагностика хаттамалары енгізілді, 40-тан астам офтальмолог оқытылды, өңіраралық командалар құрылды. Алайда, таяу уақытқа дейін ондаған қазақстандық отбасылар қажетті хирургиялық көмек алу үшін балаларын шетелге – Түркияға, Үндістанға, Ресейге апаруына тура келді. Тек соңғы екі жылда ғана 160-тан астам балаға шетелде ота жасалды: Алматыда жай ғана ерте витрэктомия сияқты күрделі ота жасалмады. Енді мұндай оталарды жасауға қажетті нәрсенің бәрі Алматыда бар.

Профессор Палдың шеберлік сыныбында тереңдетілген оқудан кейін қазақстандық офтальмологтар барлық қажетті білім мен әдістемелерді меңгерді. Ең бастысы – Балалар шұғыл медициналық көмек орталығында осындай күрделі оталарды ең кішкентай пациенттерге де жасауға мүмкіндік беретін арнайы жабдық орнатылды.

Орталықта орнатылған Constellation Vision жүйесі – бұл озық офтальмологиялық хирургиялық қондырғы, ол тәжірибелі дәрігерлердің қолында болса, тіпті ең кішкентай пациенттердің де көруін қалпына келтіре алады. Жабдық көз микрохирургиясы бөлімшесіне AYALA қорының "Әлемді көремін" жобасы аясында "Шеврон" компаниясымен серіктестігінің арқасында берілді.

"Бұл шеберлік сыныптарында ең бастысы, енді ата-аналарға балаларын шетелде емдетуге ақша іздеудің қажеті жоқ. Қазақстанда жоғары технологиялық хирургиялық көмек қолжетімді болды. Біз барлық серіктестерге, әсіресе "Шеврон" компаниясына балалар офтальмологиясын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтамыз. Бұл әрбір баланың көру қабілеті сақталған бақытты балалық шаққа мүмкіндігі бар жүйеге жасалған қадам", – деп атап көрсетеді AYALA қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.

"Енді біз балалардың көру қабілетін өз үйімізде сақтап қала аламыз"

Арай - "шала туған нәрестелердің ретинопатиясы" диагнозы бар екі баланың анасы. Оның ұлы Нұрислам 2,5 жаста, оған алты ота, оның үшеуі – Екатеринбургте жасалды.

"Оң көзі мүлдем көрмейді, ал сол көзі жартылай сақталған. Алматыда осындай оталар жасала бастағанын білгеннен кейін бірден келістік. Бұл жолы көретін көзге ота жасалды, қалған қабілетті сақтау маңызды болды. Қазір үйде отырамыз, тамшы тамызамыз, денсаулықты қалпына келтірудеміз", - дейді Арай.

Ол сонымен қатар 7 жастағы үлкен қызы Нұрайды емдеуге көрсетілген көмек үшін алғыс білдіреді:

"Бұған дейін біз Алматы қаласындағы түрік клиникасында ақылы негізде ота жасаттық. Бұл біздің отбасымыз үшін өте қиын болды. Ал енді бізге әлемдік маманның заманауи жабдықтарымен тегін ота жасалды. Бұл баға жетпес көмек".

"Бірнеше жыл бұрын біз Қазақстанда медициналық көмектің осындай деңгейін армандайтын едік. Ал қазір осындай күрделі оталарды өзіміз жасаймыз. Бізде білім, құралдар және өз үйімізде, Қазақстанда балалардың көру қабілеті үшін ең жоғары деңгейде күресе алатынымызға деген сенімділік бар. Серіктестеріміз бен әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз. Біз балалар медицинасының болашағын бірге өзгертеміз", - дейді Балалар шұғыл медициналық көмек орталығының офтальмолог-дәрігері Мұқасан Бердіхан.

Оны әріптесі Гүлзат Әбдірайымова қолдайды:

"Жаңа туған нәрестелердің, әсіресе шала туған балалардың көру проблемалары – әрқашан сын-қатер. Шала туған нәрестелердің ретинопатиясы жедел реакцияны ғана емес, сондай-ақ мамандардың және қазіргі заманғы жабдықтардың жоғары даярлығын талап етеді.

"Шеврон" компаниясына Constellation Vision System үшін ерекше алғыс білдіреміз. Ол бізге тіпті ең кішкентай пациенттерге де жоғары технологиялық, үнемді және тиімді оталар жасауға мүмкіндік береді – бұрын шетелде ғана мүмкін болатын. Өткен жылы Үндістанда профессор Палдан тереңдетілген білім алу және оның осы жылы Алматыда өткен бірегей шеберлік сыныбы бізге баға жетпес білім мен тәжірибелік дағдыларды берді. Бұл нағыз серпіліс", - деді ол.

Алматыда төрт күн ішінде дәрігерлер ондаған ота жасады. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен келген отбасыларға үміт сыйлады. Анасының көзін алғаш рет көретін балаларға көмектесті.

Бұл тек бастамасы ғана. Қазақстанда жыл сайын 20 000-нан астам нәресте шала туылады, олардың 4 000-ға жуығы ретинопатия бойынша жоғары қауіп тобында. Жаңа технологиялар мен дайындалған мамандардың арқасында бұл бүлдіршіндердің көру қабілетін сақтап, әлемді жарқын түспен көру мүмкіндігі туды.

Бұл балалар офтальмологиясында алға басқан қадам ғана емес. Бұл Қазақстандағы әрбір баланың өз арманын жүзеге асыра алуы үшін жасалған қадам.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу